Түбі бір түркінің қасиетті шаңырағы

4

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды.

Президенттің өңірге сапары түркі дүниесінің рухани әрі тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Мемлекет басшысы кесене аумағында жерленген ғұлама Қожа Ахмет Ясауи мен басқа да әйгілі тарихи тұлғалардың рухына тағзым етті. Президентке «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Түркістан облысының жұртшы­лы­ғымен кездесті. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның және Түркістан өңірінің негізгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталып, алдағы даму бағыттары мен стратегиялық міндеттерді атады.

– Ең алдымен, баршаңызды Ұлыс­тың ұлы күні – әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін ата­жұртымыздың алтын бесігі – Түркістан шаһарына тағзым ету үшін арнайы келіп отырмын. Ризамын.

Менің Түркістанға ықыласым ерекше екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды осы өлкеден бастадым. Түркістан – түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы. Бұл – халқымыздың болмыс-бітімі, қайсар рухы, теңдессіз мәдениеті және елдік дәстүрі көрініс тапқан киелі жер. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасы – шежірелі шаһардың рухани қазынасы. Әзірет Сұлтан кесенесі – түркі әлемінің бере­келі тұтастығының символы. Төл тарихымызда есімі алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаларымыз осы жерде мәңгілік мекенін тапқан, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Түркістан – Қазақ ханды­ғының саяси орталығының бірі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл өңірде ұлтымыздың тағдырын айқын­даған аса маңызды шешімдер қабыл­данды.

Ордабасы жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ел болашағына айрықша әсер еткен үлкен Құрылтай өтті. Бұл бірегей жиынның мән-мағынасы аса ерекше. Құрылтайда үш жүздің билері және игі жақсылары түгел бас қосып, бір тудың астына жиналды. Ұлт бірлігінің арқасында батыр бабаларымыз Аңырақай шайқасында тарихи жеңіске жетіп, бүкіл сырт елдерге қазақ елі тұтастығының күшін паш етті. Осындай елдік пен ерлік дәстүрі ешқашан үзілген емес.

– Біз де тарих жолын жалғастырып, елімізде төрелі жиын, төбелі басқосулар өткізіп келеміз. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістанда өткенін жақсы білесіздер. Мен осы жерде «Адал азамат» тұжырымдамасын алғаш рет жарияладым.

Мамыр айының ортасында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының аясындағы тиісті мемлекеттер басшыларының ең жоғары деңгейдегі жиыны жоспарланып отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін өте маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік осы жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек. Көне шаһардың бірегей тарихи келбетін сақтау, мәдени мұрасын қорғау және жалпы осы облысты тұрақты дамыту – еліміз үшін маңызы зор міндеттердің бірі. Мен өзім Мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін.

Бір жыл бұрын Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы арнайы Заң қабылдадық. Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Түркістан облысының негізгі салалар бойынша жетістіктеріне тоқталып, әлі де бір қайнауы кем іс-шараларды пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ, елдегі өзгерістер туралы айтты.

– Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ. Соған байланысты шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырды. Олар Қазақстан конституциялық реформаға жаңаша көзқараспен қарап, кең ауқымды өзгерістер жасағанын, еліміз Конституцияның мән-мазмұнын өзгертіп, мүлде жаңа тұрпатты ел болғанын айтып жатыр.

Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз еліміздің жарқын болашағы үшін, яғни, жас ұрпақтарымыз үшін тарихи таңдауын жасады. Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды.

Конституция – мемлекетіміздің болашағына бағдар болатын, ұлттық мақсат-мұратымызды айқындайтын аса маңызды құжат, темірқазық. Мұны да ақиқат ретінде бүкіл дүние жүзіндегі қауымдастық мойындап жатыр. Референдумға жұртшылық өте белсенді қатысты, бұл да қуанарлық жағдай. Осы сайлау науқаны ырысты ынтымағымызды паш етті. Бұл да өте маңызды үдеріс. Өйткені біз азаматтарымыздың отаншылдық рухын айқын сезіндік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы және бір сөзінде нағыз отаншыл азамат дегеніміз, бұл – ең алдымен өз жұмысын адал орындап, адал еңбек етіп жатқан адам екенін айтты. Адал еңбекпен келген табыс берекелі болады. Жалқау, еріншек адам ешқашан отаншыл азамат бола алмайды. Қоғамымызға жалаң ұран, бос әңгіме, құрғақ уәде, қызыл сөз керек емес, нақты іс қажет. Отаншылдық дегеніміз – әдемі сөз сөйлеп, жұрт алдында керемет болып көріну емес, бұл – ең алдымен елге пайда әкелу, Отанға деген адалдықты нақты іспен көрсету.

– Балабақшада, мектепте, университетте, ғылым институтында, емханада, өндіріс мекемесінде, сауда және қызмет көрсету орындарында, тіпті, мемлекеттік қызмет пен әскери саланың өзін айтпағанда, барлық саладағы басты құндылық – адал еңбек, адал қызмет болуға тиіс. Осы мақсатпен өткен жылды бүкіл ел болып жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге, оларға құрмет көрсетуге арнадық. Бұл кезекті науқан емес, мемлекеттік идеологияның бір бөлігі, сондықтан осы жұмыспен үнемі айналысуымыз керек.

Жұмыстың жаманы болмайды. Адал жұмыстан ұялудың ешқандай қажеті жоқ. Еңбектің бәрі қадірлі. Бұл даналықты жастардың бәрі жақсы түсінуі керек. Еңбекқорлық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық. Ілгерілеу, яғни, прогресс елімізге арнайы шақыру бойынша құрметті қонақ болып келмейді, құнды сыйлық ретінде берілмейді. Ілгерілеуге қол жеткізу үшін бүкіл қоғам бір ұжым болып табанды, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар ілгерілеу, өрлеу дегеніміз – жоғары технологиялар немесе ғылым саласындағы жетістіктер ғана емес, бұл – әрбір саладағы жаппай қажырлы еңбектің нәтижесі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, қоғамды ілгерілеуге, әділетті жолға бастайтын заң мен тәртіп туралы да пайымды пікір қозғады.

– Мен неліктен Заң мен тәртіп қағидатын міндетті түрде іске асыру туралы жиі айтамын? Себебі заңдар мен қоғамдық тәртіп қатаң сақталмаса, елімізде ешқандай реформа ойдағыдай жүзеге аспайды. Өйткені, бұл – өмірдің саяси заңы. Ел ішін тұрақсыздық жайлаған, билік институттары орынсыз, жөнсіз сын мен шабуылға ұшыраған мемлекеттерде ешқандай ілгерілеу болмайды. Осы орайда, мен біздің еліміздегі қоғамдық өмір дұрыс табиғи жолмен, яғни, эволюциялық жолмен даму керектігін, тоқырауға мүлде жол беруге болмайтынын жақсы түсінемін. Сол себепті 2022 жылдың өзінде Конституцияға Президентті жеті жылдық мерзіммен бір рет қана сайлау туралы ереже енгізілді. Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте, сондай-ақ ұлттық компанияларда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.

Ал жаңа Ата заңға конституциялық және құқық қорғау органдарының басшыларын бір мерзімге сайлау туралы ереже енгізілді. Біз білетін елдердің конституциясында дәл осындай ережелер жоқ деп айтуға болады. Мен жаңа консультативтік орган ретінде құрылатын Халық кеңесіне үлкен үміт артамын. Бұл құрылым қоғамдық-саяси өмірге қатысты аса өзекті мәселелерді талқылайды, сондай-ақ Құрылтайға заң жобаларын ұсынады, яғни, Халық кеңесі заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын салалар бойынша, жетістіктер мен алдағы міндеттер аясында бірқатар дәйекті пікір келтірді.

– Осы сәтті пайдаланып, тағы бір маңызды мәселені көтерейін деп отырмын. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысының бірінде әйгілі Қожа Ахмет Ясауи туралы айттым. Бұл – бүкіл жер жүзіндегі адамзатқа ортақ ғұлама, оны бәріміз ең алдымен қазақ халқының мақтанышы ретінде қабылдауымыз керек. Қожа Ахмет Ясауиді әлемнің әрбір түкпірінде, әсіресе, ірі мемлекеттерде кең ауқымда дәріптеуіміз қажет, бірақ ең біріншіден Қазақстанның жұртшылығына танымал етуіміз керек. Осы тарихи тұлғаға жоғары сапалы туындыларды және фильмдерді арнауымыз керек. Еліміздің әрбір облысында Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқуларды ұйымдастыру қажет. Мен жақын арада мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне тапсырылады. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуға тиіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңаруға жол ашатын әз-Наурыз мерекесіне орай тілектестік білдірді.

– Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын. Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін! Туымыз биікте желбіресін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын! – деді Мемлекет басшысы сөз түйінінде.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Қ.ӘБІШ