Жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы

9

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комис­сия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Консти­туциялық комиссия төрағасының орын­басары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәсе­лелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиен­баевты қабылдады.

Мемлекет басшысына Комиссияның жаңа Конституция жобасы бойынша атқарған жұмысы туралы мәлімет берілді.

Эльвира Әзімова Комиссияның осыған дейін өткен он екі отырысының нәти­жесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленгенін баяндады. Жаңа Конституция мәтіні азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдарына жолдаған бастамалары негізінде дайын­далды. Сондай-ақ жобада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қазан-қаңтар айлары аралығында жинақтаған тәсілдер де ескерілді. Эльвира Әзімова Конституциялық комиссия талқылау қоры­тындысы бойынша жаңа Конститу­ция жобасын жалпыхалықтық референ­думға шығаруды ұсынатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның өте ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, жаңа Конституция ережелері мемлекетіміздің институционалдық не­гізін трансформациялау үдерісі толы­ғымен аяқталып, мүлде жаңа консти­туциялық үлгіге көшетінін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын ай­қындап қана қоймай, Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалай­тынын айтты.

Президент маңызды жұмысты кәсіби тұрғыда атқарған Конституциялық комиссия мүшелеріне ризашылығын біл­дірді. Сондай-ақ Комиссия мүшелерінің жаңа Конституция жобасын тікелей эфир­де талқылауы қоғамдық диалогтің жоғары деңгейін танытқанына назар аударды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жобаны әзірлеу мен талқылауға мыңдаған азаматтың белсене атсалысқанына тоқ­талып, бұл «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасына сай ке­летінін және жаңа Конституцияның шы­найы халықтық сипатын көрсететінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдау бойынша рес­публикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.