Үлкеннің ақыл-кеңесі – асыл қазына

7

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Достық үйінде» ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Оған Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Икрам Адырбеков қатысты.

Аймақ басшысы халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқанын айтып, Конституциялық реформаға тоқталды.

– Президент Жарлығымен 21 қаң­тарда Ата Заңға өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстарды тұжырым­дайтын Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия құрылды. Комис­сияның қорытынды шешімінің нәти­жесімен Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу жөнінде Жарлыққа қол қойды.

Конституция жобасында Ұлы Да­ла­ның мыңжылдық тарихының сабақ­тастығы сақталып, мемлекеттің уни­тарлы сипаты мен шекарасына, ау­мақ­тық тұтастығына қол сұғуға бол­майтыны нақтыланған. Елдігі­міздің басты нышаны саналатын жаңа құ­жатта «Адам мемлекет үшін емес, мем­лекет адам үшін» қағидаты айқын­далған.

Президент бастамасымен қолға алынған саяси науқандар мен рефор­маларды жүзеге асыруда Сыр жұрт­шылығы береке-бірліктің, тату тір­ліктің үлгісін көрсетіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр бойында өт­кен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жыл­дары Қы­зылорда облысы заман та­лабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп ерекше атап өтіп, атқарылған жұ­мыстарға оң бағасын берді. Алдағы уа­қытқа да Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсартуға, сәулеттік келбетін жаңартуға, за­ма­науи ғимараттардың бой көтеруіне ба­ғытталған жаңа жобалар жос­пар­ланған.

Бұл бастамалар ардагер­ле­ріміздің ақыл-кеңесімен, тұрғын­дарымыздың сұранысына сәйкес іске асуда. Елі­міздің тұрақты да­муы мен халықтың бірлігін сақ­тауда ардақты арда­герлері­міздің орны ерекше, – деді облыс әкімі.

Жиында Мұхтар Алтынбаев пен Икрам Адырбеков сөз сөйлеп, атқа­рыл­ған жұмыстарға оң ба­ғасын берді. Сонымен қатар мем­лекет және қоғам қайрат­керлері Бекмырза Еламанов, Ибрагим Әбибуллаев, облыстық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің бас­қарма төрағасы-ректоры, облыс­тық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халық­тық Кон­ституциясы үшін!» өңірлік коа­лиция жетекшісі Наурызбай Бай­қадамов Консти­туциялық ре­фор­­­маға қатысты пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ Конституциялық ре­форма жөнінде жарты жылға жуық уақытқа созылған, әртүрлі алаңдарда жүргізілген жалпы­халықтық талқы­лаулар қоғамның саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі екені айтылды. Ел тағдырына қа­тысты маңызды шешімдерді ха­лық­тың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты. Жаңа Конституция жобасында мем­ле­кетіміздің іргелі негіздері, басты құндылықтары мен дүние­та­ным­дық ұстанымдары жүйе­леніп, за­ма­науи талаптарға сай жаң­ғыр­тылды.

Еске салсақ, қаламызда өткен тарихи маңызды жиында Мем­лекет басшысы Қызылорда қала­сында 48 млрд 500 млн теңгеге перзентхана, 14 млрд 780 млн тең­геге емхана салынатынын, 36 млрд 400 млн теңгеге көпбейінді аурухананың құры­лысы бас­талғанын жариялаған еді. Өткен аптада аталған медицина нысан­дарының және Титов қыста­ғында ауысымына 400 келушіге арналған емхананың іргетасы қаланды.