Жанармай нарығы: Тәуліктік лимит мәселені шеше ала ма?

507

0

Сурет ашық дереккөзден

Алдағы жұмадан бастап елімізде шетел азаматтары үшін бензин мен дизель отынына жаңа бөлшек сауда бағасы енгізіледі. Мұндай өзгерістер ҚР Энергетика министрінің жанармай құнын реттейтін түзетулері нәтижесінде енгізіліп отыр.

«АИ-92» маркалы бензин мен дизель қазақстандықтарға 2023 жылдың көктемінде Үкімет белгілеген бағамен сатыла береді. Бірақ жеңіл көліктер үшін 100 литрге дейін, автобустар мен жүк көліктері үшін 300 литрге дейін шектеу қойылған. Шетелдік жүргізушілер үшін бензин қымбаттайды. Ал дизель, керісінше, 450 теңгеден 315 теңгеге дейін арзандайды.

Жаңа қаулыда қаралған шектеулер

Сонымен, салалық министрлік қаулысына сәйкес шетел азаматтарына «Аи-80» маркалы бензинінің 1 литрі 89 теңге болмақ. «Аи-92» және «Аи-93» маркалы бензин 245 теңге. Ал Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі барлар тәулігіне 100 литрге дейін, әр литрін 205 теңгеден алуына болады. Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін және мотоциклдерге, жеңіл, жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде – 1 литрін 205 теңгеден сатып алуға болады.

Сондай-ақ қосылған құн салығын қосқанда дизель отынының бағасы шетелдік азаматтарға 315 теңге болып бекітілді. Қазақстандық жүргізушілерге тәулігіне 100 литрге дейін, 1 литрі 295 теңгеден сатылады. Ал Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткендер тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде, әр литрін 295 теңгеден алуына болады.

Өзгерістер күшіне енгеннен кейін арзан бағамен жанармай құюды қалайтын қазақстандықтар тәуліктік лимитті бақылау үшін жанармай құю бекетінде жүргізуші куәлігі мен тіркеу куәлігін ұсынуы қажет.

Өз кезегінде жанармай құюшылар күнделікті лимитті бақылау үшін деректер базасына әрбір сатып алу туралы ақпаратты енгізіп отырады. Бұған дейін дизельдік отынды сатуға да осындай талаптар енгізілген болатын. Бірақ бүгінде Қазақстандағы жанармай құю бекеттерінің көпшілігінде дизель құжатсыз сатылып жатыр. Негізінен шекаралас аймақтардағы жанармай айналымы ғана қатаң бақылауға алынған.

Айта кетсек, көршілес елдерде дизельдің бағасы әлдеқайда қымбат болғандықтан, кейінгі жылдары оның шетелге көптеп жөнелтілуі елдегі жанармай құю бекеттерінде тапшылық тудыруда. Осыған байланысты 2022 жылы министрлік дизельдің құны сатып алу көлемі мен азаматтығына қарай әр литріне 230 теңгеден 450 теңгеге дейін сараланатын арнайы қаулы да шығарған еді. Ал қазақстандық жүргізушілер жанармай құю бекеттеріндегі дизель тапшылығына жиі шағымданады.

Тапшылықты толық жою мүмкін бе?

Жыл сайын тамыз-қыркүйек айларында жанар-жағармай құю бекеттерінде дизель тапшылығы туындайды. Қазақстандықтар үшін бұл да жылу маусымы алдында көмір тапшылығы болатыны сияқты үйреншікті нәрсеге айналған. Оған қоса, сала басшыларының тапшылықтың себебіне қатысты жауабына да қанағаттанбайтындар көп. Мәселеге қатысты сарапшылардың пікірлері де әртүрлі.

Жалпы еліміздің мұнай өңдеу зауыттары қажетті мөлшерде дизель өндіруде. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеңілдік те қарастырылған. Бірақ тапшылық мәселесі толық шешілмей отыр.

Ұзақ уақыт бойы тапшылық ел ішінде жанар-жағармай өндіру деңгейінің жеткіліксіздігімен түсіндірілді. 2006-2007 жылдардан бастап елдің жанармай нарығы импортқа қатты тәуелді бола бастады. Ал 2014 жылға қарай елдің импортқа тәуелділігі бензинге ішкі сұраныстың 25%-ын, дизель отынына 15%-ын, авиакеросинге 27%-ын құрады.

Мәселені шешу үшін үш мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудан өтті. Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталып, нәтижесінде мұнай өңдеудің көлемі 20%-ға артты. Сәйкесінше, 2017 жылдан бері Қазақстанда бензин өндіру көлемі 3 миллион тоннадан 5,3 миллион тоннаға, ал дизель жылына 4 миллион тоннадан 5,2 миллион тоннаға дейін өсті.

Бірақ мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мәселені шеше алған жоқ. Шаруаларға жасалған жеңілдіктер де айтарлықтай нәтиже бермеді. Агросалаға арналған дизель қалыпты нарықтық бағамен сатылды. Тіпті, бұған тоқтау салу үшін шаруаларға арналған дизельді әртүрлі түстермен бояу секілді шаралардан да нәтиже шықпады. Дизельдің ауылшаруашылық мақсатында емес, тұрақты сатуға пайдаланылуы тоқтаған жоқ. Оған қоса, сарапшылар контрабандалық жолмен көршілес елдерге де тасымалдау үлесі жоғары екенін айтуда. Сондықтан дизель бүгінде бензиннен қымбат.

Бір қызығы, мамандардың айтуынша, дизельдің өзіндік құны танымал «АИ-92» маркалы бензиннен арзан. Бірақ тапшылық салдарынан нарықтағы бағасы одан қымбат. Тауар тапшы болса, бағасы көтеріле бастайтыны өздігінен түсінікті. Кейбір сарапшылар жағдайды елімізде орын алған қант тапшылығымен салыстырады. Қарапайым тілмен айтсақ, қант тапшы болды – лезде бағасы көтерілді. Содан кейін қайтадан дүкен сөрелері тола бастады. Бұл ретте барлық тауарларға қатысты тапшылықты Үкімет өндірістің көлемін ұлғайту арқылы емес, осы өнімнің бағасын көтеру арқылы шешеді деген пікір басым.

Ойлап қарасақ, дизельдің нарықтағы бағасы «АИ-98» бензинімен шамалас. Бірақ олардың өндірістік шығындарында үлкен айырмашылық бар. Сондықтан еліміздегі мұнай өндірушілер мен сатушылар осы айырмашылықтан пайда тауып, дизель отынының құнын жасанды түрде өсіреді деген қоғамда қалыптасқан пікір де негізсіз емес.

Қалай дегенмен, тапшылық мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Оған қоса, тұтыну көлемі де өсуде. Ресми деректерге сәйкес, 2022 жылмен салыстырғанда былтыр елімізде бензин тұтыну 4%, дизель отынын тұтыну 3%-ға артқан.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, былтыр 5,3 млн тонна «АИ-92», «АИ-95», «АИ-98» маркалы бензин өндірілсе, оны тұтыну көлемі 5,1 млн тонна болған. Ал 5,2 млн тонна өндірілген дизельге сұраныс 5,6 млн тоннаны құраған.

Сондай-ақ биылға арналған жоспарға сәйкес, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында автобензин өндірісі 5,1 млн тонна, дизель отыны 5,2 млн тонна болуы тиіс. Бұл ретте Үкіметтің көршілес Ресеймен мұнай өнімдерін импорттау бойынша келісімдері бар. Атап айтсақ, биыл қажет болған жағдайда Қазақстан Ресейден 285 мың тонна автобензин, 450 мың тонна дизель импорттай алады.

Өндіріс өсімі тұрақты, баға тұрақсыз

Бір сөзбен айтқанда, өндіріс көлемінің тұрақты өсуіне қарамастан, баға тұрақсыз. Үкімет жыл сайын мұнай өнімдерін экспорттауға уақытша шектеулер енгізеді. Жанар-жағармайдың әлеуметтік түрлеріне шекті бағалар белгілейді. Тіпті қазақстандық жүргізушілерге шетелдіктерге қарағанда арзан бағаны бекіту де бұрыннан бар шаралар.

Сала басшылары мұндай шаралар мен туындайтын проблемаларды бағаның теңгерімсіздігімен, Қазақстандағы арзан жанар-жағармайдың көлеңкелі экспортымен түсіндіреді. Мысалы, Энергетика министрлігі мәліметінше, көрші елдерде «АИ-92» маркалы бензин бағасының айырмашылығы 19%-дан 170%-ға дейін, дизель отынының бағасы 7%-дан 107%-ға дейін.

Бұл ретте министрлік бағаны мемлекеттік реттеу Қазақстанның ЕАЭО елдері арасында жанар-жағармай ең арзан ел болуына алып келетінін айтады. Салдарынан көрші елдерге заңсыз тасымал мен көлеңкелі экспорт тәуекелдері туындайды. Сондықтан көршілес елдермен бағаны теңестіру қажетін алға тартады.

Дегенмен, кейбір деректерге көз салсақ, еліміздегі жанармай бағасы айтарлықтай арзан емес сияқты көрінеді. Мысалы, «GlobalPetrolPrices» мәліметтері бойынша, Қазақстан жанармай бағасынан әлемнің барлық елдері арасында соңғы ондықта. Әлем бойынша бір литр бензиннің орташа құны $1,34 болса, елімізде оның бағасы $0,5 құрайды. Ең төменгі баға Иранда – литріне $0,3. Ал мұнай экспорттаушы елдерде орташа баға литріне $0,7 құрайды.

Еліміздегі жанар-жағармай нарығының проблемасы көрші елдермен арадағы баға айырмашылығында ғана емес. Жылдар бойы нарық қолдан реттелді. Ал бағаны нарық қалыптастырды деп айту қиын.

Мысалы, мұнай өндіруші кәсіпорындар еліміздің өңдеу зауыттарына өнімді нарықтағыдан әлдеқайда арзан бағаға өткізеді. Мұның өзі әрбір кен орны бойынша жеке реттелетін, міндетті стандарт ретінде бекітілген. Сондай-ақ дайын жанар-жағармай бірінші кезекте жеткізілетін тұтынушылардың басым топтары бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, жылумен жабдықтаушы ұйымдар, қарулы күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандар, тағы да басқа мекемелер.

Сонымен қатар, жоғарыда біз келтірген деректерден транзиттік тасымал көлемі ұлғайып, ел ішіндегі көліктердің саны да көбейіп, тұтыну өндіріске қарағанда қайтадан жылдам қарқынмен өсіп жатқанын аңғаруға болады.

Тағы бір айта кетерлігі, Отын-энергетика кешенін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында мұнай өңдеу зауыттарына, оның ішінде шағын зауыттарға қойылатын талаптарды күшейту көзделген. Алдағы уақытта оларды жаңғырту талап етілмек. Атап айтқанда, бұл талаптар жалпы өндіріс көлемінің кемінде 45%-ын құрайтын сұранысқа ие мұнай өнімдерін өндіруге қатысты болады. Аталған саланың өкілдері қазірдің өзінде бұл жұмысқа мемлекеттік қолдау көрсету мәселесін көтеруде.

Қорыта айтқанда, еліміздің жанармай нарығында мәселе жеткілікті. Бұл ретте енгізіліп отырған жаңа өзгеріс – тәуліктік лимит мәселені қаншалықты шеше алатыны да әзірге белгісіз. Сондай-ақ жаңа ереже қалай жұмыс істейді, оның сақталуы қалай қадағаланады, бұл сауалдар бойынша да уәкілетті органдар әлі нақты жауап бермей отыр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<