Түп тарихында үш дәуірдің астанасы болған, одан бері кешегі ХХ ғасырдың басында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Ақмешітте өткен алқалы жиында бас қаланың аты Қызылорда болып өзгертілгені, сонымен қатар, Алаш зиялыларының бастамасымен ұлтымызға қазақ атауы қайтарылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Ел танымында Сыр өлкесі осындай терең тарихымен ерекше.
Облыс әкімдігінің қолдауымен «Өнер орталығында» өткен «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысына халық көп жиналды. Өңір халқының өнерге деген құрметі болар, мың орындық залға сыймай, тік тұрып тамашалағандар қаншама?!
Жыр додасын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді. Айтыстың ашылу сәтінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, тарихы тереңнен бастау алған Сыр елінің бүгінгі даму қарқыны жайлы баяндады.
– Биыл – еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы! Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, «Байқоңыр» ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерейлі даталардың ұлт тарихында алар өзіндік орны мен маңызы зор. Сыр өңіріндегі айтулы шаралар мыңжылдық асыл мұрамыз – айтыспен басталуда. Мемлекет басшысы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша баға берген еді.
Өздеріңізге белгілі, «Бурабайда» өткен Ұлттық құрылтайда келесі 5-ші отырысты Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің өңірімізде атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы деп білеміз.

Сыр топырағынан түлеген ақындарымыз айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда. Өйткені, айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз! Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектері үшін алғыс айтамын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айтыс алаңында еліміздің әр аймағынан жиналған 12 ақын бақ сынасып, Тұранның төрі – Сыр елінің сан тараулы тарихын жырға қосты. Сөз сайысының шарты бойынша әрбір жұп ақынға арнайы тақырып беріліп, ақындар сол мазмұнда жырлауы талап етілді. Алғашқы болып «Алтын домбыра» иегерлері, жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан мен Абай облысының ақыны Рүстем Қайыртайұлы айтысып, негізгі тақырыпты тарқата келіп, елден шыққан еңбек майталмандарын жырға арқау етті. Сөз сайысында Рүстем ақын Сырдан шыққан Еңбек Ерлерін атап өтіп, олардың кетпен-күрегіне ескерткіш қойса, артық емес дегендей ой қозғаған еді. Сондағы Мейірбектің:
Жеке-жеке ескерткіш қоятындай,
Мұнда туған қазақтың текті бәрі.
Сен айтқан тұлғалардың әр ауданда,
Музейі бар, қонақтар бет бұрады.
Өйткені біз елміз ғой, еңбексүйгіш,
Тер төккенде тарқайтын тек құмары.
Бос жатқан жерді көрсек, мүсін емес,
Дән сеуіп тастағымыз кеп тұрады, – деген жауабы өте ұтымды болды.
Айтыста Жансая Мусина мен Мақсат Ахановтың сөз сайысы әдеттегідей, әзіл-қалжыңның көрігін қыздырып, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, өздеріне берілген тақырып бойынша Шәмші шығармашылығын терең тарқатып, әндерін жан-жақты шолу жасағандары әсерлі болды. Сонымен қатар, «Жастар» тақырыбын жырлаған жас ақындар, ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен түркістандық Нұрмахан Жақыпбеков те келешегінен көп үміт күттіретін айтыскерлер екенін байқатты.
Түркістан облысынан Бекарыс Шойбек, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, қарағандылық Дидар Қамиев сынды айтыстың алдыңғы көшінде жүрген ақындар көрерменді келелі ой, келісті сөз саптауларымен тәнті етті.
Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен астаналық Сара Тоқтамысова айтысына қазылар алқасы бас жүлдеге лайық деп баға берді. Сара Тоқтамысова өз кезегінде Сыр еліндегі серпінді жұмыстарды арқау етіп:
Қызылорда шаһарын гүлдендіріп,
«Бюджет бермей жатыр»
деп бұлқынбаған.
Әйтпесе әкім біткен толып жатыр,
Құлқын үшін қазынадан құрт ұрлаған.
Жүз жылдығын тойлаған Сырдың елі,
Бір күндігін ойлаған ұл тумаған, – деп толғаса, Мұхтар Ниязовтың:
Кемел ой айтпасам да пайғамбарша,
Кетпеспін өз бетінше жайған малша.
Ешкінің асығындай балаларың,
Ешкімге есе бермес айбарланса.
Ақының боп кіремін айтыс болса,
Батырың боп кіремін майдан болса.
Сенен елім, аяйтын ештеңем жоқ,
Кебенегім кебінге айналғанша, – деген сөзі елдің есінде қалар орамды ой болды.
Сөз бәйгесіне ақын, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізсе, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Сауытбек Абдрахманов, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ғалым Жайлыбай, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мэлс Қосымбаев қазылық етті.
Айтыс аламанында Жансая Мусина және Бекарыс Шойбек арнайы жүлде иегері атанса, жүлделі ІІІ орынды Мақсат Ақанов пен Рүстем Қайыртай, ІІ орынды үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, І орынды Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, бас жүлдеге Сара Тоқтамысова лайық деп танылды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






