Жанмұрат Сейілов – дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы

796

0

Кеше облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте сондай-ақ Қызылорда облысының денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы құрылғаны хабарланып, жаңа басқарма басшысының міндетін атқарушы таныстырылды.

Облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы лауазымына Сейілов Жанмұрат Жақсымұратұлы қабылданды.

Аймақ басшысы Жанмұрат Жақсымұратұлының бұған дейін де қала әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерінде өңірдің идеология, оның ішінде спорт және туризм салаларына жетекшілік жасап, нәтижелі жұмыс көрсеткенін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Жаңа басқарма басшысына өңірдегі бұқаралық спортпен айналысушылар үлесін арттыру, 2024 жылғы Париж жазғы Олимпиадасы мен Паралимпиадасында өңір спортшыларының жоғары нәтижеге қол жеткізуін қамтамасыз ету тапсырылды. Білім беру ұйымдары ғимараттарында сабақтан тыс және кешкі уақытта спорт секцияларының жұмысын үйлестіру және іс-шаралар өткізу де жұмыстың бір бағыты болмақ. Қызылорда облысының туристік әлеуетін дамыту, өңірдің танымалдылығы мен келушілер үшін тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар да осы басқарма басшысының құзыретіне кіреді. Сондай-ақ аймақтың туристік инфрақұрылымын дамыту, көрікті жерлерге саяхаттау мүмкіндіктерін насихаттау, туризм саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға жауапты болмақ.

Жанмұрат Жақсымұратұлы 1985 жылы дүниеге келген. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Тарих, құқық және экономика негіздері», Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қызылорда облысы әкімі аппаратының инспекторы ретінде бастаған. Әр жылдары облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінде, ішкі саясат басқармасы мен қала әкімі аппаратында қызмет атқарған. 2017-2019 жылдары Қызылорда қаласының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы болған. 2019-2022 жылдары Қызылорда қалалық мәслихатының, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, 2022-2023 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.

2023 жылдың тамыз айынан бері Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<