Ширек ғасырға жуық күрмеуі шешілмеген ең маңызды мәселенің бірі – «Қызылорда-Жезқазған» жолы еді. Енді оның облысқа тиесілі бөлігінде жұмыс мәресіне таяп қалды.
Тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде ҚР Парламенті Мәжілісінде депутат болған Шахизат Төребаев сол кезеңде өңір үшін өзекті мәселенің қалай бастау алып, кейіннен аяқсыз қалғаны жөнінде әңгімелеп берді.
– Жалпы, «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының экономикалық, әлеуметтік және басқа да тұрғыдан тиімділігі зор. Сондықтан бұл мәселе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан тиісті орындарда қозғалды. Облыстан Парламентке сайланған Әбдіжәлел Бәкір, Құдайберген Сұлтанбаев және мен үшеуміз ол жайында Үкіметке сауал жолдаған болатынбыз. Сол кездегі облыс әкімі болған Бердібек Сапарбаев құзырлы министрліктерге мәселенің мән-жайын жеткізе білді.
Сондай-ақ Жезқазған облысынан сайланған депутаттар да қолдау көрсетті. Осылайша еліміздің көлік министрлігінен қаржы бөлініп, жүз шақырымға жуық бөлігінде тас жол салынған еді. Қаржы мәселесіне байланысты ол жоба кейінге қалдырылды. Нақтысы, 25 жылға жуық уақыт бойы күре жолдың күрмеуі шешілмей қалды.
Ал енді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының табандылығы арқасында екі жылдай бұрын бастау алған жаңа жоба көңіл қуантып отыр. Қазірге дейін Қызылорда облысы аумағындағы 151 шақырымы елдің игілігіне айналды. Жоба алдағы екі жылда толығымен жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Айта кетсек, ендігі кезекте оңтүстік пен солтүстік арасындағы жол қысқарады, ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты түрде жеткізуге мүмкіндік туады. Ол бағаның арзандауына жол ашады, – деді Ш.Төребаев.
Сала мамандарының айтуынша, Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобада мердігерлерге өте жоғары талап қойылған. Осындай талаптар бойынша қызметін жүргізе алатын қазақстандық компаниялар саны артып келеді.
Жобаның Ұлытау облысы жағындағы 208 шақырымы бойынша реконструкция биыл басталады. Мердігер мекеме анықталып, 8 учаскеге бөлініп, дайындық жұмысын жүргізіп жатыр. Ұзындығы 400 шақырым болатын жолды салып бітіру мерзімі 2027 жыл деп көрсетілген.
Мұнан бөлек, көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру мәселесі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен шешімін табуда. Халықаралық дәліздің осы аумағын 1-санатқа ауыстыру бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуде.
2024 жылы 95 жобаға 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары мен көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізіліп, нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетті. Қаланың күре жолы саналатын әуежайға кірме жол мен Көшербаев, Қожа Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр көшелерін кеңейту жүргізілді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл Қызылорда қаласында Тәуелсіздікке 25 жыл көшесін кеңейту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария бөгеті бойымен жол салу ойластырылған. Оған қоса Қызылорда қаласында жерасты және Арал мен Жаңақорған аудандарында аспалы теміржол өткелдерінің құрылысы басталды.
Биыл жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 33 млрд 500 млн теңге бөлінеді. Оған 329 шақырым жол жөнделіп, жалпы өңірдегі жақсы жолдың көрсеткіші 95 пайызға жеткізілмек.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






