Тұрмыстық қалдық терең өңделеді

179

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше Қызылорда қаласында «With You Kyzylorda» ЖШС тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласын салу рәсімі өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Абден, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы зауыт құрылысына сәттілік тілеп, өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлының ірі қалаларда тұрмыстық қатты қал­дықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тап­сырмасына сәйкес облысымызда 96 млрд 100 млн теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдық­тарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қаты­суымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды.

Соның бірі – шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 млрд теңгеге жылына 240 млн шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы.

Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 млрд 500 млн теңге бо­латын, Оңтүстік Корея технологиясына не­гізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрып­тау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда.

Алғашқы кезеңде 9 млрд 535 млн теңгеге қолданыстағы по­лигон жаң­ғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есеп­телген заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қон­дырғылар, арнайы техникалармен жаб­дықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ.

Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек билік пен ұйымдардың ғана емес, керісінше әрбір азаматтың жауап­кершілігінен басталатын іс.

Өркениетті қоғамда өз қоқыс­тарын сұрыптау, саналы тұтыну, тазалық акцияларына қатысу тұрғындардың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Экологиялық ахуал­ды жақсартуға бағытталған байыпты бастамаларымыз нәти­желі болғай! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралы­ұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Жақсылық­қызы, Мұрат Нәлқожа­ұлы құттықтау сөз сөйледі.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде эко­логиялық ахуалды жақсарту мақса­тында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бюджеттен бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс және спорт алаңдары жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. Демеу­шілік есебінен 1 млрд теңгеге Қы­зылорда қаласындағы орталық алаң жаңартылды. Биыл 6,3 млрд теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оған қоса 14,7 млрд теңгеге Пре­зидент саябағы жаңғыртылып, тамыз айында ашылады. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру басталды. 2030 жылға дейін 2,5 млн ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі