«Жосалы тәттілері» брендке айналды

351

0

Бүгінде кәсіп жасаймын деген жанға мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары өз арманындағы істі бастаушыларға серпін беріп отыр. Осындай мүмкіндікті сәтті пайдаланып, кәсібін дөңгеленткен жандардың бірі – Жосалы кентінің тұрғыны Самал Биғалиқызы.

Кәсіпкер табанды еңбек пен дұрыс жос­парлаудың арқасында өз ісін табысты жолға қоя білді. Ол кәсібін «Жосалы тәттілері» деген атаумен тіркеп, қазіргі таңда кенттегі дүкендердің басым бө­лігін үйден дайындалатын тәттілермен қамтамасыз етуде. Қолынан шыққан төрт түрлі пряник пен дәмі тіл үйірер коржиктері тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие.

Бастапқыда үй жағдайында, шағын көлемде пісірілген өнімдер қазір үлкен көлемде өндіріліп, Жосалы тұрғындарының күнделікті сұранысын қамтып отыр. Тұтынушылардың сеніміне ие болған тәттілер тек дәмімен ғана емес, сапасымен де ерекшеленеді. Бұл – кәсіпкердің өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігінің көрінісі.

Самал Биғалиқызы кәсібін бастау үшін мем­лекет қолдауын тиімді пай­даланды. «Ауыл аманаты» жобасы ая­сында 3,5 млн теңге қаражат алып,  қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізіп, өндірісін кеңейтті.

– Алғашында үйде балаларыма жасап жүрдім. Кейін көршілерім сатып ала бастады. Сол кезде ойландым, неге осылай істеп сатпасқа деп. Үйдің жанындағы дүкенмен келісіп, күніге бес пакеттен апарып өткізіп жүрдім. Апарғаным апарғандай өтіп кетеді. Шүкір, тәттілерім халыққа ұнады. Қа­зір тапсырыстар күн сайын артып, кенттің 20-дан аса дүкеніне таратып отырмын, – дейді Самал.

Жосалы тәттілерін бүгінде арнайы іздеп келіп, өзге қалаларға алып кететіндер де көбейген. «Басқа жақтан хабарласып, алғысын білдіргенде қуа­нып қаламын» дейді кәсіпкер.

Негізінен Самал Ақтөбе қаласының қызы, аспаздықтың қыр-сырын мең­гер­ген маман.  Жосалыға келін болып түс­кенде, мұнда кондитерлік өнім­дер­дің мүлде өндірілмейтінін естіп таңғалады.

– Шыны керек, мен келгенде кент­те тәтті өнімдерді шығаратын кон­дитерлік өндіріс жоқтың қасы еді. Тек наубайханға ғана сұраныс болды. Нан пісірумен айналыса жү­ріп, бос уақытымда түрлі тәттілер әзір­леуді тоқтатпадым. Дегенмен сұраныс қазіргідей жоғары емес еді, – дейді ол.

Тәжірибе жинақтай жүріп, әр салада еңбек еткен ол аспаздық өне­рін шыңдай түседі. Тәттілерге деген сұраныстың артқанын сезген сәт­те, бойындағы таланты мен табан­дылығын іске қосты. Түрлі ойлар, жаңа идеялар келіп тұрса да, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік тек уақыт өте келе туған. Қазір тәтті өнімдерін жолдасы екеуі  бірге дайындауда.

– Ең үлкен қиындық – маманның жоқтығы. Жоспар да, идея да көп. Мәселен, кекс, «Барни» секілді тәтті­лер, тіпті тәтті тоқаштардың өзі сырттан келеді. Мұндай өнімдерді  өзіміз де жасап шығара аламыз. Бірақ жұмыс күші жетіспейді, – деген кәсіпкер тәт­тіге қолданатын қатықты да басқа ауданнан алып отырғанын  жеткізді.

Жалпы Самал Биғалиқызының табыс жолы  жас кәсіпкерлерге үлгі бо­лар­лықтай. Ол қолда бар мүмкіндікті ұтым­ды пайдаланып, Жосалыда кәсіп­кер­ліктің дамуына үлес қосуда.

Ал «Жосалы тәттілері» бүгінде тек өнім бренді ғана емес, жергілікті са­палы кәсіптің үлгісіне айналған. Бал­ғын дәм мен табиғи құрам тұты­ну­шылардың сенімін арттырып, бренд­тің абыройын өсіруде.

Ең бастысы,  өнімге деген сұраныс бар, демек «Жосалы тәттілерін»  алда­ғы уақытта еліміздің түкпір-түкпі­рінен де көретін боламыз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»