Жаңа бетбұрыстың байыпты жолы

6

0

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды жиынынан кейін қоғамда түрлі пікір талқысы болып жатыр. Шын мәнінде, бұл тағдыршешті мәселелермен айшықталған аса маңызды басқосу болды.

Осы ретте «Сыр бойы» газетінің «Талқы» айдарында бірқатар қоғам қайраткерлері және сала өкілдерімен пікірлесу сәті түсті. Нақтырақ айтқанда, «Талқының» пікір алаңында мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұрат Бақтиярұлы, Нажмадин Мұсабаев, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Бауыржан Елеусінов және ҚР Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов Ұлттық құрылтайдан түйген ой-тұжырымдарын ортаға салды. Басқосуды газеттің бас редакторы Қуат Шарабидинов жүргізді.

Қуат Шарабидинов: – Қош келдіңіздер!

Алдымен арамызда күні кешегі Ұлттық құ­рылтайда Президент қолынан мемлекеттік марапат алған Мұрат Бақтиярұлы ағамызға тағы да құтты болсын дейміз.

Сонымен Қызылордада өткен тарихи жиынның мазмұны мен ел өміріндегі тың өзгерістер бастауына қатысты жаңалықтар бәрімізге аян. Әйтсе де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөз басында Қызылорда облысында, әсіресе әлеуметтік салада, инфрақұрылымды дамытуда жүзеге асып жатқан іргелі істерге оң баға берді. Бұл ретте Президент еңбек адамдарына ерекше тоқталғанын да жақсы білесіздер.

Қандай ой қорытуға болады?

Теңіз – тіршілік өзегі

Мұрат Бақтиярұлы: Ықылым заманнан бері Қазақ хандығы мен сол уақыттағы халық тарихында болып келген Ұлттық құрылтайдың рөлі әр дәуірде орнын айқындап келді. Ал Сырда өткен бесінші Ұлттық құрылтайдың негізгі өзегі – ел мүддесі, халық мәселесін тағы бір саралау. Әрі оның бір ғасыр бұрын қазақ атауын қайтарған Ақмешіт жеріндегі өтуі – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тарихи шешімі.

Осы басқосуда Мемлекет басшысы айтқан көптеген мәселе мен ұсыныстар осыған дейін БАҚ беттерінде айтылып, жазылып жүрді. Саяси және экономикалық мәні бар Ұлттық құрылтайда өзіме ұнаған екі мәселені баса айтқым келеді.

Алғашқысы – Кіші Аралдың қазіргі жағдайы. Бұл – ауқымды тақырып. Қазір мұны нағыз су шаруашылығының (Жорабек Нұрымбетов – автор) маманы толықтырады деп сенемін.

Президент айтқан екінші ұнамды сөз – жол инфрақұрылымы. Ұмытпасам, 2008-2009 жыл­дары біздің өңірді кесіп өтетін «Батыс Еу­ропа-Батыс Қытай» автожолының құрылысы жүрді. Қаржылық қиындық болып, әу баста Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі жол төрт жолақтан екі жолаққа ауысты. Осылайша І санатты болып салынатын жол ІІ санатқа ауысты. Ал Алматыдан бері қарай біздің облыс орталығына дейінгі жолдың төрт жолақты, І санатты екені белгілі.

Енді осы екі жолақты жолдың қиындығы кейінгі 7-8 жылда анық байқалды. Өйткені, жеке автокөліктерден бөлек, жүк тасымалы күрт артты. Бұдан кейін мәселе туатыны айтпасақ та белгілі. Рас, аталған бағыттағы жолдың тарлығы бұған дейін де айтылып келді. Бірақ кешегі құрылтайда Мемлекет басшысы соңғы нүктесін өзі қойды. Техникалық құжаттары сараптамадан өтті, тиісті қаржы биыл шешіліп, ауқымды құрылысы басталатын болды. Бұл құрылыстың қаржысы республикалық бюджеттен және арнайы қолдау банктерден алынбақ. Жол құрылысы басталса, алдағы екі жылда тәмамдалады деген сенім бар.

Ұлттық құрылтайда заманауи кітапхана салу мәселесі де сөз болды. Жергілікті атқарушы орган ендігі жерде құрылыс орнын анықтап та жатқан шығар. Жалпы елімізде кітапхана, кітап оқыту мәселесі – үлкен мәселе. Бұл нысан қала орталығынан керемет үлгіде салынады деп ойлаймын. Ал Президент айтқан жаңа драма театрының құрылысы да көп кешікпейтіні анық.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сырдың бойына, біздің облысқа деген шын ықыласын республика естіді. Көрсеткіш жоғары, даму қадамы қарқынды. Бұл – барша қызылордалықтар үшін үлкен жетістік.

Жорабек Нұрымбетов: Дұрыс айтасыз, Мұ­рат Бақтиярұлы. Басқосуда Президентіміз облыс­тың өзге өңірлерден оқ бойы озық екенін әр сала бойынша талдап айтқаны бәрімізді қуантты. Атқа­рылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, жоғары баға берді.

Ал Ұлттық құрылтай барысында айтылған мәселелердің қай-қайсысы да өзекті. Расымен де Сыр елінің басты күнкөрісі суға байланысты екені ақиқат. Бір белгілі нәрсе, біз Тәуелсіздік алғалы бері есептесек, Қазақстанға көршілес үш мемлекетте Су министрлігі жұмыс істеді. Бізде мұндай құрылым жойылды. Осы мәселені біз ұдайы көтеріп жүрдік. Екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Кемелұлы жағдайды зерделеп, елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігін құруға шешім шығарғаны есте. Сол уақыттан бері көп өзгеріс бар.

Бізде Арал теңізінің деңгейі 18 млрд текше метрге дейін түсіп кеткен еді. Кейінгі екі жылда қайтадан 23 млрд текше метрге жетті. Демек, істеліп жатқан жұмыс жоқ емес. Бұған дейін Сыр­дария суына ортақ көрші мемлекеттермен кез­десулер өткенмен, олардың тарапынан еш­қан­дай келісімшартқа қол қойылған жоқ. Был­тырдан бері Президент Ташкенттегі көрші мем­ле­кеттердің басшыларымен кездесуде бұл мәсе­ленің шешілуіне қол жеткізді. Тиісті құжатқа да қол қойылды.

Табиғаттың заңдылығына қатысты су тап­шылығы жылдан-жылға күрделеніп барады. Тау­дағы мұздақ не жауын-шашынның аз түсуі осыған тікелей әсер етеді. Бірақ қанша су аз дегенмен де біз Арал теңізіне құятын суды еш кемітпеуіміз керек. Жақында Ташкентте екі елдің салалық министрлері кездесіп, бұл жағдай тағы да пысықталды. Бұл жерде судың көлемін әділ бөлуге қол жеткіздік. Әрі келетін судың көлемін өзіміз де біліп отыратын болдық.

Теңізге көмек беру, қолдау шаралары тоқтап қалмайды. Жалғаса береді. Осыған дейін «Сыр­дария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші бөлігі жүзеге асты. Осының арқасында Сырдағы балық шаруашылығы қайта жанданып, ондағы елдің әлеуметтік әлеуеті де көтерілді. Қазір осы жобаның екінші бөлігін іске асыру мұқият зерделеніп отыр.

Президенттің Біріккен Ұлттар Ұйымы ая­сында Халықаралық су ұйымын құру және алдағы сәуірде өтетін Халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қорына мүше мемлекет басшыларымен Арал мәселесін талқылау туралы айтқаны көпшілікке бірден ұнағанын айту керек. БҰҰ-да бұл мәселелер кеңінен қозғалса, аталған ұйым құрылып, оған Сырдария өзенінің жағдайы кірсе, мемлекеттер арасындағы суды бөлісуде нақты тәртіп орнайды деп ойлаймын.

Сондай-ақ «Көкарал» бөгетін қайта биіктету, яғни бағдарламаның екінші бөлігіне қаржыны шетелден тарту жұмысы Үкіметте сөз болды. Қазір осы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі даяр тұр. Жалпы Арал тағдыры, ондағы су тапшылығы әлем деңгейінде қозғалса, жағдай анағұрлым дұрысталады. 

Бұған дейін бір айтылған ұсыныс – Сібір өзендерін бұру арқылы Сырдария арнасына су әкелу жайы болатын. 1975-1976 жылдары мұндай үлкен жоба болған. 80-жылдарға қарай жұмыс енді басталғалы тұрғанда «Ресей экологиясына зиян» деген желеумен айтқан бірқатар ака­де­миктің қарсы пікірімен аяқсыз қалған. Бұл ұсыныстың арасында өзіміздің солтүстіктен бас­тау алатын өзендер мен көктемде Сырдария арнасына еріген қар суын пайдалану туралы да бар. Арнайы есепке жүгінсек, біздің өзенімізге осы әдіспен жылына 5 млрд текше метр су тас­тауға болады екен.

Осы жердің перзенті ретінде көңіліміз марқайып отыр

Нажмадин Мұсабаев: Біріншіден айтарым, бұл құрылтай тарихи белеске тұспа-тұс келді. 1925 жылы Сыр бойының бас қаласы Қазақ АССР астанасы болып, «қазақ» атауы қайта жаңғырған еді. Арада жүз жыл өткенде бесінші құрылтайдың осы қалада өткізілуі тарихи сабақтастық дер едім. Одан бері талай уақыт өтті, буын алмасты, тарих өзгерді. Соңғы құрылтай Қызылорда қаласының ғана емес, бүкіл облыстың жасарып- жайнап, қайта жаңғырып, даму кезеңінде өтті. Сыр топырағына алғаш рет табан тіреген немесе соңғы 15-20 жыл көлемінде келмеген адамдардың пікірін тыңдап, осы жердің перзенті есебінде көңіліміз марқайып отыр. Расымен, Қызылорда басқа өңірлерге қарағанда барлық жағынан өркендеп келеді. Мемлекет басшысының облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының аймақ дамуы бағытында атқарған еңбегіне жоғары баға бергені халықтың да мерейін өсірді.

Он жыл Арал ауданының әкімі болған, сол қызметтен зейнетке шыққан адам есебінде, теңіз тағдырына қатысты Президент көтерген мәселеге тоқталғым келеді. Аралдың тартылуы – жалғыз Қазақстанның емес, Орта Азияның, тіпті жер жүзінің қасіреті. «Арал тағдыры – адам­зат тағдыры» деп те айтып жүрміз. 1992 жылы Қызылорда қаласында 5 республиканың бас­шылары қатысқан Арал проблемасы жөніндегі өте маңызды жиын өтті. Аралды құтқару жө­ніндегі қор құрылды. Содан кейін бұл проблемаға әлемнің назары ауды. Қызылорда облысын бас­қарған қоғам және мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухамановтың кезінде «Арал өңiрiндегi эко­логиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» қаулыны қабылдау жөніндегі үкіметтік комиссияның құ­рамында болдым. Қызылорда облысының әлеу­меттік-экономикалық дамуы бойынша шұғыл ша­ралар жөніндегі қаулы шықты. Халыққа жағ­дай жасау қиын болып тұрған шақта 21 пункт­тен тұратын қаулы қабылдау ерлікпен пара-пар еді. Жұрт қазір соның игілігін көріп отыр. Қызылорда инженерлік-экономикалық инсти­туты құрылды. Облысымыздың сол кездегі бай­лығы – мұнайдың есебінен оқу ғимараты, жа­тақханасы, ТМД-да теңдесі жоқ аурухана са­лынды. Бұл заңның шарапатын Қызылорда ғана емес, Жезқазған облысының сол кездегі Жезді, Ақтөбе облысының Ырғыз аудандары, сол кез­дегі Оңтүстік Қазақстан облысының 3 ауданы сезініп отыр. Қызылордаға көршілес өңірлердің жақын аудандарын қамту жөнінде маған кеңес берген академик Балмұханов еді. «Сол кезде ғана сол өңірлерден сайланған депутаттар заңды кедергісіз өткізеді» деген болатын ағамыз. Шындығында солай болды. Заңның үш бабы әлі күнге күшінде. Біз енді Кіші Аралдан айырылып қалмаудың қамын жасауға тиіспіз. Әйтпесе, экологиялық қасірет бұдан да күрделене түседі. Президент бастамалары облыс тұрғыны ретінде болашаққа үмітімізді арттырды.

Бауыржан Елеусінов: Арал мәселесі облы­сымыз, еліміз немесе орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Теңіз таба­нынан көтерілген тұз Канада, Жапонияға дейін тараған. Су тапшылығы жылдан-жылға күрделене береді. Себебі Арктика мен Антарктидада мұз еріп, ғаламдық жылыну процесі жүріп жатыр. Ғалымдар мен табиғат жанашырлары жердің орташа температурасы қауіпті шекке жеткенін, алып мұздықтардың еруі қоршаған ортаға кері әсерін тигізе бастағанын айтып, дабыл қағып отыр. Парижде өткен жаһандық жылыну жөнін­дегі жиында Тәжікстан президенті Эмомали Рах­монов көлдерге жойылу қаупі төніп тұрғанын жасырмады. Бұдан бізге келетін су мөлшері азая­тыны түсінікті. Су – қайтадан қалпына келмейтін ресурс. Сондықтан оны ұқыпты әрі үнемдеп пайдалану арқылы ғана тығырықтан шыға аламыз. Бұл – Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың бірі. Елімізде 143,1 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары қолданылса, шамамен 500 млн текше метр суды үнемдей аламыз. Алдыңғы жылы Қытайда болып келдім. Суды біздегі сияқты пайдаланбайды. Тамшылатып суару әдісін жиі қолданады екен. Сондықтан біздің облысқа да суды үнемдеу технологияларын барынша кеңінен қолданысқа енгізу керек. Талапқа бағынбаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастыру керек. Таразының бір басында егін, әсіресе, суды көп қажет ететін күріш шаруашылығы, ал екінші басында Арал экологиясы тұр. Сондықтан күріш егістігінің көлемін реттеу керек.

Қуат Шарабидинов: Қоғамда болып жат­қан қатыгездік, оқыс оқиғалар тұрғысында Прези­дент қатты сын айтты. Қандай ой қосасыздар?

Берік Саймағамбетов: Бұл ішкі мәдениетке қатысты деп ойлаймын. Оны қалыптастыру үшін аз уақыт кетпейді. Баланы бесіктен бастап тәрбиелеу керек. Ұрпақ тәрбиесі деген күрделі мәселе. Қазіргі қоғамда әкесін ұрып-соғып жат­қандарды, шешесі қызын ақша үшін сатқанын да көріп отырмыз. Ол – азғындыққа кетіп бара жатқан деген сөз. Мектептерде «Біртұтас тәр­бие», «Адал бала» деген тұжырымдарды қолға алуда. Дегенмен олардың да концепциясын жан-жақты қарастыру керек. Біздің бұрыннан келе жатқан ұлттық тәрбиеміз бар. Сол нәрсе еш­­қандай институтсыз жұмыс істеп келді. Қан­шама ұрпақты тәрбиеледі. Ал енді қазір балалар ғаламтор арқылы, түрлі платформалар бойынша тәрбиеленіп жатыр. Балам жыламасын деп, теле­фонды қолына ұстата салатындар бар. Ол баламен әкенің де, шешенің де шаруасы жоқ. Сондықтан да біз баламен қосып ата-анасын да тәрбиелеуіміз керек.

Құрылтайға келетін болсақ, бұл – тарихи оқиға. Осыдан бір ғасыр бұрын астана болған уақыттағы зиялылардың ізі бар жерде өтуінде үлкен маңыз бар. Сол уақытта қуғын-сүргін көр­ген біздің тұлғалардың зары жатыр бұл жер­де. Жыршылық пен жыраулықтың үзілмеген дәс­түрі жатыр. Сыр елінде ұйымдастырылуы саяси са­бақтастық және тарихпен табысу деп ойлаймын.

Жиында Мемлекет басшысы мәдениет пен рухани өмірге арнайы тоқталды. Музей ісін дамыту да маңызды екенін айтты. Осы ретте облыста ашылған жаңа тарихи музейді ерекше атады. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолдан­ғанын да атап өтті. Алдағы уақытта өңірде жаңа драма театр, заманауи кітапхана салынатынын жеткізді. Бұл жас буынның рухани танымын кеңейтіп, мәдениетті ұлт болуға септігін тигізеді.

Құрылтайда көп мәселе айтылуы мүмкін. Бі­рақ оның орындалуымен өлшенеді ғой. Сон­дық­тан нәтижесін қоғам болып қабылдап, жақсы­лығына қуанып, ұлт ретінде ұйысып, тірлік жа­са­уымыз осыдан басталады деп ойлаймын.

Ашықтық алға жетелейді

Қуат Шарабидинов: Мемлекет басшысы әдеттегі мерзімінен бұрын өткен осы құрылтайда саяси, парламенттік реформаға қатысты тың жаңалықтар ұсынды. Қан­дай пікірдесіздер? Мұрат Бақтиярұлы, Парла­менттің ішкі-сыртқы қызметі, көтерер жүгі сізге жақсы таныс дегендей…

Мұрат Бақтиярұлы: Қазақстан Тәуелсіздік ал­­ғаннан соң Жоғарғы кеңес құрылып, арнайы заң қабылдайтын өкілетті орган болды. 1993 жылы Конституция қабылданып, Жоғары кеңестің статусы күшейді. 1995 жылы Конституция қай­та қабылданып, сол арқылы Жоғарғы кеңес таратылғаны да белгілі. Артынша қос палаталы Парламент дүниеге келді. Оған дейін бір палаталы болып келген болатын.

30 жыл уақыттан соң біз қайта бір палаталы Парламентке ауысқалы отырмыз. Өткен жылы қыркүйектегі Жолдауында Президент бұл мәсе­лені ашық айтқаны жұртқа мәлім.

Әлем тәжірибесіне сүйенсек, көп мемлекет­тердің Парламент жүйесі жиі өзгеріске ұшырайды. Енді сұрақ. Қазақстанға да мұндай өзгеріс, яғни бір палаталы, одан соң екі палатаға ауысу, ал осы жылы қайта бір палаталы Парламентке көшудегі себеп неде?

Ашық айту керек, еліміз отарлық жүйеде, қысымда болды. Арғысы патша үкіметі, одан кейінгі 70 жыл кеңес құрамындағы республика атандық. Билік Мәскеуге жалтақтады. Ал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қоғамдағы ең мықты азаматтар Жоғары кеңеске сайланды. Әлі есімде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды заңгер-ғалымдардың сол органда болуы ел дамуына, мемлекеттің қалыптасуына көп әсер етті. Олар популизмге жұмыс істемеді әрі өз саласы бойынша нағыз кәсібилері болды. Бір ғажабы, сол уақыттары сайлау жүйесіне жо­ғарыдан нұсқау да болмайтын. Халық белсен­ділігі де сайлауда жоғары болды. Өйткені, ел жайын анық түсінетін беделді адамдар додаға түсіп жатты. Нағыз мықтылар додаға түскенде басым дауыс деген аз болатын. Сайлаудың соңғы бәсекесінде екі кандидат қалса, соның біреуі аз ұпаймен дауыс жинап, депутаттыққа өтіп жүрді. Себебі – қарсыласы да осал емес. Ел арасында беделі мол азамат. Мысалы, өзім 1999 жылы облыстық мәслихат сайлауына қатыстым. Әр сайлау округтерінде біздің де, қарсыластың да сенімді өкілдері тұрды. Сонда дауыс ұрлау, күмәнді бюллетень салдыруға жол бермеді. Менің білетінім, 2004 жылға дейінгі ел ішіндегі сайлаулар дұрыс әрі әділетті өтті.

Ал 2007 жылдан бері партиялық тізіммен депуаттық мандат беріліп кетті. Рас, мұның да жақсы жағы жоқ емес. Бірақ сайлауға түсетін партиялар арасында бәсеке болғаны дұрыс. Міне, осындай ел арасындағы бәсекеге қабілетті, оза шабатын тұлғалар топтасқан мықты құрылым болғаны дұрыс.

Сондықтан Президенттің құрылтайда айтқан сөздері, бір палаталы парламент көптен бері пісіп келе жатқан дүние десек болады. Өз басым 12 жыл сенатор болғанымда, дұрысы 2015-2016 жылдары Сенаттың артық құрылым екеніне көзім жетті. Қараңыз, заң жобасы Мәжіліске келіп түседі, онда кемінде 3 ай қаралады. Ол талқыдан соң Сенатқа келеді. Сенат тәртібімен ол құжат бір, бір жарым ай қаралады. Сонда қабылданатын заң 5-6 ай, тіпті жарты жыл дейікші, кешігіп жүреді. Мұның қажеті бар ма?

Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев білді. Өйткені, оған дейін де Мемлекет басшысы бұл қызметтің басында болды. Менің түсінігімше, бұл қадам Сенатты тарату емес, біртұтас Парламент құру болмақ. Сондай-ақ Президенттің ұтымды ойы – оған «Құрылтай» атауын беруі. Қазақстан Республикасының құрылтайы. Маған осы өзгеріс атауы жақсы ұнады.

Енді осы құрылтайға сайлау қалай жүреді? Осыған тоқталайық. Қазір бізде тіркелген 6 партия бар. Кез келген елде билік партиясынан бөлек, өзіндік басым бағыттары бар өзге пар­тиялар сайлауға түсетіні рас. Қазақстанда 12 млн-ға жуық сайлаушы бар десек, соның бір жарым миллионы кез келген партия тізімінде бар. Ал қалған сайлаушылар құқы ше? Айтқым келгені, партияда жоқ адам сайлауда дауыс бермеуі мүмкін ғой. Менің ойымша, бұл жерде қай партия болмасын, өз үміткерлерінің есімін жария түрде айтқан дұрыс. Әрі олар партия үшін үгіт-насихат кезінде тікелей ел арасында жүруі тиіс. Ал біз бас салып, «мына партияға дауыс бердік» дегенмен, ол партия атынан депутаттыққа баратын адамның кім екенін әрі білім деңгейін білмейміз. Партия тізімінде қандай азаматтар барын білген сайлаушы ол партияда болмаса да өзі көп үміт күтетін тұлға үшін сол партияға дауыс беруге ұмтылатыны анық. Бұған дейінгі сайлауларда осы мәселе мүлде қамтылмады.

Енді партияларды сайлап алдық, сол құрам­мен депутаттық мандатқа қол жеткізгендер тізім­мен Парламентке өтті делік. Әлем елдерінде мы­надай нәрсе бар, Парламенттегі әр сала бойынша құрылатын комитеттер құрамына нағыз сарапшы мамандар кіргені дұрыс. Олар өткізген отырыс, талқыланып жатқан заң жобасы да халық ал­дында тікелей теларна не әлеуметтік желінің ті­келей эфирінде көрсетсе деймін. Шектеу бол­мауы тиіс. Бұл қазіргі цифрлы заманда қиын емес. Мұндай ашықтық Ресейдің мемлекеттік думасында, басқа мемлекеттерде де кездеседі. Бұл – сайлаушылардың өз партиясын, ондағы депутат­­тардың жұмысын тікелей бағалауға мүмкіндік.

Депутатты саяси шешім қабылдайтын тұлға деп танысақ, ол нақты өз ісін терең меңгергені жөн. Қазір мінберде тұрып, популизммен айналысатын азаматтарды халық біледі. Парламент мүшесі болып отырған азамат айтатын сөзін, жеткізер ойын әбден саралап айтқаны дұрыс болады. Үлкен мінберде отырып, анасын туған күнімен құттықтау – абсурд. Тағы қайталап айтсам, депу­таттыққа кез келген саладан тәжірибесі мол, кемінде 20-25 жыл еңбек өтілі бар адам барған дұрыс. Президент нақтылағандай, келесі заң шы­ғарушы құрылымға нағыз кәсібилер мен тәжі­рибелі азаматтар керек. Осыларды халық ашық түрде жарияланған партиялық тізіммен таңдап алса деймін.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ассамблея мен құрылтай жұмысының тәмамдалғанын, олардың миссиясы біткенін айтты. Ал құрылатын Халық кеңесіне кірген ассамблея өкілдері, жергілікті депутаттар және қоғамдық ұйым мүшелері жылына бір кездесіп, ой-пікірлерін айтады, көп мәселені талқыдан өткізеді. Оның кейбірін заң жобаларына кіргізе алады. Бұл – кеңес беруші орган болып есептеледі әрі Президенттің оң шешімі десек әбден болады.

Құрылтайда айтылған тағы бір ұғым – вице-президент лауазымы. Ел Президентінің саяси сауаттылығын, сұңғыла адам екенін ескер­сек, қазір әлемдегі геосаяси ахуал тым күрделі екені айтпаса да түсінікті. Көптеген сарапшы-эко­номистердің сөзінше, 2026-2027 жылдары эконо­микалық ауыр уақыт күтіліп отыр. Бұл жалғыз Қазақстан емес, көптеген елде болып жатқан жағдай. Байқасаңыз, ірі сауда орындарындағы кей­бір кәсіпкерлердің тауар сату кабинеттері жа­былып қалып жатыр. Жалға алу, салық мәселесі ауыртпалық түсіріп, кейбіреуі онлайн саудаға ауысқан.

Меніңше, осындай әлемдегі түрлі жағдаяттар ескеріле отырып жасалып жатқан қадам өте маңызды. Бұрын Президенттен кейін екінші адам – Сенат, үшіншісі – Мәжіліс төрағасы бо­лып келсе, одан соң Үкімет басшысы болды. Енді жаңа құрылым бойынша «Президент-Вице-пре­зидент-Құрылтай төрағасы-Премьер-ми­нистр» ла­уазымы сатысымен жайғаспақ. Әрі прези­дент белгілі бір жағдайда орнынан кеткенде екі ай ішінде жаңа сайлау өткізу жайлы айтқаны да демо­кратиялық жағынан ойға қонымды.

Ел арасында осындай өзгерістерді қуатта­ғандар да, қарсы пікір айтқандар да жетерлік. Бұл заңды да. Мұндай жағдайда халыққа ашық түсіндіру, мемлекеттің дұрыс бағытын көрсету жұмыстарын іске асырған дұрыс.

Нажмадин Мұсабаев: Мұрат Бақтиярұлы 12 жыл Сенат депутаты болған, Парламенттің ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі. Мені ойландыратыны: Қазақстан халқы тәуелсіздік алған 30 жылда демократиялық үрдіске жетті ме? Әрине, Парламент атауының өзгеруі, Халық кеңесі ұйымының құрылуы – көптің тілегі. Мәселе халықтың 145 депутатты қалай сайлайтынында.

Бауыржан Елеусінов: Осыған дейінгі құ­рылтайларда елдегі сол кезеңде өршіп тұрған так­тикалық мәселелер қозғалған еді. Бұл жолы стратегиялық мәселелер күн тәртібіне қо­йылды. Қазақстанның таяу болашақтағы да­муы­ның архитектуралық жобасы жасалды. Ви­це-президенттің міндеті айқындалды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қа­зақстан Республикасының мүддесін халық­аралық форумдарда, шет мемлекеттердің де­ле­га­цияларымен жүргізілетін келіссөздерде қор­ғайды. Сондай-ақ Парламентте Президенттің өкілі болады, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйым­дармен өзара іс-қимыл жасайды және Мем­лекет басшысының өзге де тапсырмаларын орын­дайды. Бір палаталы Парламент сайлауы пропор­ционалды, ал аймақтарда мажоритарлы жүйе арқылы өтеді. Өкінішке қарай елімізде пар­тиялардың белсенділігі сайлау қарсаңында ғана байқалады. Олар қай кезеңде де елдің жағында болып, елдің сөзін сөйлесе, барлық уақытта өзінің бар екенін көрсетсе деген тілегіміз бар. Құрылтайдың ертеңіне құрылған конституциялық реформа жөніндегі комиссия осындай ұсыныстар негізінде саяси шешім әзірлеп, ол жолбасшы құжатымызға айналса, құба-құп.

Демократия туралы анықтаманы Авраам Лин­кольннен артық ешкім бермеген шығар. «Де­мократия – халық үшін халық сайлаған билік» дейді. Алдағы уақытта құрылатын кәсіби құрылтайға өз ісінің білгірлері баруы қажет деп есептеймін. Атақты күрішші Ыбырай Жақаев «жазушы қаламмен, диқан кетпенмен айналыс­сын» дегендей, оған өмірлік тәжірибесі мол адамдар баруы тиіс.

Қағазға түсірген Ержан ҚОЖАС,

Назерке САНИЯЗОВА,

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ