ТУУ КӨРСЕТКІШІ НЕГЕ ТӨМЕНДЕДІ?

248

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Кейінгі күндері ақпарат көздерінде тараған бір дерек ойға қалдырды. Ол – еліміздегі бала туу көрсеткішінің төмендеуі. «2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында 77,3 мың нәресте дүниеге келді, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға аз, 2014 жылдың алғашқы тоқсанынан бергі ең төменгі көрсеткіш» деп жазды BAQ.KZ.»

Ұлттық статистика бюросы туу көрсеткіші әсіресе, Ақмола, Жетісу облыстарында төмен­дегенін мәлім етті. Бұл мәселеге алаңдаушылық білдірушілер балалы болудан саналы түрде бас тартатындардың саны жылдан-жылға көбейгенін жазып жатыр.

«Балалы болуға асықпайтындар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Неге? Былтырғы алғашқы 3 ай мен биылғы 3 айды салыстырсақ, туу көр­сеткіші төмендеді. Себебі сан алуан болуы мүмкін, бірақ мұндай төменгі көрсеткіш соңғы рет 2014 жылы болған. Әрі қарай осылай жалғаса берсе, жағдай қалай болар екен? Бала туудың күрт төмендеуінен кейбір мемлекеттерде бала­бақша, мектептер жабылып жат­қанын еститін едік, бізге де сондай қауіп төнбей ме екен? Неге әке, ана болудан саналы түрде бас тартады? Тек қана қаржының жетіспеуі ме? Әй, қайдам олай емес-ау» деп жазды журналист Ләйлә Сұлтанқызы өз парақшасында.

Осы постқа жазылған коммен­тарий­лерді де бір шолып шықтық. «Балаға деген жауапкершілік көбіне әйел адамның мойнында. Әйелдер өзі туып, өзі әке, өзі шеше болатындықтан тумайды»,  «Екі рет іште жетілмей қалған жүктілікті бастан кешірдім. Екеуінде де гинекология бөлімі тола әйел, неге бұл диагнозды зерттемейді?», «Үйі жоқ жастар көп, үй аламыз деп тырбанып жүргенде уақыт өтіп кетеді» деген пікір жазушылар. 

БЕС ЖЫЛДЫҢ ДЕРЕКТЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Ұлттық статистика бюросының сайтындағы кейінгі бес жылдағы туу көрсеткішіне зер салдық.

Алдымен 2020 жылдың деректерін келтірейік, сол жылы 425,6 мың бала дүниеге келген. Осылайша 1987 жылғы, яғни осының  алдындағы рекорд ең­се­рілген. Өмірге келген баланың жарты­сы­нан көбі елдің алты аймағында – Түр­кістан, Алматы, Жамбыл об­лыс­­та­­рында, Алматы, Шымкент, Ас­тана қа­­ла­ларында тіркелген. Еске салайық, 1987 жылы 417 мыңнан астам бала туған екен. 

«2021 жылы АХАТ органдары 446 491 баланы тіркеді, бұл – 2020 жылмен салыстырғанда 4,6% көп және соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қалалық жерде туғандар саны 262 507 сәби (58,8%), ауылдық  183 984 сәби (41,2%). Жыл қоры­тындысында  230 272 ұл (51,6%), 216 219 қыз (48,4%) туған» делінген статдеректе.

Сол жылы әрбір екінші бала Қазақ­станның оңтүстігінде дүниеге келген, солтүстік облыстарда туған балалардың үлесі 16% ғана.

Енді 2022  жылға келейік, сол жылы елде 403,9 мың бала дүниеге келді, оның 51,5%-ы – ұл, 48%-ы – қыз. 241,4 мың бала немесе 59,8%-ы қалада, 162,4 мыңы – 40,2%-ы ауылдық жерде туған. Бұл ал­дың­ғы екі жылдың көрсеткішінен едәуір төмен.

Әйелдердің бала туған кездегі орташа жасы алдыңғы жылдармен салыстырған­да 29,5 жасқа дейін ұлғайған. Дүниеге келген балалардың төрттен бір бөлігі дерлік тұңғыш бала – 100 мың, 94,4 мыңы – отбасында екінші болып туған, сегізінші болып туған бала саны – 1 мың.

Ал 2023 жылы туу көрсеткіші тіп­ті төмендеп кет­ті, яғни 388,4 мың сәби өмірге келді, оның 51,6%-ы  – ұлдар, 48,4%-ы  – қыздар. 230,3 мың бала – қалалық, 158 мың бала – ауылдық. Босанғандардың 29%-ы 25-29 жас аралығындағы әйелдер, 30-34 жас аралығындағылар – 26%. 20 жасқа дейінгілер 12,6 мың бала, 50 жастан асқандар 96 баланы дүниеге алып келген.

2024 жылғы туу көрсеткіші алдын­да­ғыдан да төмен, яғни 365,9 мың бала өмір есігін ашқан. Оның 51,6%-ы – ұлдар, 48,4%-ы – қыздар. 2025 жылдың 3 айын­дағы көрсеткішті мақаланың басына кел­тір­дік. Ал Сыр өңірінде осы жылдың қаң­тары мен наурызы аралығында  3998 бала дү­ние­ге келген,  бұл былтырғы қаңтар-нау­рыз­дағы көрсеткішке қарағанда 16,2% аз.    

ҚҰРҒАҚ СТАТИСТИКАНЫ ҚАРАПАЙЫМ ЕСЕПКЕ АЙНАЛДЫРСАҚ…

Бұл ресми деректер нені көрсетеді? «Бір бала туса, бір түп жусан артық шығады» деген ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан ұстанымның өзгергені ме? Негізі 1990 жылдары құл­дыраған туу көрсеткіші 2000 жылдары біртіндеп қалпына келе бастаған еді. Мұны мамандар халықтың әл-ауқатының ар­туымен байланыстырды. Енді 2022 жылдан басталған туу көрсеткішіндегі дағдарысты қалай сипаттауға болады?  Бұл туралы «За нами уже выехали» жобасы зерттеу жүргізген екен.

Құрғақ статистиканы қарапайым есепке айналдырсақ, кейінгі үш жылда  дүниеге келетін бала саны шамамен 80 мыңға азайған. Бұл дегеніңіз – шағын бір қаланың халқы. Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріндегі туу көрсеткіші төмен екені бұрыннан белгілі. Халық санының өсімін оңтүстік және батыс аймақтар қамтамасыз етіп келеді. Бірақ кейінгі үш жылда бұл тенденцияның да өзгеріске ұшырағаны байқалады, яғни қазақ әйелдерінің туу белсенділігі төмен­деп кеткен. 2021 жылы қазақ аналары 360 мың, 2022 жылы 325 мың, 2023 жылы 312 мың, 2024 жылы 293 мың баланы өмірге әкелген.

Туу көрсеткішіне кері әсер еткен басты себептің бірі – некеге тұру мен ажырасу динамикасы.  2021 жылы 140 мың, 2022 жылы 128 мың, 2023 жылы 120 мың неке тіркелсе, 2024-те 123 мыңға қайта кө­терілген. «Әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады» деген бейресми, бірақ шындыққа жақын статистика тағы бар. 

Бұрындары ажырасудың негізгі себептері қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылық, ішкілікке салыну, некеге адалдық танытпау, жетіспеушілік ата­латын еді. Қазір де бұл себептер санаттан шығып қалған жоқ, бірақ әйелдердің де, ер адамдардың да некеге деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп бара жатқан тәрізді. Әсіресе әйелдердің бойындағы өзгеріс туу көрсеткішіне, одан әрі елдегі демографияға әсер етіп жатыр.   

Кейінгі жылдары әйелдер қаржылық тәуелсіздікке, қоғамның, айналасын­дағы­лардың ой-пікірін елемеуге бейім­делді. Қандай жағдай болмасын, отбасын сақтап қалу керек деген ұстаным да ескіріп бара жатқан сыңайлы. Әйелдер зорлық-зомбы­лықсыз, түсіністікке құрыл­ған қарым-қатынасты қалайтынын, бұл тұрғыда басынан өткендерін әлеу­меттік желілерде жарыса ашық айтуға көшті. Өз құқықтары туралы біледі, ажырасу жаңа мүмкін­діктерге жол ашады деп түсінетіндер де аз емес.

Ал ер адамдар отбасына қатысты дәстүрлі көзқарастан ауытқи қойған жоқ десек те,  жастар жағынан өзгеріс бай­қа­лады. Олар тең қарым-қатынасты, некеде мәселе туындаса, ажырасқанды жөн санайды. Қоғамның, екі тараптың от­басы институтына деген өзгеріске ұшыраған көзқарасы алдағы онжылдықта демо­графияға өз әсерін тигізуі әбден мүмкін.     

САН ҚИЛЫ СЕБЕП

Мамандардың  айтуынша, елдегі бала туудың азаю себебі әрқилы. Бүгінде 1980 жылдары дүниеге көп болып келген ұрпақ репродуктивті жастан асып барады. Олардың орнын 1990-2000 жылдары өздері дүниеге аз болып келген буын толық басты. Ендігі үміт  2010 жылдары туғандарда.

Өзін-өзі барлық жағынан қамтамасыз еткен әйелдер арасында өзі үшін бала туып алатындар да бар, бірақ олар бір, әрі кетсе екі баламен шектелетінін ескерсек, мұның демографияға анау айтқандай әсері бола қоймас.

Жас ұрпақтың үйлену, тұрмыс құру жасына қатысты да көзқарасы басқа. Жоғарыда әйелдердің орташа  босану жасы да өсіп бара жатқаны туралы дерек келтірілді. Біріншісін жасы ұлғайып барып туған әйелдің екінші-үшінші бала тууы қиындай түсетіні айтпаса да түсінікті.

Енді  экономикалық фактордың демо­графияға әсері қандай десек, қаржы тұрақсыздығы жастардың отбасын құру, бала тууға бастаған қадамына тұсау салатыны рас.  Тұрғын үйге, медициналық қызметке қол жеткізе алмағандықтан, тапқан-таянғаны ішіп-жемнен ауыс­пағандықтан да бала санын шектейді.

Тағы бір себеп ретінде мамандар урбанизацияны айтып отыр. Қазір қалада тұратын халық саны ауыл тұрғындары­ның санын басып озды және бұл үдеріс тоқтамайтын сыңайлы. Ал қалада туу көрсеткіші ауылдағыға қарағанда қашан­нан төмен.

Урбанизацияның туу көрсеткішіне тигізетін ықпалын Еуропа елдері әлдеқашан сезінген. Кейін бұл тенденция әлемге тарала бастады. Қазір Оңтүстік Кореяда туу көрсеткіші бір әйелге бір баладан да келмейді, яғни осы деңгейге дейін құлдыраған.

Туу көрсеткішінің төмендеуі халық­тың қартаюына әкеп соғады. Жасы ұлғайған адамдар үлесі артады, бұл денсаулық сақтау, зейнетақымен қамту  салаларының жүктемесін көбейтеді. Ал жасы ұлғай­ғандардың көбеюі жұмыс істейтіндердің, салық төлейтіндердің иығындағы жүкті ауырлата түседі. Туудың төмендеуі болашақта жұмыс күшінің тапшылығына да ұрындыруы мүмкін. Қазір Еуропа елдерінің, Ресейдің жұмыс күшін сырттан тартуға мәжбүр болу себебінің бір ұштығы осында жатыр.

Біз бұл тұста балалы болған отбасыларға Үкімет көрсететін қолдау шаралары, жәрдемақылар туралы айт­падық.  Өйткені «Қазір кей мем­лекеттер халық санын өсіру үшін түрлі амалды қарастырып әлек, бірақ нәтиже жоқ, материалдық тұрғыдан қолдау бос әурешілік» деген пікірлерге де кезіктік.

Балалы болу-болмау – әркімнің өз шаруасы. Дегенмен ұзақ күткен 20 миллиондық межеден енді асқан еліміз үшін алаңдатарлық жағдай.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».