Тұлға есімі дәріптелген тағылым алаңы

380

0

Кеше облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп Студенттер сарайында «Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері: тарих, таным және тағылым» халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды. Танымдық маңызы зор іс-шара саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жыл толуына арналды. Конференцияның пленарлық мәжілісін облыс әкімінің орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Мейрамбек Шермағанбет кіріспе сөзімен ашты.

Облыс әкімінің орынбасары Алаш қайраткерлерінің күресі мен ой-пікірлері, азаттық пен мем­лекеттілік туралы идеялары тәуелсіз Қазақстанның рухани іргетасы мен саяси бағдарында айрықша орын алатынын атап өтті.

– Мұстафа Шоқайдың бүкіл өмірі – ұлттық намыс пен өр рухтың, отаршылдыққа қарсы азаттық идеясын қорғаудың көрінісі. Ол түркі халықтарының ынтымағы мен рухани бірлігін армандап, өз еңбектерінде мемлекетшілдік, ұлт­тық сана және өркениеттік даму мәселелерін көтерді. Бүгінгі кон­ференция – тек тарихи тағылым алаңы ғана емес, сондай-ақ Мұста­фатану ғылымының қалыптасып, тереңдеп дамуының айғағы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінде құрылған Мұстафа Шо­қайтану ғылыми-зерттеу орталығы кейінгі жылдары тың тарихи деректерді анықтап, кеңінен ақ­параттандырып келеді. Бұл орталықтың бастамасымен халық­аралық және республикалық деңгейдегі ғылыми іс-шаралар өтті. Мұстафа Шоқай шығармаларының жинақтары жарық көрді, жаңа зерттеу жобалары жүзеге асуда. Мұстафатанушы ғалымдарымыз қай­раткердің саяси-құқықтық, мә­дени-ағартушылық және фило­софиялық идеяларын жүйелеп, түркі елдерінің қазіргі интеграциялық үдерістерімен сабақтастырып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ ол қайраткер есімін дәріптеу, мұрасын насихаттау бағы­тында атқарылған жұ­мыстарға тоқталды. Аймақтағы бірқатар көше мен мектепке Мұстафа Шоқай есімі берілді, облыс орталығында Алаш көсемінің алып ескерткіші бар. Уни­верситетте Мұстафа Шоқай оқулары дәстүрлі түрде ұйым­дас­тырылып тұ­рады, жас ғалымдардың зерттеу бағыт­тары кеңейе түсті. Мектептер мен жоғары оқу орындарында Түркі дүниесінің ұлы пер­зен­тін дәріптейтін ғылыми-танымдық, тәр­бие­лік шаралар үзілген емес. Н.Бекежанов атын­­­дағы драмалық театрда тақырыптық қо­­йы­­­­лым­­дар көрсетіліп, деректі фильмдер тү­сі­­рі­ліп, еңбектері мен энцикло­педиясы жарық көрді.

Конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінен ға­лымдар мен зерттеушілер қатысып, қоғам қайраткерінің өмір жолы, саяси-қоғамдық қызметі, публицистикалық-ағартушылық еңбектері, сондай-ақ идеяларының қазіргі кезеңдегі өзек­тілігі жөнінде баяндамалар жасады.

Түркиядағы Мимар Синан көр­кемөнер университетінің профессоры, тарих ғылым­дарының докторы Әбдіуақап Қара Алаш қозғалысы мен Мұстафа Шоқайдың саяси-идеялық мұрасы арасындағы өзара сабақтастық пен рухани үндестікті жан-жақты қарастырды.

– XX ғасырдың басында Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулат сын­ды тұлғалар мен Мұстафа Шоқай қазақ елінің бостандығын, бодан­дықтан азат болып, өз алдына жеке мемлекет болуды армандады. Бұл өткен ғасырдың басындағы Алаш зиялы­ларына ортақ мақсат болды. Оған жету барысында түркі халық­та­рының бір­лігі мен халықаралық деңгейде өзара ынты­мақ­тастық ор­нату, мәдени және саяси негізде бірігу идеясын да басты ұстанымына айнал­дырды. Мұстафа Шоқайдың түркі дүниесіндегі бірлікке қатысты көз­қарасы тек ХХ ғасырдың басындағы тарихи пікірлермен шек­телмейді. Ол бүгінде тәуелсіз түркі мемле­кеттері арасындағы өзара әрекет­тестіктің идеялық және саяси негізі ретінде де өзектілігін сақтап отыр. 2009 жылы Нахчыванда алдымен Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесі ретінде құрылған, 2021 жылдан бастап Түркі мемлекеттері ұйымы атымен құрылымдық тұрғыда айтарлықтай күшейген халықаралық ұйым қызметі Шоқайдың түркі халық­тарының тең және ерікті ынты­мақ­тастығы туралы идеяларымен елеулі түрде үндеседі. Ұйымның тіл, мәде­ниет, экономика мен тарих бағы­тын­дағы бастамаларын Шоқай еңбек­те­рінде сипатталған страте­гиялық ба­ғыт­тардың қазіргі заманғы жалғасы ре­тінде бағалауға болады, – дейді ғалым.

Сонымен қатар ол Түркі мем­лекеттері ұйымы шеңберінде жүзеге асып жатқан ортақ әліпбиге көшу, білім беру бағдарламаларын үйлестіру, ғылыми терминологияны біріз­ден­діру жобалары Шоқай ұсынған рухани және зияткерлік бірігудің заманауи әрі инсти­ту­ционалдық көрінісі деп есептейтінін жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағы төр­а­ғасының орынбасары Қасымхан Бегманов 2008-2012 жылдары өзі қатысқан халықаралық ғылыми-зерт­теу экспедициясы нәтижесінде төрт сериядан тұратын деректі фильм түсіріліп, екітомдық тарихи-зерттеу са­парнамалық кітаптар жарық көргенін жеткізді.

– Мұстафа Шоқай есімінің, оның түр­кіс­тандықтар үшін жасаған өл­шеусіз еңбегінің елге әділ бағамен қайта оралуына кедергі келтіруге тыры­сатындар әлі де бар екені жасырын емес. Мұны Мұстафа Шоқай­дың атын ақтауыма қатысты екі жылға созылған сот процестерінен де көруге болады. Аталған істердің материал­дары шовинистік көз­қарастың сар­қыншағы қоғамымызда әлі кездесетінін дәлелдейді. Соған қарамастан сотта жеңіске жетіп, тарихи әділеттің салтанат құруына үлес қостым. Осы кезеңнің жалғасы ретінде «Экс­пе­дициядан кейін» атты кітабым дүниеге келді. Бұл кітап 2023 жылы жарық көрді және болашақ шоқай­тану­шыларға, жалпы түркітану мен отарлық кезең мұраларын зерт­теушілерге жүйелі көмекші құрал болады деп сенемін, – дейді қаламгер.

Мұстафа Шоқайтану ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір тарихи тұлғаның саяси қызметі және мол мұрасын тыңғылықты зерттеумен тұрақты түрде айналысып келеді. Ғалым жиын барысында оның өмір жолы мен шығармашылық еңбегіне тоқталды.

– Мұстафа Шоқай Францияда жиырма жылдан астам саяси қызметте жүргенде кейде әділеттілік үшін айтысқа барған. Көзбен көргені, ойға түйгені мол, түркітектес эмигрант­тардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болды. Бұған энциклопедиялық білімдар тұлғаның Кеңес өкіметінің ұлттық саясаты, Түркістанның азаттығы үшін күрес, ұлтшылдық, шовинизм, автономия, тәуелсіз ұлттық мемлекет, мәні мен мазмұны, оған жету амалдары мен жолдары, қоғамдағы саяси қайраткерлер мен зиялы қауымның орны, оларға қойылатын талап-тілектер, тағы басқа тақырыптар туралы саяси әлеуметтік ой-тұжырымдары мен нақыл сөздері толық дәлел бола алады. Тәуелсіздік, ұлттық мемлекет Мұстафа Шоқайдың бүкіл саяси қызметі мен шығармашылық мұрасының басты тақырыбы болды. Осы аса қасиетті мұрат туралы Мұстафа Шоқай 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арнаған сөзінде: «Түр­кістанның мақсаты – өзінің құрылысы – миллет үкіметін құрып, дербес, өз алдына бір өкімет болып тұру» дей келе, Түркістанды «Біздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық» деп керемет бейнелеген, – дейді Әбдіжәлел Бәкір.

Баяндамашылардың сөзіне Мұс­тафа Шоқайдың саяси-құқықтық, публицистикалық және ағартушылық мұрасын кешенді түрде зерттеу, оның мемлекетшілдік идеяларының қазіргі кезеңдегі өзектілігін айқындау, Мұстафатану ғылымының дамуына жаңадан серпін беру тақырыптары арқау болды.

Конференция жұмысы бірқатар ұсыныс берумен қорытындыланды. Оның ішінде Мұстафа Шоқайдың шығармашылық және саяси мұрасын цифрландыру, ашық электронды цифрлық платформаны іске қосу, Қызылорда қаласында дарияның сол жағалауында Алаш қайраткерлері аллеясын ашу, Қорқыт ата атындағы Қызылор-да университетінде демеу­шілер есебінен жыл сайын конкурс негізінде білім алушыларға арнаулы білім гранты мен стипендия тағайындау керектігі айтылды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»