Түзетулер жан-жақты қаралды

5

0

Фото: облыс әкімдігі

Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысында Ата заңға енгізуге ұсынылған түзетулер жан-жақты қаралды. Бұл түзетулер қоғам өкілдерінен, саяси партиялардан және сарапшылар қауымдастығынан келіп түскен көптеген ұсыныстың барлығы ескеріле отырып қалыптастырылды.

ҚР Конституциялық Сотының төр­айымы Эльвира Азимованың ха­бар­­­­лауынша, комиссияға екі мың­­­нан астам ұсыныс келіп түс­кен, олардың барлығы біртұтас жи­нақ­талған кес­теге біріктірілді.

«Азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық рефор­маның жоғары қоғамдық маңы­­зын растайды. Мұндай диа­лог форматы негізгі қағидатты айқын­дайды: конституциялық реформа ең ал­дымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», – деді Эльвира Азимова.

Отырыс барысында Әділет ми­нистрі Ерлан Сәрсембаевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Има­­­шева­ның баяндамалары тыңдал­ды.

Атап айтқанда, Әділет министрі түзетулерді Конституцияның Үкі­меттің, Конституциялық Соттың, про­куратура органдары мен сот билі­гінің жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақ­тарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу тәртібін реттейтін бөлімдері мен баптарына енгізу ұсынылып отырғанын айтты.

Оның айтуынша, түзетулердің жекелеген блогы болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Мысалы, төрағаны тағайындау тәртібі, депу­таттық корпусты қалыптастыру және өзге де рәсімдік мәселелер регла­менттеледі.

Үкіметтің функцияларын рет­теу бөлігінде мемлекеттік бағ­дар­­­­ла­­маларды бекіту, сондай-ақ мем­ле­кеттік комитеттерге қа­­тыс­­ты өкі­лет­тік­терді алып тастау ұсыны­лады.

Сонымен қатар, Конституцияда сот билігінің әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асырылатыны тікелей көрсетілуі ұсынылады. Бұл құқық үстемдігі қағидатын ны­ғайтуға және мемлекет пен азамат арасындағы нақты теңгерімді қамта­масыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мем­лекеттік жүйенің тиімділігін кешенді түрде арттырады.

«Қоғам үшін бұл мемлекеттің сыртқы немесе ішкі жағдайларға қа­ра­­мастан, дәйекті әрі құқықтық алаң­да әрекет ететініне деген бол­жам­­дылық пен толық сенімді біл­діреді. Әлеуметтік міндеттемелер орын­­далады, экономикалық үрдіс­тер жал­ға­сады, халықаралық міндет­темелер сақталады», – деді Әділет министрі.

Өз сөзінде Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров бір палаталы Парламентке көшуге байланысты Конституцияның тиісті баптарына көптеген өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Ұсынылатын тәртіпке сәйкес, Құрылтай Конституциялық заңда бел­гіленген тәртіппен бірыңғай жалпы­ұлттық сайлау округі бойынша про­порционалды өкілдік жүйесі арқылы сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

Нұрлан Бекназаров сондай-ақ Конституцияға Халық кеңесінің өкі­лет­тіктері туралы жеке бөлім енгізу оның айрықша маңызын айқын­дайтынына назар аударды.

«Халық кеңесі – Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган, оның құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан қалыптастырылады. Халық кеңесін құру тәртібі, оның құрамы, өкілеттіктері және қыз­метін ұйымдастыру мәселелері Консти­ту­ция­лық заңмен бекітіледі», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституциялық комиссия мүшелеріне бірінші отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген түзетулердің салыстырмалы кестесін таныстырды.

Оның айтуынша, жинақталған ұсы­ныстар Қазақстанның консти­туция­лық құрылысының негіздерін нақ­тылау мен нығайтуға, жекелеген нормалардың құқықтық айқындығын арттыруға және құқық қорғау тетік­терін күшейтуге бағытталған.

Ерекше назар Преамбуланы кү­шейтуге, құқықтық және зайырлы мемлекет қағидаттарын бекітуге, адам қадір-қасиетін, өмір сүру құқығын, жеке бостандық пен қол сұғылмаушылықты, сондай-ақ жеке өмір мен дербес деректерді қорғауға аударылды.

«Ұсынылып отырған өзгерістер конституциялық нормалардың іс жүзінде қолданылуын күшейтуге және оларды түсіндіруде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағыт­талған», – деп түйіндеді Снежанна Имашева.

Конституциялық комиссия мүше­лері жекелеген жұмыс секция­лары шеңберінде негізгі заңға ұсынылған түзетулерді талқылауға кірісті.