Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда халқын ыстық сумен қамту мәселесін уақыт оздырмай шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, аймақ басшысының тапсырмасы негізінде облыс орталығын ыстық сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, ыстық сумен қамту екі кезеңде жүргізіледі. Биыл 187, келер жылы 237 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылмақ.
Жоба бойынша қаланың бірнеше ауданында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – «Сырдария» шағын ауданы. Мұнда жиырмаға жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Қазір соның он екі үйіне ыстық су тарту жұмысы толыққанды аяқталған.
– Бізге міндеттелген аумақ бойынша жұмыс тиянақты жүргізілуде. Құрылысқа пайдаланатын материалдар – өзіміздің отандық өнімдер. Сапасы жоғары. Су құбырлары жаңартылып, сырты арнайы материалмен қапталуда. Әрбір үйдің өзіне жеке-жеке кіші су қазандығы орналастырылады. Қуаттылығы жоғары, – дейді «Асанас-Дар» мердігер мекеме өкілі Жандос Әлиакбарұлы.
Бүгінде «Сырдария» шағын ауданында барлығы бес бригада жұмыс істеуде. Әр бригада құрамында 4-5 адамнан бар. Жұмыс ауқымына қарай жұмысшы күші қосылып отырады. Қайрат Отызбаев осында екі айдан бері жұмыс жасауда.
– Мұнда мердігер мекеме тарапынан көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесі (подвал) тазартылып, электр желісі, ауызсу, кәріз суы, жылу жүйесінің құбырлары жаңартылады. Ыстық су жүйесіне қосылу тұтынушылар үшін электрлі су ысытқышқа қарағанда едәуір тиімді болмақ. Әрбір пәтерге өзіміз кіргізіп, орналастырып береміз. Қалғанын тұрғындар қалауы бойынша жасап алуына болады, – дейді ол.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<