«Кәсіп түбі – нәсіп» дейді дана халқымыз. Сол сияқты «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген де бар. Кәсіп игеріп, игілігін көріп жүргендер аз емес. Әсіресе, күнделікті тірлігіміз техникаға байланған мына заманда оның тілін меңгерген маманның қадірі аспандап-ақ тұр. Тұрмыстық техникаларға деген сұраныстың артуы оларға деген қажеттілікті тудырып отырғаны айдай анық. Одан бөлек, газбен дәнекерлеуші, токарь, слесарь секілді көптеген маманға да сұраныс көп. Кейінгі кезде ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларының автоматтануы, жаңа технологиялардың енгізілуі де оның қыр-сырын меңгерген мамандарды қажет етуде. Бір сөзбен айтқанда, күн өткен сайын жұмысшы маманға деген сұраныс артпаса, кемімек емес.
Биыл Президент Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам екені сөзсіз. Сондай-ақ елдің тұрақты өсуі мен инновациялық дамуын қамтамасыз етуде білікті мамандарды дамытудың маңыздылығын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Лайықты азамат – өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек» деген еді.
Жалпы, жастарды еңбек пен білімге баулып, кәсіпке үйретіп, маман етіп шығаруда кәсіптік-техникалық оқу орындарының маңызы зор. Біздің өңірде де қаншама жылдық тарихы бар іргелі кәсіптік білім ошақтары баршылық. Солардың бірі – Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі.
1958 жылы құрылған оқу орны 70 жылға жуық уақыттан бері қаншама шәкірт тәрбиелеп, сан мыңдаған жұмысшы маманды дайындап келеді. Бүгінде мұнда студенттер 18 мамандық, 28 біліктілік бойынша білім алады. Инженер-педагог қызметкерлер саны – 61.
2024-2025 оқу жылына 8 мамандық бойынша 171 талапкер оқуға қабылданды. Қазіргі кезде 355 білім алушы бар. Биыл колледжді 76 түлек бітіреді.
Мұнда білім алушылардың өндірістік оқуы мен кәсіптік тәжірибеден өтуі аудандағы ірі кәсіпорындармен жасалған келісім-шарт негізінде жүргізіледі. Колледж директоры Болат Сүлейменов бұл лауазымға жыл басында өндірістен ауысып келген. Өндірістің қыр-сырын меңгерген ол жаңа қызметке келгелі бері теориялық білімді өндіріспен ұштастырып, білім алушылардың мамандық бойынша машығын дамытуға баса назар аударуда.
Мәселен, жыл басынан білім алушыларды өндірістік оқу мен кәсіптік тәжірибеден өткізу мақсатында аудандағы 20-дан астам ірі кәсіпорын және шаруа қожалығымен жаңадан келісім-шарттар жасаған.
– Мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал ететін факторлардың бірі – әлеуметтік әріптестермен тиімді ынтымақтастық. Әлеуметтік әріптестік білім алушыларды еңбек нарығында табысқа жету үшін қажетті нақты ресурстармен, ақпаратпен және тәжірибеге қол жеткізумен қамтамасыз етеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері – кәсіптік бағдар беру жүйесінің маңызды буыны. Осы орайда арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқу шеберлерін тағылымдамадан өткізу және білім-біліктілігін арттыру мақсатында жоғары оқу орындары мен маңдайалды колледждермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға отырдық. Сәуірде колледжде «ҚазАтомөнеркәсіп» мекемесіне қарасты «KAP LOGISTICS» ЖШС-ның бас директоры Дархан Рамазановпен кездесу өтті. Дархан Болатұлы колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, әріптес ретінде колледжге қажетті қондырғылар, техникалармен, қосымша бөлшектермен мүмкіндігінше көмек беретінін және білікті мамандарын оқу процесінде ұйымдастырылатын жұмыстарға қатыстыратынын айтты. Нәтижесінде меморандумға қол қойылды. Бұл дегеніміз – әлеуметтік әріптес ретінде білімді ұрпақ, бәсекеге қабілетті маман дайындауға бағытталған үлкен қамқорлық.
Сонымен қатар «Пайдалы қазба кен орындарын іздеу мен барлаудың технологиясы мен техникасы» мамандығы бойынша колледж теңгеріміне әлеуметтік әріптесіміз «Волковгеология» АҚ ГРЭ-23 мекемесінен ЗИФ-1200 МПК бұрғылау қондырғысы оқу процесіне пайдалануға берілді. Бұл қондырғы кәсіби құзыреттілікті бекітуге, практикалық дағдылар мен кәсіби қызмет тәжірибесін алуға үлкен мүмкіндік береді, – дейді Болат Мулланазарұлы.
Колледж теңгеріміндегі 880 гектар жайылымдық жердің 100 гектарын бір түрден екінші түрге ауыстыру мақсатында суармалы жер учаскесіне далалық зерттеу-тексеру сызбасы жүргізіліп, құжаттары әзірленді. Нәтижесінде әлеуметтік әріптестердің қолдауымен биыл 50 гектар жерге күріш және жоңышқа егілуде.

– Елу гектар жерді өңдеу барысында әлеуметтік әріптестер қолдауымен, атап айтсақ, «Байсын», «Төңкеріс-К», «Үміт», «Ақмая», «Алтын дән Шиелі», «Халық», «Қаз проджектстрой» шаруа қожалықтары қолдау көрсетіп, «Шиелі су шаруашылығы» мекемесінің техникаларымен ондаған километр канал қазылып, атыздалып, жерді жыртып өңдеу сияқты ауқымды жұмыс жүргізілді. Осы орайда атап өтетін бір мәселе – бұл ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша және білікті жұмысшы кадрларды даярлау үшін білім алушылардың соңғы үлгідегі заманауи техникаларды танып-білуі болып отыр. Колледж теңгеріміндегі ескі техникалар 1987 жылдан бері қолданыста, қолдану мерзімі аяқталған. Қосалқы бөлшектерін ауыстырып, пайдалануға келмейтін жағдайға жетіп тұр. Бұл – болашақ ауылшаруашылық мамандарын заманауи техника тілімен дайындауға қолбайлау. Заман талабына сай мамандарды дайындау мақсатында жаңа типтегі заманауи техникаларға жоба-сметалық құжат жасалып, өтінім берілді. Аталған кәсіпорындармен бірігіп көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Мекеме базасында мамандық апталықтарын өткізіп, заманауи техника, технологиялармен танысуды ұштастыру жолға қойылған. Аудан шаруашылықтары бүгінгі күннің өзінде 160 механизатор маманға сұраныс беруде, – дейді директор.
Оған қоса қазіргі заманға сай, сұранысқа ие мамандықтарды ашып, мамандар даярлау – басты мақсат. Осы бағытта аудан сұранысына, оның ішінде атом, ванадий өндірісіне қажетті мамандықтар енгізуге байланысты 2024-2025 оқу жылында жаңа мамандықтарға лицензия алу үшін қарқынды жұмыс жасалған. Атап айтсақ, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Жүк көтергіш машиналар мен транспортерлер», «Уран өндіру» мамандығы бойынша «Шикізатты қайта өңдеу жөніндегі аппаратшы», «Геотехнологиялық ұңғымаларды жер астында жөндеу операторы» «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандықтары қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие. «Жас маман» жобасы бойынша алынған «Дәнекерлеу ісі», «Пайдалы қазба кен орындарын іздеу мен барлаудың технологиясы мен техникасы» мамандықтарының құрал-жабдықтарын пайдаланып, қысқа мерзімді біліктілік арттыру курстары ашылып оқытылуда.
Оқу-өндірістік жұмыстарымен қатар, зертханалар мен шеберханаларды жөндеуге көңіл бөлінген. Тозығы жеткен оқу-зертхана ғимаратының «А» блогына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжат жасалған. Сараптама қорытындысы алынып, өтінім берілді.
Колледждің жетістіктері де баршылық. Шәкірттері WorldSkills жобасының түрлі байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Айта кетейік, WorldSkills жобасының мақсаты – жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту.
Атап айтсақ, «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Kyzylorda-2024» облыстық іріктеу чемпионатына қатысып, облыстық жарыстан бас жүлде алған Сарыбай Ержан «WorldSkills-2024» ұлттық чемпионатының республикалық кезеңіне қатысып, медаль иеленді. Осылайша ол жетекшісі Қайрат Башаровпен бірге оқу орнының абыройын асқақтатты. «Жас электрик-2025» облыстық байқауында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі жалпыкомандалық сайыс бойынша ІІ орынды иеленсе, колледж студенттері Аркадий Лян мен Нұрасыл Сатыбалдиев «Электр сұлбаларын жинау» сайысында І дәрежелі дипломмен марапатталды. «Кондитерлік іс» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills-2025» кәсіби шеберлік байқауының облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы Нұрайлым Есенбай 1-орынды жеңіп алды. Жетекшісі – Сабира Дайрақұлова.
Республикалық студенттер форумында «Бұрғылау қондырғысының машинисі» және «Экскаватор машинисі» мамандығы бойынша колледж студенттері жүлделі І орынды жеңіп алды. Команда жетекшілері – арнайы пән оқытушысы Жалғасбек Қуандық және өндірістік оқу шебері Гүлназ Жолымбетова. «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills-2025» кәсіби шеберлік байқауының облыстық іріктеу кезеңіндн Ақбота Пәрімбетова мен Аружан Әбдірасілова 3- орын иеленді. Жетекшісі – Айдана Акылбекова. Ал «Электромонтаждау» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills-2025» кәсіби шеберлік байқауының облыстық іріктеу кезеңінде Аркадий Лян 2-орынды жеңіп алды. Жетекшісі – Мейірбек Сұлтанбек.
Иә, жұмысшы мамандығы – өндірістің әлеуеттік негізі. Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі ұжымының егемен еліміздің баянды болашағын құратын, Қазақстанның экономикасын дамыту жолында сапалы кәсіп иелерін дайындап, кәсіптік білімнің мазмұнын жаңартудағы қызметтеріне біз де сәттілік тіледік.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
Қызылорда – Шиелі – Қызылорда






