Жанға түскен жарық сәуле

334

0

Фото: облыс әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА – ӨНЕР ҚАРАШАҢЫРАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАН ЖЕРІ

Қызылордада Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының 70 жылдық мерейтойына орай КСРО Халық артисі С.Майқанова атындағы «Сырдың Сәбирасы – І» халықаралық театрлар фестивалі салтанатты түрде ашылды. Фестиваль қонақтары Грузия, Румыния, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдарын Сыр жұртшылығы  аса құрметпен қарсы алды. Сонымен қатар, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі, Театр қайраткерлері одағының төрағасы, режиссер, педагог Тұңғышбай Жаманқұлов, Сыр сахнасының абызы Хұсейін Әмір-Темір бастаған театр қайраткерлеріне елдің ілтипаты ерекше болды.

Өнер майталмандарының жұлдызды шеруінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, іс-шара меймандарын өңірдің мәдени-рухани дамуы бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет», – деген болатын.

Өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, ел игілігіне қызмет етуде. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облыс орталығында «Шығармашылық акаде­миясы», заманауи музыкалық колледж, тарихи-өлкетану музейі ғимараттары салынуда. Аталған нысандар жақын күндері іске қосылмақ.

Тарихтан белгілі, 1925 жылы Қызылорда қала­сында тұңғыш кәсіби ұлт театры ұйым­дастырылды. 1926 жылы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы тұңғыш рет сахналанып, халық өнерпаз­да­ры­ның концертімен театр шымылдығы ашылды.

Сырбойылықтар ұлт театрының іргетасы Қызылордада қаланғанын әрдайым мақтан етеді. Сыр өнерінің қарашаңырағы – Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ драма театры 1955 жылы Талдықорған қаласында құрылып, 1960 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. Театрға 1997 жылы музыкалық, 2019 жылы академиялық мәртебе берілді. Бүгінгі 70 жылдық мереке мен өнер тойы құтты болсын! Егемен еліміздің еңсесі биік, тұғыры нық болғай! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты жиында аймақтың мәдениет саласына елеулі үлес қосқан сала мамандары марапатталды. Асанәлі Әшімов жылы лебізін білдіріп, Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Дара» медалін табыстады.

Облыс әкімі фестиваль қонағы, Сәбира Май­қанова­ның кызы Гүлдәр Әбділқызына құрмет көр­сетті. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Бақытбек Алпысбаевқа «Парасат» ордені табысталды.

Фестиваль бағдарламасында Островский, Шекспир, Маркес, Айтматов сынды әлем және түркі әдебиеті классиктерінің туындылары, сондай-ақ қазіргі қазақ драматургиясының үздік шығармалары көрерменге ұсынылады.

Қазақ сахна өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, КСРО халық артисі С.Майқанованың шығар­машылық мұрасын ұлықтауға арналған «Сырдың Сәбирасы – I» халықаралық театрлар фестивалі еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келген театр ұжымдары үшін өз өнерлерін көрсете отырып, тереңірек танысып, тәжірибе алмасатын орайлы сәт екені даусыз.

Әлбетте, бұл орайда Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры­ның 70 жылдық тарихындағы ұлт өнерін айшықтайтын  ауқымды тақырыптар, шығар­ма­шылық ізденістер мен іргелі қадамдар сарапталып, кәсіби тұрғыда баға беріледі. Сон­дықтан өнер салтанаты шығар­машылық кездесулер, шеберлік сағаты, дөңгелек үстел сынды пікір алысу жиындарына ұласады.

***

Халықаралық театрлар фестивалі аясында БАҚ өкілдеріне арнап брифинг ұйым­дастырылды. Баспасөз алаңында фестивальға төрелік жасайтын қазылар алқасының құрамы жергілікті журна­листермен кездесіп, Сыр елінде өтіп жатқан ха­лықаралық деңгейдегі айтулы өнер мерекесінің мән-мағынасы туралы сөз қозғады.

Қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов:

– Қызылорда – өнер қарашаңырағының құрылған жері. Қазақ өнерінде шоқтығы биік, ұлт өнерін әлемге танытқан Сәбира Майқанова сынды ұлыларды дүниеге әкелген жер. Отызыншы жылдардың ортасында Қазақ елінің мәдениет министрі болған Темірбек Жүргенов 1936 жылы Мәскеуде өткен өнер декадасында  халқымыздың мәдениеті мен өнерін кеңінен танытқан. Осы өнер онкүндігінде қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова, Шығыс бұлбұлы атанған. Ал 1958 жылы өткен декадада Роза Жамано­ва Совет одағының Халық артисі атағын алған.

Театр өнерінде Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова сынды талант иелерінің есімі әркез құрметпен аталады. Олардың салып берген сара жолы – бүгінгі өнер өкілдері үшін тұнып тұрған тағылым мектебі, – деді.

Қазылар алқасының мүшелері Ш.Рус­та­вели атындағы Грузия мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры Лаша Чхартишвили, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің жетекші маманы Элеонора Турдубекова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профес­соры, Қазақстан театр сыншылары бірлес­тігінің төрайымы Анар Еркебай да театр өне­рінің бүгінгі беталысы, кәсіби шеберлігі, көр­кемдік деңгейі жайлы пікірлерін ортаға салды.

Театр басшысы Мұхтар Ниязов халық­аралық фестивальдің Сыр елінде өтуінің маңыздылығын айтып, рухани танымы мол іс-шараның өтуіне қолдау танытқан аймақ бас­шы­сына алғыс білдірді. Фес­тивальді Н.Беке­жанов атындағы қазақ ака­демиялық музы­калық драма театры А.Остров­скийдің «Найзағай» драмасымен ашты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»