Ұлттың ұлы мейрамы

340

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды.

Президент мерекелік іс-шараға жи­налған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастарқан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Наурыз мерекесі был­тыр­дан бастап жаңа тұжырым­дамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, «Наурызнаманың» әр күні тағылымға толы екенін айтты.

– Наурыз – көптеген шығыс ха­лықтарына ортақ мереке бол­ғанымен, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар. Бұл мейрамның төл мәдениетіміздегі орны ай­рықша. Шетелдік меймандар да мереке қарсаңында Қазақ­станға ар­найы келіп, біздің салт-дәстүрімізбен танысады, әдет-ғұрпымызды танып-біледі. Біз осы рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. «Наурыз­нама» бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауыз­біршілік пен татулықтың орны қа­шанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Нау­рызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқа­сында болашаққа зор сенім­мен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз. Жан-жақты реформа жасап, мем­лекеттің саяси жүйесін жаң­ғыртып жатырмыз. Ауқымды экономикалық жоба­ларды қол­ға алдық. Байсалды сыртқы саяса­тымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге беделді мемлекет ретінде таны­мал болды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының тазалық, еңбекқор­лық құндылықтарын дәріп­тейтін тәрбиелік мәніне тоқталды.

– Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін аш­қан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акция­сы жүріп жатыр. Жалпыұлттық іске барша жұртымыз, әсіресе, жастар белсенді атсалысуда. Осылайша қоғамымызда жаңа экологиялық мәдениет пен болмыс қалыптасып келеді. Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Қазір ауыл шаруашылығында қарқынды жұмыс басталды. Біз осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жария­ладық. Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүкіл әлемнің ал­мағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты.

– Биыл Конституциямызға және Қазақстан халқы Ассамблея­сына 30 жыл толады. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жыл­дығын атап өтеміз. Көп ұзамай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 40 жылдық мерейлі белесіне жетеміз. Қазақстан осы уақытта озық, өркениетті, қуатты мемлекет болуы керек. Мен Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы жиынында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз елімізді жаңа жаһандық жағдайға бейімдеуіміз қажет. Мемлекетіміздің бағдары да, басымдығы да – айқын. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік тасымалы және энергетика, агро­өнеркәсіп кешені, сондай-ақ адам капиталы – осының бәрі еліміздің негізгі даму ба­ғыттары. Қазақстан осы салалар бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті ел болмақ. Бұған біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. Біз «Заң мен тәртіп» қағидасы берік орныққан, әділетті, қауіпсіз, таза, мәдениетті және дамыған Қазақстанды міндетті түрде бірге құрамыз! Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық, дамытайық, көркейтейік! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады. Сонымен қатар этноауылдағы қолөнер жәрмеңкесін аралап көрді. Биыл көрмеге отандық қолөнершілермен қатар Қытай, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Иран, Тәжікстан елдерінен шеберлер шақырылған.

Бұдан бөлек, Президентке ұлттық ойындар, қазақстандық дизайнерлер мен танымал брендтердің ұлттық киім үлгілері таныстырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<