Мұғалімдер мерекесіне орай «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен
«Ұстаз – ұлт шамшырағы» атты салтанатты іс-шара өтті. Мереке аясында аймақтың білім саласында абыройлы қызмет етіп жүрген ұстаздар қауымы марапат төрінен табылып, құрметке бөленді.
Салтанатты жиында сөз алған Нұрлыбек Машбекұлы ұстаздар қауымын және сала ардагерлерін құттықтады.
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ұстаздарды Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстаған болатын. Салтанатты қабылдауда жерлестеріміз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жанбершиева Ұлжан Нахатқызы «Парасат» орденімен наградталды. Ардагер ұстаз Серекеева Күміскүл Дүйсенқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Марапат иелеріне Сыр халқының атынан алғыс білдіремін,– деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тағы бір саралап, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытында ел игілігіне табысталған нысандарды атап өтті.
– «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен білім саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Біздің ең бірінші міндетіміз – еліміздің болашағы балаларымыздың жан-жақты сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе.
Биыл облысымыздың бюджеті 850 млрд теңгеден асты. 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Оның 346 млрд 800 млн теңгесі білім саласына бағытталды. Бұл облыс бюджетінің 40 пайызын құрайды.
2022-2024 жылдары өңірімізде сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздерінен 31 млрд 800 млн теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 400 млн теңгеге 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде. 2023 жылдан бастап облыстық бюджеттің есебінен 5 млрд 700 млн теңгеге 2900 орындық қосымша ғимараттар салынды. Нәтижесінде, өңірімізде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты, – деді облыс әкімі.
Айталық, қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында құны 11 млрд теңге болатын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жаңақорған, Жалағаш, Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» салынды. Қайтарылған активтер есебінен 8 млрд 200 млн теңгеге 5 мектептің құрылысы қаржыландырылатын болады.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» ашылды.
Бүгінде қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағында 10 млрд теңгеге жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Лагерь аумағындағы саябақта Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынуда.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Қызылорда қаласында кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтарының «Құзыреттілік орталығы» ғимаратының құрылысы басталды. Бұған дейін Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің оқу ғимараты жатақханасымен бірге ел игілігіне табысталды.
Мереке аясында ҚР Президентінің Жарлығымен Білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Жақсыгүл Тоғанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің №9 мектеп-гимназиясының еңбек пәнінің мұғалімі Зәуре Шайхысламова «Шапағат» меделін иеленді.
Одан бөлек, бірқатар ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрінің Ы.Алтынсарин төсбелгісі, «Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру саласының Еңбек ардагері» медальдары, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ бір топ ұстазға Біркөлік шипажайына жолдама берілді. Жалпы мерекеге орай мыңнан астам мұғалім марапат иеленіп отыр.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






