«Үлгілі елді мекен» – өңір басшысының бастамасы

546

0

Өтіп бара жатқан жыл өңірімізде табысты жүзеге асырылған тың жаңалықтарымен есте қалды. Соның бірін айта кетсек, биыл облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, «Үлгілі елді мекен» конкурсы ұйымдастырылды. Қоғамдық бастамаға облыстың 11 мыңнан астам тұрғыны ерікті түрде қатысып, туған жердің тазалығын сақтауда тынымсыз еңбек етті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев конкурс жеңімпаздарына көліктер табыстады. Дәлірек айтқанда, аймақтағы 6 елді мекенге заманауи үлгідегі 14 арнайы техника берілді.

Қоғам өкілдерінен құралған комиссияның айқындауымен, «Үлгілі ауыл» аталымы бойынша үшінші орынға Жаңақорған ауданы Жаманбай батыр ауылдық округіне қарасты Бесарық ауылы, екінші орынға Қармақшы ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Дүр Оңғар ауылы, ал бірінші орынға Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылы лайық деп танылды. Ал аудандар арасында «Үлгілі аудан орталығы» аталымының үшінші орыны Арал қаласына, екінші орыны Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентіне бұйырса, бірінші орынға Шиелі кенті лайық деп танылып, көш басынан көрінді. Жалпы жеңімпаздарға 15 техника табысталды.

Бұдан бөлек, «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесіне құны 200 млн теңге болатын 16 автокөлік және «Қызылорда тазалығы» ЖШС-на 434,5 млн теңгенің 7 аралас жол көлігінің сертификаты берілді.

Расында, қоршаған ортаның тазалығын қоғам болып қадағаламаса, яғни, қоғамдық ортаның мәдениетін көтермесе, қолға алған істің нәтиже беруі де оңай емес. Сондықтан тұрғылықты жерімізді абаттандырып, елді мекендердің әлеуетін көтеріп, инфрақұрылымын дамытып, сол арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, жайлы орта қалыптастыруға бағытталған бұл конкурс жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын табады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, осыған дейінгі өзекті сауалдың бірі – облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесі бүгінде оң шешімін тапты. Сондай-ақ қала тұрғындарының ұсыныстары ескеріліп, қоғамдық көліктің қызмет ауқымы ұлғайды. Бұдан бөлек, мектеп оқушыларын тасымалдауға 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 45 «Жедел жәрдем» көлігі, орманшылар қызметіне 95 техника, құқық қорғау органдарына 92 және ветеринария мамандарына 30 қызметтік автокөлік берілді.

Қорыта айтқанда, «Үздік елді мекен» конкурсы – жыл жемісінің бір айғағы. Аймақ елді мекендері арасында өзара бәсекелестік қалыптастыра отырып, тұрғындардың тұрмыстық әлеуетін көтеруге бағытталған тың жобалардың жүзеге асырылуына, сонымен бірге, шетін қалған шаруалардың шешімін табуына ықпал етеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<