Жастар сыйлығы берілді

1214

0

Бүгін Халықаралық жастар күні мерекесіне орай Қазалыда Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті.

Әйтеке би кентіндегі «Орталық алаңда» өткен салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйледі.

– Биыл «Заманның тұтқасы да, иесі де жастар!» деп ұрандаған Орта Азия және бүкіл Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, жерлесіміз Ғани Мұратбаев туғанына 120 жыл толып отыр.

Артына өшпестей із қалдырған Ғани Мұратбаевтың ісі мен өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында республикалық «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығын табыстауды жыл сайын дәстүрге айналдырудамыз. Тек әлемді жайлаған пандемияға байланысты соңғы 2 жылда оны өткізуге мүмкіндік болмады.

Жастар сыйлығы берілді

Жастар елдің заманауи бет-бейнесін қалыптастырып, жаңа идеяларды ұсынуға және Қазақстанды жаңартудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс. Осы мақсатта бүгін республикамыздағы әр сала бойынша осы сыйлыққа лайықты деп танылған үздіктер мен белсенді жастар келіп отыр, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы мен облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығының Дипломын, төсбелгісін және естелік сыйлықтар табыстады.

Биыл «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығының жеңімпаздарының қатарында қазалылықтармен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қаласы және Арал, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарының дарынды жастары бар.

Салтанатты шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, әннен шашу шашылды. Сахна төріне көтерілген белгілі эстрада жұлдызы Өмірқұл Айниязов, Елордадағы мемлекеттік академиялық филармониясының жеке солисі Алтынбек Әбілда және тағы басқа талантты әншілер көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Орталық алаңда өткен шарадан кейін Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығына ие болғандар еркін форматта бас қосып, өзара пікір алмасты.

Аудандық оқушылар үйінің ауласында өткен шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мақсат Дауылбай қатысты.

Айта кетейік, биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауға 40-тан астам үміткер қатысып, солардың ішінде 17 жүйрік лайықты деп танылды. Марапатқа ие болған жастарға 120 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<