Жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде

352

0

Фото: Облыс әкімдігі

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен республикалық кеңес өтті. Күн тәртібінде жаңа энергетикалық қуат көздерін ұлғайту, батыс өңірінің желілерін бірыңғай энергетикалық жүйеге қосу, оңтүстік өңір желілерінің қуатын күшейту, энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бүгінде инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 137 млрд теңгеден астам инвести­ция құйып, жұмыстың 70 пайызы аяқталды.

Жаңа станция облыстың электр энер­гиясына деген қажет­тілігін толығымен қам­­тамасыз етіп, өндірілген электр энергия­сының бір бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік береді. Биыл 4-тоқсанда аймақ үшін ерекше маңызы бар нысан ел игілігіне пайдалануға бе­ріледі. Жаңа орталыққа бюджет есебінен 15 млрд теңгеге газ құбыры тартылды.

Президент тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшы­лығын болдырмау үшін Катар еліне іссапар кезінде қуат­тылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу-газ қондырғылары Сырдария ауданының аума­ғынан берілген 280 гектар жерге салынады. Аталған мегажобаны 2028 жылы толығымен іске қосу жоспарланған.

Қазіргі таңда техника-эко­номикалық негіздемесі әзір­ленуде. Жоба аясында «Қызыл­орда-Жезқазған» және «Қы­зыл­­орда-Шымкент» 500 киловольттық жоғары қуатты электр желісі тартылады.

Аймақта 10 мың шақы­рым­нан аса электр желісі мен 2000-нан аса қосалқы станция бар. Олардың тозу деңгейі 62%-ды құ­райды. Энергия үнемдеудің жаңа техно­логияларын қол­да­нып, тозған желілерді азайту үшін өткен жылы 741 шақырым электр желісі мен 127 қосалқы стан­ция жаңғыртылды. Биыл 15 млрд теңгеге 3 ірі қосалқы стан­ция, 314 шақырым әуе же­лісі және 127 қосалқы стан­ция­ны қайта жаңғырту қолға алынбақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<