Жуырда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мен жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетіктерін қайта қарау мәселелері талқыланды. Жиын Мемлекет басшысының бюджет қаражатын цифрландыру арқылы тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындау барысына арналды.
Бұған дейін мемлекеттік білім беру тапсырысына бөлінетін қаражаттың ашықтығын арттыру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ Қаржы министрлігіне берілген еді.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, e-Qazyna.kz порталында іске қосылған OrtaBilim сервисі білім беру мекемелерінің қызметін автоматты бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе рұқсат құжаттарын, оқушылар санын, мектеп қуаттылығын салыстырып, деректердің дұрыстығын тексереді.
Тексеру барысында айтарлықтай заңбұзушылықтар анықталған. Онда 745 жекеменшік мектептің 155-і өз кірісін жасырған. Цифрландырылған 427 мектептің 30%-ы өз қызметін мақсатқа сай жүргізбеген. Мысалы, Түркістан облысында мектеп ретінде тіркелген нысан – тойхана, Шымкентте сауда орталығы болып шыққан. Бұған қоса 64 мекемеде оқушы саны жобалық қуаттылықтан екі есеге артық. Алматы облысында 60 орындық мектепке 702 оқушы қабылданған. Ал Астанада 241 орындық мектеп құжаттарында 1 003 оқушы көрсетілген. Жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері жиі тіркелген.
OrtaBilim жүйесі мұндай заңсыздықтарға тосқауыл қойып, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауды болдырмауға бағытталған. Бүгінде жекеменшік мектептердің 86%-ы жаңа жүйе арқылы авторизациядан өтті. Келесі жылдың қаңтарынан бастап қаржыландыру толықтай жаңа талаптармен реттеледі.
Олжас Бектенов жағдайдың өте күрделі екенін айтып, жауапты органдарға тәртіп орнатуды тапсырды. «Мемлекет жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлеп келгені белгілі болды. Бұл салада заңсыз индустрия пайда болды. Бірде-бір теңге жосықсыз адамдардың қалтасына түспеуге тиіс», – деді Премьер-министр.
Кейінгі кезде елімізде балабақша мен мектептердегі орын тапшылығы жекеменшік сектордың қарқынды дамуына жол ашты. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, қазіргі кезде жекеменшік мектептерді ашу науқанға айналып кеткендей. Сала мамандары қауіптің алдын алуға, бала тағдырына немқұрайды қарамауға қатысты талаптардың қатаң бақылауда болуын қадағалаудың маңызды екенін айтады. Сондықтан жекеменшік мектептер жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстарды іске асыру қажет.
«Қаржысы тексерілмей, төленген»
Расында кейбір мейрамхана, дүкен, коттедждер балабақша немесе жекеменшік мектеп ретінде жұмысын жалғастырып жатқанын көргенде, қынжыласың. Олардың қатарында ғимаратын қомақты қаржыға жалға беріп, тек пайда көздеп отырғандары да бар. Осылайша, көп кәсіпкер қалтасын ғана ойлап, білім мәселесін екінші орынға ысырып қойғаны жасырын емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов парақшасында жекеменшік мектептердің 57%-ы заман талабына сай емес екенін айтты.
– Бұны Жоғарғы аудиторлық палатаның тексерісі дәлелдеді. Қолымызда анықтама бар. Ғимараттардың сапасы сәйкес келмейді, арнайы салынбаған, санитарлық талаптар, балалар отыратын бөлмеде таза ауа (вентиляция), температуралық норма, күн сәулесінің түсуі, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Оқу стандарттары бойынша құрал-жабдықтар – лабораториялар, арнайы кабинеттер, компьютерлік технологиялар жетіспейді. Мұғалімдердің білім дәрежесі сәйкес емес. Оқымаған баланы оқыды деп есеп берген. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қаржы орталығы арқылы жеке мектептердің қаржысы тексерілмей төленген. Артық, заңсыз кеткен қаржы қайтарылмаған. Мектеп иелеріне іс қозғамаған, миллиардтаған ұрланған ақшаны әлі қайтармаған, – дейді.
Ал әлеуметтанушы Нұрлыбай Қошаманұлы былай деп пікір білдірген.
– Жалпы жеке мектептер мен жеке балабақшаларға бюджеттен ақша аударудың артында жемқорлық, бюджетті негізсіз шығындау белгілері бар. Министр айтқандай мұны тоқтату керек. Бюджеттен бөлінген миллиондарды «олар» бөліседі. Мәселен Ақтөбе облысының ауылдарында бүгінде біраз балабақша «қаржы жоқ» деген желеумен жабылудың алдында тұр. Кейбіреуін «оңтайландырамыз» деген себеппен орта мектептерге қоспақшы. Ал мұндай оңтайландыру ауыл демографиясына кері әсерін беріп, халықтың үдере көшуіне қозғау болуда. Осы жерде «бюджеттен қаралған миллиондар қайда кетіп жатыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Шынын айтуымыз керек, елді жиі аралаймыз, сонда көргенімді айтамын. Ауылдық жердегі балабақшалар күрделі жөндеу көрмеген. Ауыл балабақшаларының біразы кеңес заманынан қалған саманнан (саз балшықтан) салған ескі кешендерде отыр. Неге? Өкініштісі, кейінгі жылдары заманауи балабақшаларды қала мен аудан орталықтарында ғана салу белең алған. Алыс ауылдарға салу мүлдем жоқ, тоқтаған. Әлеуметтік әділеттік қайда?
Айтарым, бюджеттен жекелерді қаржыландыруды қысқартып, мемлекеттік балабақшалар мен мемлекеттік орта мектептер ғана қаржыландырылуы керек. Әлеуметтік кешендерді қала мен аудан орталықтарына ғана тұрғыза бермей, бөлінген қаржыға әсіресе ауылдарға заманауи жаңа типтегі балабақшаларды сала бастауымыз керек, – дейді ол.
Қанша жеке білім беру ошағы бар?
Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаменті 2026 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 млн 100 мыңға жетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Осы себепті де болар қазіргі уақытта жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Мәселен, 2022 жылы елде 408 жекеменшік мектеп жұмыс істесе, 2024 жылы олардың саны 563 ке жеткен.
Облыста кейінгі жылдары жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Мұндай мектептер оқушыға стандартты білім беру жүйесінен тыс жаңа мүмкіндіктер ұсынатын көрінеді. Мәселен, Тасбөгет кентінің тұрғыны Жазира Жанетова қызы Еңлікті мемлекеттік мектептен жекеге ауыстыруына бірнеше себеп болғанын айтады.
– Қызым бес жыл бойы кенттегі мектепке барды. Бастауыш сыныпта үздік оқыды. Одан кейін бесінші сыныпта тек бір сабақтан ғана төрт болып, қалғанын беске аяқтады. Сынып жетекшісі өзінің сабағынан төрт қойыпты. Соған реніш білдіріп, биылдан бастап «Бәйтерек» жеке мектебіне ауыстырып алдым. Мектептің білім беруі, мұғалімдердің оқушымен, ата-анамен қарым қатынасы маған ұнады. Өзінің үздік оқитынын дәлелдеді. Мектептің іші қай кезде де таза, ішінде балалар ішуге арналған фильтрленген ауызсуы бар. Жалпы балаға қай мектепте жағдай жақсы жасалған болса, ата-ана сол білім ордасын таңдайды. Бір мезгіл ғана баратын болғандықтан, біз тегін оқу тобына тіркелдік, – дейді анасы.
Иә, қазір ата-ана үшін де, бала үшін де таңдау мүмкіндігі көп. Қандай білім аласыз, ақылы не ақысыз оқу тобына барасыз ба? Қосымша үйірмеге қатысасыз ба? Барлығы өз еркіңізде. Тек ынта мен талапқа сай білім ошағын дұрыс тапсаңыз болғаны.
Алғашқы мемлекеттік емес мектептер қашан пайда болды?
Жалпы, жеке мектеп ашу елімізде қай кезден бастау алды? Оны ашудағы негізгі міндет қандай еді? Ал қазір ше? Деректерге көз жүгірте отырып, елдегі алғашқы мемлекеттік емес мектептердің 1992 жылы пайда болғанын білдік. Олардың қатарында «Архимед мектебі», «Көк желкен», «Сенім», «Диалог», тағы басқа қауымдастырылған мектептер бар. «Көкіл» алғашқы жекеменшік қазақ мектебі 1995 жылы Алматы қаласында пайда болды. Ал Қызылордада «Парасат» мектебі бар.
Қазақстандағы жеке мектептер 90-жылдардан дами бастады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен қатар, білім беру саласында да жаңашылдықтар орын алып, олардың қалыптасуына мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығы мен оқу сапасына деген халықтың сұранысы негіз болған көрінеді. Ата-аналар балаларын әрі заманауи білім беретін оқу орындарына оқытуға ынта танытты.
Бүгінде жекеменшік мектептердің дамуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. 1990 жылдар – жекеменшік мектептердің алғашқы кезеңі. Бұл кезеңде мектептер аз болды және көбінесе шетелдік стандарттарға сәйкес жұмыс істеді. Бастапқыда тек ірі қалаларда ашылды. Кейін 2000 жылдары жеке мектептер саны арта бастады. Оқу барысында инновациялар мен халықаралық бағдарламаларды енгізу үрдісі басталды. Мұндай мектептерде ағылшын тілін тереңдетіп оқыту, IT технологиялар, кәсіпкерлік негіздері сияқты пәндер қосылды. Ал 2010 жылдардан бастап білім берудің түрлі бағыттарын ұсынылды. Мемлекет те бұл секторды қолдап, лицензиялау, аккредитациялау сияқты рәсімдерді оңтайландыруда. Жеке мектептер халықаралық сертификаттарға ие болып, кейбіреулері әлемдік деңгейдегі білім бағдарламаларын (IB, Cambridge, т.б.) қолдана бастады.
2024 жылы Қазақстанда жеке мектептердің саны 500-ден асып, жыл сайын өсіп келеді. Олар қалаларда, әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі өңірлерде шоғырланған. Бұл мектептер әртүрлі білім беру бағдарламаларын ұсынады, ал ата-аналар балаларын дәстүрлі емес, бірақ сапалы біліммен қамтамасыз етуге ұмтылады.
Шетелдегі жеке мектептер желісі
Дамыған елдердегі (АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Сингапур) жеке мектептер – орталықтанған, академиялық деңгейі жоғары, халықаралық бағдарламалар (IB, AP, A-levels) көп. Бағасы өте жоғары, бірақ қаржылық көмектер (scholarship) қарастырылған мектептер бар.
Еуропада (Финляндия, Швеция, Германия) мемлекеттік мектептер де бәсекеге қабілетті, жеке мектептер көбіне ерекше бағдарламалар үшін таңдалады.
Шығыс Азияда (Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея) білімге талап өте жоғары, жеке мектептер жиі академиялық дайындық пен емтиханға дайындауға бағытталған.
Таяу Шығыста (БАӘ, Катар) халықаралық деңгейдегі жеке мектептер қарқынды дамыды (көп жағдайда ағылшын тілінде және халықаралық оқулықтармен).
Орталық Азия мен Ресейде соңғы 10-15 жылда жеке мектептер саны өсті, кейбір ірі қалаларда элиталық және халықаралық мектептер пайда болды.
Біз осы орайда 24KZ телеарнасының Лондондағы меншікті тілішісі, әріптесіміз Ғалымжан Қараманұлымен байланысып, шетелдегі жеке мектептер желісі туралы сұраған едік. Оның айтуынша, Ұлыбританияда жеке мектептер жүйесі жақсы дамыған, бірақ онда бар болғаны шамамен балалардың 7-8% ғана оқиды. Көпшілігі мемлекеттің тегін мектептерінде білім алады.
– Жеке мектептердің оқу ақысы өте қымбат: жылына орта есеппен 15–25 мың фунттың төңірегінде, ал интернаты бар мектептерде 40 мың фунттан да асып кетеді. Сондықтан оларды негізінен ауқатты отбасылар таңдайды. Білім беру сапасы да керемет. Оны бітіргендердің рейтингісі биік, топ университеттерге түсу мүмкіндігі жоғары. Өз балаларымды мемлекеттік мектепке бердім. Мұнда деңгей жаман емес, білікті мұғалімдер, тегін білім, қосымша үйірмелер бар. Сол себепті Ұлыбританияда сапалы білім алу үшін міндетті түрде қымбат жеке мектепке бару шарт емес деп ойлаймын, – дейді ол.
Білім сапасының нәтижесі – сәулетімен көз тартар ғимараттар емес, білікті басшы, білімді мұғалім, жаңа технологиялар сияқты бір-бірімен тығыз байланысқан жүйенің тиімді жұмыс істеуі. Жекеменшік мектептер білім кеңістігінде өзара ықпалдасудың үлгісіне айналуға тиіс. Оқушылардың, мұғалімдердің жетістіктері, әлеуметтік белсенділігі мемлекеттік және жекеменшік мектептердің арасындағы бәсекелестік емес, сапалы білімнің экожүйесіне айналғаны абзал. Ал білім беру ісі бизнес емес, елдің болашағы екенін қаперден шығармайық.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





