Ыстық су: қондырғыдан құбырға ауысу

429

0

Сурет ашық дереккөзден

Елімізде жүзеге асырылып жатқан ұлттық, мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың ең басты көздеген мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Жол, көлік қатынасы, жылу, жарық, ауызсу, аяқсу сияқты қажеттіліктердің толықтай шешім табуы үшін көз алдымызда қаншама жұмыс жасалуда.

Өткен жылы Мемлекет басшысының Сыр өңіріне сапарынан соң Қызылорда қаласындағы жылдар бойы түйін болған бір түйткіл тарқады. Ол – көпқабатты тұрғын үйлердің ыстық су мәселесі.

«Аристонның» «атасына» рахмет!

Адамның өз қажеттілігіне қарай бейімделуі – табиғи заңдылық. Біздің жерлестеріміз де «ыстық суымыз жоқ» деп қарап отырмады. Күнделікті тұрмыстағы осы бір қиыншылықтың шешімін табуға ұмтылып,  су жылытқыш құралды жаппай қондырып, оған әбден үйреніп алды. Су жылытқыштан басқа да тұрмыстық техникалар шығаратын «Аристон» фирмасының аты ыстық су деген сөздің баламасына айналып кетті.  Осы құрылғыға көзіміз үйренгені сонша, «қызылордалықтар басқа қаладан пәтер жалдағанда «Аристон жоқ па не?» деп сұрақ қояды» деген  әзіл-шыны аралас әңгіме де тарады. Жылдар бойы қолымызды тура мәнінде жылы суға салған «Аристонның» «атасына» рахмет, енді оның керегі болмайтын уақыт жақындап қалды.

Бүгінде қаланың «Сырдария», «Сәулет», «Шұғыла», «Астана» шағын аудандарындағы,  Абай, Түлкібаев, Бөкейхан, Аманкелді, Ергешбаев, Панфилов, Чайковский, Бектұрғанов, Скатков, Мұратбаев,   Әйтеке би, Төлебаев, Әуезов, Әбілқайыр хан, Алмағамбетов, Шымкент,  Набережная, Тәуелсіздік, Бейбарыс сұлтан, Жеңіс, Тасбөгеттегі Аманкелді көшелеріндегі, сол жағалаудағы  көпқабатты тұрғын үйлерге құбыр тартылуда.

Жүзеге асырушы оператор – «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Корпорацияның басқарма төрағасының кеңесшісі Мұхитжан Кәрімбаевтың айтуынша, Үкімет резервінен бөлінген 11 млрд теңгеге 187 үйге ыстық су беріледі. Бүгінде конкурс жеңімпазы болған «Мелиоратор» ЖШС 119 үйде, «ВSG инженеринг» ЖШС 11 және «Көкшетаугидрогеология» АҚ 57 үйде жұмыс істеп жатыр.

Жыл он екі ай үзілмейді

Жоба бойынша атқарылатын басты жұмыс ыстық су тарту екені белгілі. Оған қосымша подвалдар тазартылады, суы құрғатылып, қоқысы шығарылады, құбырлардағы ақаулар жөнделеді. М.Кәрімбаевтың айтуынша, жұмыстың тәртібі мен талабы осындай. Сосын әр пәтерге құбыр, винтель және есептегіш құрал орнатылады.  Барлық үйдің подвалына ыстық су қондырғысы қойылады. Жұртшылық тарапынан «ыстық су тек қыста беріле ме?» деген сауал жиі көтеріледі екен. Жұмыс біткен соң  ыстық су жыл он екі ай бойы үзілмейді.

Кез келген бастама жолға қойылып, іске асып кеткенше түрлі кедергілерге кезігетіні белгілі. Пәтер иелерінің рұқсатын алу, жаңашылдықтың артықшылығына олардың көзін жеткізу де маңызды.  Қала әкімдігіне тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылған. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар тоқтаған жоқ. Корпорацияның басқарма төрағасы кеңесшісінің айтуынша, мердігерлерге құбыр тарту кезінде бұзылған, зақымдалған жерді жөндеу талабы қойылған. Бір сөзбен айтқанда, құбыр кіргізу үшін тесілген орынды бітеуге, кафель, плита бұзылса, қалпына келтіруге мердігер жауапты. Егер бұл талап орындалмаса, операторға хабарласуға болады.    

Жұмыс барысында тұрғындарға қолайсыздықтар туындайтыны да бар. Құрылыс материалдарын тасымалдау, подвалдарда жұмыс істеу кезінде қиындықтар болып жатыр. М.Кәрімбаев тұрғындар игілігі үшін қолға алынған жұмыс уақытында болатын ыңғайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырады. Мердігерлерге құрылыс материалдарын қоршау ішіне қою, қауіпсіздікті қатаң сақтау, әсіресе, ойын балаларына кедергі келтірмеу туралы ескертілген. 

Бағасы тиімді болмақ

Тұрғындарды алаңдататын басты сауал – «Аристонмен» ысытқан суға қарағанда құбырмен келген су қалтаға арзан түсе ме?

Маманның айтуынша, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы есеп жүргізген. Ол бойынша пәтерлерге тартылған ыстық судың бағасы жылытқыш қосқанда электр энергиясына кететін шығыннан арзан болмақ. Ыстық суға есептегіш құрал орнатылатынын жоғарыда атап өттік, яғни пайдаланылған суға ғана ақша төленеді.

Сосын көпқабатты тұрғын үйлерде қысым, яғни жоғары қабаттарға су көтерілмеу    проблемасы бар. Осы жобада әр подвалға қысымды арттыратын насос қою қарастырылған. Насостың қуаттылығы әр үйдегі пәтер санына байланысты. 

Тағы бір айта кетерлігі, бұл – ыстық су жеткізу жұмыстарының бастамасы ғана. Алдағы жылы қалған тұрғын үйлер қамтылады.

Облыс әкімі Н.Нәлібаев ыстық су тартуға бөлінген қомақты қаржыны тиімді, уақытылы және сапалы игерудің маңызын мәжіліс сайын айтып келеді. Биылғы жұмыс біткен соң келесі жылға жоспарланған  істерді осы бастан жүйелеуді, мердігерлердің екі ауысымдық режимге көшіп, жұмысты жеделдетуін тапсырды. Басты меже – тұрғындар жылу маусымында жылумен бірге ыстық сумен де қамтылуы тиіс.

Ыстық су – қала тұрғындарының қаншама жылдан бері күткен игілігі. Қаржысы шешілген, тиімділігі есептелген жоба. Ендігі жерде оның сәтті жүзеге асып, көптің қолданысына, пайдасына жаратылуы ғана қалды. Сондықтан тұрғындардың  уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарағаны ләзім.    

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА, 

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<