Ұлы Абай еліндегі Қызылорданың өнер күндері

164

0

Фото; Облыс әкімдігі

Абай облысындағы Қызылорда облысының өнер күндеріне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастап барған делегация Семейдегі «Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Делегация құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Байқадамов, Р.Рүстемов, М.Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлері, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, хор ұжымы, басқа да өнерпаздар болды.

Сыр елі делегациясының мү­шелері Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік тарихи-мәдени және әде­би-мемориалдық музей-қорығын ара­лап, құнды жәдігерлермен танысты.

Абай облысының әкімі Берік Уәли қонақтарға «Semey Smart City» шағын ауданының құрылыс жобасын та­ныстырды. Қаланың солтүстік бөлі­гінде орналасқан жаңа ауданда 75 мың тұрғынға арналған тұрғын үй ке­шендері, 40-тан астам әкімшілік, ком­мерциялық және әлеуметтік нысан­дар, саябақтар бой көтермек.

Мемлекет басшысының қол­дауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің 11 өңірі Семей қаласына бір нысаннан салып беруге өз ұсыныстарын берді. Маң­ғыстау облысы «Достық үйінің» ірге­тасын қалады. Шымкент қаласы шы­ғармашылық орталығын, Түр­кістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы «Келешек мектебін», Ақтөбе облысы жекпе-жек орталығын, Павло­­дар облысы үстел теннисі орта­лығын, Солтүстік Қазақстан облысы Рәміздер алаңын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды, Шы­ғыс Қазақстан облысы Ертіс жаға­жайын абаттандыруды жоспар­лаған.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшы­сының бастамасын қолдайтынын жеткізді.

– Барлық бастамаларыңызға сәт­тілік тілейміз. Мемлекет басшы­сының, Үкіметтің қолдауымен үлкен жобаны қолға алған екенсіздер. Біз де бұл игілікті іске өз үлесімізді қосамыз. Қызылорда қаласында «Анаға тағ­зым» орталығы бар. Сондай ғима­раттың бірін жоспарлаймыз, – деді.

Делегация Семей қаласында орналасқан еліміздегі автобус құрас­тыратын жетекші кәсіпорындардың бірі – «Daewoo Bus Kazakhstan», жүк көліктерін, арнайы техника құрас­тырумен айналысатын «СемАЗ» және түрлі баспа өнімдерін шығарумен шұғылданатын «Казполиграф» серік­тестіктерін аралады. Кәсіп­орын­дар­дың өнімдеріне қызығу­шылық таны­тып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

***

Семей қаласындағы Абайдың 180 жылды­ғына арналған Қызылорда облысының өнер күндері «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне» деп аталды.

Алдымен Семейдегі Абай атындағы театрда «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылды. Оны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли аралап көрді.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құнды жәдігерлерден жасақ­тал­ған көрме 3 бөлімнен тұрады. Ондағы «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ хан­шайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» археологиялық рекон­струкция­лары археоло­гиялық-этнографиялық экспеди­ция­лар кезінде табылған жәдігерлерді негізге алып жасалған.

Келушілер назарына археологиялық алтын­дар коллекциясы, атап айтқанда Шірік Рабат және Бәбіш мола қалашықтарынан табылған алтын жапсырмалар, Сығанақ қалашығынан табылған алтын сырғалар, тұмар, түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллек­циясы ұсынылды. Жанкент, Асанас, Қышқала, Сығанақтан, т.б. табылған терракоталар, глазурлі қаптамалар, қыш ыдыстар және Бидайықасар қалашығынан табылған қоссаз домбыра көшірмесі де Абай елі тұрғындарының қызы­ғушылығын туғызды.

Көрмеге қойылған зергерлік бұйымдар коллек­циясының тарихы бай. Сыр бойының қазақ әйелдері тағынған күміс әшекейлердің, яғни өңіржиек, жырға, алқаның, тұтынған ағаш жиһаз­дарының, ыдыстардың, тері бұйым­дары­ның, ер қаруы болған қылыш, айбалта, семсер, шоқпар, найза, қалқан, жебенің құнды­лығы жайында білгісі келетіндер қатары көп болды.

Сондай-ақ түркі дүниесінің ұлы абызы Қорқыт атаның «Деде Қорқыт» кітабының Дрезден нұсқасы, нар қобыз, ЮНЕСКО серти­фикаты, кәдесыйлар, үш жүздің пірі болған Марал ишаннан жеткен көк аса, Марал бабаның оққағары болған Тәжіге тиесілі Керей ерінің түпнұсқасы, Қалқай ишан, Сердалы Бекшорин, Ер Сейтпенбет, Бұқарбай батыр пайдаланған мөрлердің көшірмелері де көрме төрінен орын алған.

Семейліктер Абайдың 1922 жылы жарық көрген өлеңдер жинағының, Қызылорданың Қазақ АКСР-інің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай фото және архивтік құжаттардың қыр-сырына қанықты.

***

Семейдегі Абай атындағы театрда Абай елінің көрермендеріне сұлу Сырдың жыр сәлемі жеткізіліп, аймақ басшысы концертке келушілерге ізгі тілегін білдірді.

– Еліміздің ұлттық руханияты мен мәде­ниетінің, әдебиеті мен өнерінің ордасы – киелі Семей өлкесінде өздеріңізбен жүз­дескенімізге қуаныштымыз! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» деп лайықты бағасын берді.

Абайдың есімін иеленген қасиетті өлкеде ұлы тұлғаның 180 жылдығы биыл аса жоғары деңгейде аталып өтті. Мемлекет басшысы «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы» деген болатын. Ақын өсиеттері – бүгінгі ұрпақтың айнымас қазығы. Баршаңызды қазақтың ұлы ақыны, «адамзаттың Абайы» атанған ағартушы, рухани реформатор Абай Құнанбайұлының жалпыхалықтық тойымен Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!

Семей және Қызылорда қалалары ұлтымыздың тағдыршешті мәселелері қаралып, маңызды шешімдер қабылданған саяси орталық ретінде тарихқа таңбаланған.

Бүгінде Президент қолдауымен дербес облыс болып құрылған Абай елінде серпінді жобалар қарқын алғанына қуаныштымыз. Мәдениет пен руханиятты дамыту – еліміздің тұтастығын, ұлттық сана мен қоғамдық келісімді нығайтудың берік негізі.

Бүгінгі шара екі өңірдің мәдениет, өнер саласы қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына, іскерлік байланыстарды арттыруға ықпал етеді. Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, болашағы жарқын болғай! – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік басқосуда Абай облысының әкімі Берік Уәли сөз сөйлеп, өнер күндерін өткізуге қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, атсалысқан өнерпаздарға алғысын жеткізді.

Концертте Қорқыттың күйі, халық әндері, Сыр сүлейлерінің термелері, «Ұлы дала поэмасы» хореографиялық қойылымы, күй тартыс, «Махамбет» поэмасы және басқа да туындылар көрерменге ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері елор­дамыз Астанада, одан кейін Алматы қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді.

Өңірдің өнер майталмандары Наурыз мерекесін, еліміздің салт-дәстүрлерін халық­аралық деңгейде насихаттап, Испания, Финляндия, Эстонияда маңызды шаралар өткізді. Алдағы қазан айында ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай Швейцарияның бірқатар қаласында Қызылорданың мәдениет және өнер күндерін өткізу жоспарланған.