Жамбылдық делегация инфрақұрылымдық жобалармен танысты

323

0

Фото:

Жуырда Қызылордада өткен «URBAN-2025» ұлттық форумында қалалық теңгерімді бағдарлау және инклюзивті дамыту мәселелері талқыланып, бұл басқосу тәжірибе алмасу мен үлкен жобалардың алаңына айналған болатын. Қызылорда мегаполис болмағанымен, қарқынды урбанизация жолына түскен, қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасап келеді. Республиканың өзге аймақтарына шаһар тазалығымен, ауқымды жобалардың жүзеге асуымен үлгі.

Кеше облысқа Жамбыл облысынан делегация келіп, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, қаладағы маңызды нысандарды аралады.

Делегацияны облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қабылдады. Кездесуде тараптар әлеуметтік және эко­номикалық бағыттар бойынша пікір алма­сып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүм­кіндіктерін талқылады.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек және делегация мүшелері қала әкімі Нұржан Ахатовпен бірге орталық алаңды көрді. 

Шаһардың шырайын арттырып тұрған алаң былтыр жаңаша стильде жасанып, қайта жаңғыртудан өткен еді. Онда жаңа субұрқақтар орнатылып, газон мен көпжылдық жасыл көшеттер қала қонақтары мен жергілікті тұрғындарға жайлылық сыйлады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішіндемелер, жаңа үлгідегі орындықтар мен жарық бағаналары, балаларға арналған ойын алаңы да көрік беріп тұр.

Жамбылдық делегация мұнан кейін қайта жаңғыртудан өткен қалалық саябақ жұ­мысымен танысты. Демалыс орнының заманауи үлгісін көріп, ішін аралады.

Бұрын кіреберісте тұратын «Сыр ба­тырлары» ескерткіші «Тағзым» алаңына көшірілген. Ол жерге арка орнатылған. Қоршау да толық жаңартылды. Бетонды скейтпарк, 20-ға жуық аттракцион, кафе орналастыруға арналған және ойын алаңдары  бар. Жаңа субұрқақтар парктің барлық аумағын қамтиды. Ашық аспан астындағы амфитеатр күнделікті келушілерге мәдени қызмет көрсетуге, концерттік бағдарламалар қоюға арналған.

Бүгінде қалада бұрын-соңды болмаған жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – жақында іске қосылған, толық инфрақұрылыммен жабдықталған заманауи кірпіш зауыты. Жаңа өндіріс орны жылына 90 миллион дана кірпіш өндіреді. Бұл облыстың құрылыс саласының сұранысын орындауға жетеді.  Кірпіш зауыты толық автоматтандырылған, барлық талап­тарға сай жабдықталған.  Жаңа зауыт газбен жұмыс істейді. Көмір пайдаланатын ескі зауыттарға қарағанда эко­логияға зияны әлдеқайда аз.

Меймандар мұнан кейін жаңа жылу-электр орталығына аялдады. 240 МВт электр, 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін орталық құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Жобаның жалпы құны – 215 млрд теңге, «Aksa Energy» түрік компа­ниясының инвестициялық қара­жатымен салынуда. Сондай-ақ 180 МВт-тық 2 газ-турбиналық қон­дырғысы, 95 МВт-тық бу турбинасы, 2 бу, 4 жылу қазандығы салынады. Оған қоса 220 кВ әуе желісі қайта жаңғыртылады.

Жамбыл  облысы  әкімінің  орын­басары  Қ.Мә­дібек «Aksa Energy» түрік ком­пания­сының директоры Алган Сарачоглудан ком­панияның мұндай ауқымды жоба­ларды салудағы тәжірибесі туралы сұрап, жұмысына қызығушылық танытты.

«Қызылорда жылу-электр орта­лығының» директоры Бақытжан Молдимановтың ай­туынша, биылдан бастап газ-турбиналық қон­дырғылар іске қосылмақ. Оның біреуі қыр­күйекте, екіншісі желтоқсанда, үшіншісі келер жылдың наурыз айында пайдалануға берілмек.

– Бұл орталық облысты толық энер­гиямен қамтып, артығын басқа өңірлерге беруге жұмыс істейді. Қазір құрылыс жұмысы екі ауысыммен үздіксіз жүргендіктен, 70 пайызы аяқталды.  Оған 1500 адам мен 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылуда. Станцияда 150 адам жұмыспен қамтылмақ, – деді орталық директоры.

Жасыратыны жоқ, шаһарда жыл сайын көлік ағыны көбейіп, соның салдарынан кептеліс мәсе­лесі туын­даған еді. Ол да шешімін тауып, қазір 4 жолақты көшелер саны артып, қала орталығы кеңеюде. Жол сапасын жақсартудағы өңірдің бұл баста­ма­сына қонақтар қызығушылық танытты.

– Біз Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің арнайы тапсырмасына сәйкес, бір топ әріптестермен бірге тәжірибе алмасу үшін іссапармен келдік. Тұрмыстық қатты қалдықтар­дың уақытылы шығарылуын, әсіресе көпқабатты үй­лердің алдындағы тазалық жұмыстарының ұйым­дас­тырылуын көргіміз келеді. Жаңа электр энер­гиясына қатысты оңтайлы істермен таныстық. Шетелдік инвесторлардың тиімді жұмысын өзі­міздің тәжірибемізге қоссақ деген ойдамыз. Қа­лалық саябақ пен жағалауды да араладық. Бұл тұста жаяу жүргіншілер жолы мен вело­жолдар ұтымды ұйымдас­тырыл­ғанын байқадық. Сол се­кілді қалаға кіріп-шығатын автожолдардың кеңей­тілуі – ұтымды тәсіл. Қалаішілік көлік қозғалысы мен сыртқы айналма жолдар да жақсы ойлас­тырылған екен, – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.

Делегация Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 11 мың орындық стадионды, физика-математика ба­ғы­тындағы «Білім-инновация» лицей-интернатын да көрді. Білім ордасы 400 оқушыға арналған, зама­науи жаңа технологиялармен жаб­дық­талған. Мұнда зертханалар, робо­тотехника ка­бинеттері бар, олар оқушыларға ғылыми және техникалық дағды­ларды терең мең­геруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ физика, мате­матика және информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады.

Қонақтарға жаңа автовокзал, тарихи-өлкетану музейі, «Сыр жұл­дыздары» шы­ғармашылық-иннова­ция­лық академиясы, «Қорқыт ата» әуежайы, Президент саябағы, «Анаға тағзым», арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, онкология, еңбек мо­бильділігі орталықтары, бірқатар емдеу меке­месінің жұмысы да таныстырылды.

Сапар аясында екі өңірдің сала мамандары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, атаулы әлеу­мет­тік көмек тағайындау, отбасы инс­титутын нығайту және халықты жұмыспен қамту мәселелері бо­йынша кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиында әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, осал топтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және еңбек нарығындағы тиімді тәжіри­белерді бөлісу жайын талқылады. Екі тарап алдағы уақытта да өзара тығыз байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс жүргізуге ниетті екенін білдірді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»