«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген ата-бабалар сөзінің жыл өткен сайын өзектілігі артып келеді, тіпті күйіп тұрған тақырып десек, артық емес. Өйткені ажырасу – бүгінгі қоғамда алаңдататын мәселенің бірі.
«Елімізде ажырасу көрсеткіші жылдан жылға өсіп барады. Былтыр 124 мың жаңа неке тіркеліп, 61 мың неке бұзылған». Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың бұл мәлімдемесі көпшіліктің қызу талқысына түскені рас. Бірі ақпараттың растығына күмәнданса, енді бірі қоштап жатты.
Мәжілістегі Үкімет сағатында ол ажырасуға көбінесе ата-ана ретінде жауапкершіліктен бас тарту мен алимент төлемеу себеп болатынын атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл – отбасылық құндылықтардың дағдарысқа ұшырауының салдары.
«Бұрын халқымызға тән болған құндылықтар жойылып барады. Статистикаға сүйенсек, өкінішке қарай, әр екінші неке ажырасумен аяқталады. Соның салдарынан ең алдымен отбасы, әсіресе балалар зардап шегеді», – деді министр.
Статистика не дейді?
Ұлттық статистика бюросының былтырғы жариялаған дерегіне сүйенсек, 2023 жылы елде 128 839 неке тіркелген болса, соның 47 948-і ажырасумен аяқталған, яғни, әрбір үшінші неке бұзылады деген сөз.
Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 2020 жылы карантиндік шектеулер кезінде некеге тұру мен ажырасу азайғанымен, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш қайта шарықтап отыр.
Неке ұзақтығы бойынша ажырасулардың ең көп үлесі (35%) 1-4 жыл некеде тұрған отбасылар арасында, ажырасулардың 25% – 5 жылдан 9 жылға дейін бірге тұрғандар арасында, тағы 8% неке тіркелгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасқан. Ал демограф-әлеуметтанушылар: «Ажырасатындардың басым көпшілігі 5 жылға дейінгі, сондай-ақ 20 жылдан астам уақыт отасқан жұптар. Әсіресе, кейінгі жылдары 50 жастан асқан ерлі-зайыптылар арасында некені бұзу жиілеп отыр» дегенді алға тартуда.
Ажырасудың ең жоғары деңгейі ШҚО-да, 1000 адамға шаққанда 3,12 коэффициентімен, сондай-ақ Қарағанды (3,11) және Павлодар (3,09) облыстарында байқалған. Ажырасудың ең төменгі деңгейі Түркістан облысында.
Біздің аймақтағы ахуал да көңіл қуантарлықтай емес. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің басшысы Дәурен Тайыровтың мәліметінше, биылғы бес айда сотқа ажырасу бойынша 534 арыз түскен, оның 296-сы қанағаттандырылған. 207-сі қараусыз қалдыруға арыз берген. Былтыр 1676 арыз түсіп, оның 958-іне шешім шыққан, оның ішінде 955-інде неке бұзылған, 3 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылған. Ал Азаматтарға арналған Үкімет мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының АХАТ басқармасының мәліметінше, былтыр 4302 неке тіркеліп, 1771 неке бұзылған. АХАТ бөлімі арқылы ажырасатындар – ортақ баласы, мүлкі жоқ ерлі-зайыптылар. Ал ортақ бала немесе мүлік болған жағдайда неке сот арқылы бұзылады.
Сонда бір кезде сүйіп-күйіп қосылған жастардың бір-бірінен оңай жерінетіндей не болды екен? Жастарды жаңа өмірге бейімдей алмаған ата-ана кінәлі ме әлде қоғам ба? Мүмкін әлеуметтік жағдайдың әсері шығар? Бәлкім, отбасындағы тәрбиенің осалдығы болар? Қалай десек те, өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, қуанышта да, қайғыда да бірге болуға серттескен жұбайлардың екі жарылуы, тіпті бір-бірін көрместей болып кетісуі жақсылықтың нышаны емес. Олай болса кінә кімде, кемшілік неде?
Үй бола алмағандар неге көбейді?
Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлде жат ұғым болған. Этнографтардың сөзінше, бұл үрдістің бұзылуына түрлі тарихи оқиғалармен қатар әлеуметтік жағдай әсер етті. Ата-ана мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінсін деген мақсатпен баласының құлағына «Он үште отау иесі» деген аталы сөзді құйып өсірген қазақ ұлын ерте үйлендірген. Алайда қалыңмал беріп, қыз айттыру дәстүрі 1925 жылы «Қалыңмал алуды жою туралы» декреттен соң сирей бастады. Сонымен қатар бұл үрдістің бұзылуына өткен ғасырдың 20-жылдарындағы ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін мен соғыстың ықпалы зор болды. Ал қалыңын беріп, қызын алған қазақ құдасымен байланыс орнатып, жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса ақылдарын айтып, ұрыс-керіс шықса бақылап, екі жақты жарастырып отырған. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөзінен аспаған. Тентегін тезге салып, ақылын айтатын ақсақалдардың, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, үй ішіндегі берекенің ұйытқысы болатын дана кейуаналардың арқасында қазақ отбасында ажырасу деген түсінік болмаған. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген этнограф Аманжол Қалыштың айтуынша, ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдары кең етек жая бастады.
«Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90873 некенің 27391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160517 жұптың 44928-і ажырасқан. Бұл, әсіресе Қарағанды, Павлодар мен солтүстікте, шығыс және орталық аймақтарда қатты белең алған» дейді маман.
Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде ажырасу елдің барлық өңірінде белең алып отырғаны белгілі. Психологтардың сөзінше, жолдары екіге айырылған ерлі-зайыптылардың саны қаншалықты көп болса, олардың ажырасуына түрткі болған себеп те соншалықты көп. Осыдан 5-10 жыл бұрын мамандар отбасылардың ойран болуына көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік жағдайдың қиындығы, жұбайлардың бірінің есірткіге, ішімдікке тәуелділігі, опасыздық, сондай-ақ ерлі-зайыптының ұзақ уақыт бала сүйе алмауы себеп болады десе, қазір оған әйелдердің әлеуметтік белсенділігі артқан сайын, ер-азаматтардың дәстүрлі рөлі өзгеріске ұшырап жатыр, балалар ержеткен соң «өз өмірін бастау» синдромы, 50 жастан асқан жұптар арасында орта жастағы дағдарыс, өмірге жаңаша қарау, еркіндікке ұмтылу тенденциясы қосылған. Сондай-ақ әйелдердің қаржылық тәуелсіздігі, яғни өз бетінше ақша тауып, күйеуіне күні қарамауы немесе ерінен көп ақша табуы да бүгінде ажырасудың артуына басты себеп ретінде аталуда. Бұл әсіресе, жоғарыда айтылғандай, шаңырақ құрғандарына 15-20 жыл болған ерлі-зайыптылар арасында жиі кездесетін жайт екен.
Расында, әр отбасы белгілі бір даму кезеңдерінен өтеді, әр кезеңде түрлі түйткілдерге тап болып, бұрын-соңды мойынға артып көрмеген міндеттер пайда болады. Мысалы, бірінші баланың дүниеге келуі. Өйткені мамандардың пікірінше, көптеген неке осы уақытта бұзылады екен. Сондай-ақ балалар есейген кезде ерлі-зайыптылар өздерін баладан басқа ештеңе байланыстырмайтынын ұғады. Ондаған жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп келген отбасылардың екіге бөлініп жатқанын естігенде таңғалатынымыз рас. Мұндайда халқымыз «араға шайтан кірген» деп жатады. Міне, психологтардың айтып отырғаны осы болса керек.
Осы материалды дайындауда пікірлескен бірнеше көпбалалы ананың ойынша қазіргі кезде ажырасудың жиілеуіне әлеуметтік желілердегі блогерлердің, әншілердің шалқыған-былқыған, қызылды-жасылды жылтыраған өмірі, олардың өмір сүру дағдылары да әсер етуде. Сонымен бірге әлеуметтік желі арқылы ақыл айтушы толып жатқан психолог-коучтардың «ата-енеге қызмет етпе, сен олардың шәйін беруге, кірін жууға, қонағын күтуге міндетті емессің, әркім өзін жақсы көруі керек, сенің өз шекараң бар, өз табысыңды тек өзіңе жұмса, жұрттың сөзін тыңдама, пікірімен санаспа, өзің үшін өмір сүр» деген «ақылдары» жас буынды, әсіресе, қыздарды дұрыс жолдан тайдыруда. Отбасында ұлға да, қызға да ата-ана тәрбиесінің ролі маңызды. Қазір ерін балаларының көзінше беттен алып, төске шабатын көкбет әйелдер көп, соны көріп өскен қыз да кейін сондай болып шығады немесе әйелін ұрып-соғып, балаларына зәбір көрсететін еркек те өз ұлына соны «үлгі» қылып отырғанын ескеруі керек.
«Анаға тағзым» орталығы жас отбасыларға қолдау көрсетеді
Қоғамдағы ажырасу фактілерінің жыл өткен сайын белең алуының себептері көп десек те, соның ең бастысы – шаңырақ көтеруге ниет білдірген жастардың отбасылық өмірге рухани жағынан дайын болмауы, жастардың ұлттық тәрбиеден, құндылықтардан ажырап қалуы. Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан қыз балаларды келіндік өмірге дайындаудың, жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттаудың, отбасының беріктігін, шаңырақ шаттығын түсіндірудің маңызы зор. Бұл орайда облыс әкімінің қолдауымен ашылған «Анаға тағзым» орталығының берері мол. Өйткені ондағы клуб, студияларда осы олқылықтардың орнын толтыруға барлық мүмкіндік бар.
– Ажырасу – қоғамдағы үлкен қасірет. Қанша неке бұзылса, сонша себеп бар. Менің пікірімше, қазіргі кезде ажырасудың негізгі себебі – жастардың отбасын құруға дайын болмауы. Екі жас отау құруға шешім қабылдағаннан кейін, біз не істейміз, той қамына кірісіп кетеміз. Қыздың жасауын дайындаймыз, құда күту, той өткізудің таусылмас күйбеңімен боламыз. Демек, біздің қызымыз да, ұлымыз да материалдық жағынан дайын болғанымен, рухани жағынан кемшін қалып қояды. Бұрын қыз жеңгесімен сырласатын, жеңгелер бойжеткенді жұбайлық өмірге дайындайтын, аналар ақылын айтатын. Қазір өкінішке қарай, ол жоқ. Шаңырақ көтерген жастарды отбасылық өмірге бейімдейтін – үйдің үлкендері. Жас келіннің келген жеріне сіңіп кетуі сол отбасындағы адамдардың қарым-қатынасына, сыйластығына байланысты көбіне. Осы олқылықтардың орнын біздің орталық толтырып жатса, қуанамыз. Бұл бағытта түрлі шаралар, жобалар қолға алынған. Мәселен, «Жас отау» жас отбасылар клубында ұлттық құндылықтарды насихаттаумен қатар, отау құруға ниетті жастарға отбасылық қарым-қатынастар, сыйластық, құрмет, берік отбасы болудың қыр-сыры жайлы парасаттылық дәрістері өтеді. «Береке» аспаздық студиясында нан қоюдан бастап батаға дейінгі дастарқан әдебі, ұлттық тағамдар насихатталады, заманауи ас мәзірлерін дайындау жолдарынан шеберлік сағаттары тағы бар. Ал «Психолог-медиатор» кабинетінде тұрмыс құруға ниетті бойжеткен өзін толғандырып, бірақ ешкімге айта алмай жүрген мәселе шешімін кәсіби психологпен бірге таба алады. «Мирас» әжелер клубы да бар. Өмір көрген ана, әжелеріміз – қашанда даналық көзі, тәрбие мектебі. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қолөнерді кейінгі жасқа аманаттау – ана, әжелеріміздің парызы. Клубтың мақсаты да қыз-келіншектерді өмірге, тұрмысқа икемдеу, бейімдеу.
«Бойтұмар» қыздар клубы жұмыс істейді. Қыз баланың бойындағы әдептілік, ибалылық, мейірімділік сынды қасиеттер кейінгі кезде азайып бара жатқандай. Біз қанша жерден өзге мәдениеттерге еліктесек те, қанымыздағы ұлттық болмысымыз жоғалмауы керек. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптей де, заманауи үрдіспен ұштастыра да білуіміз керек. Сондықтан, бұл клуб – жасөспірім, бойжеткен қыздардың сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер алатын әдептілік алаңы. Сонымен қатар «ДАМУ LIFT», «Әлди – Ана», «Үй болам десең…», «Бақыт мекені» жобалары бар, – дейді «Анаға тағзым» орталығының әдістемешісі, «Жас отау» жас отбасылар клубының жетекшісі, Білім саласының үздігі, еңбек ардагері Сәлима Малимова.
Сабыр мен сыйластық бәрін жеңбек
Үйдегі тыныштықтың, түсіністіктің ең негізгі қағидаларының бірі – сырттағы адамдармен қалай сыпайы және жақсы мәміледе болсақ, дәл сондай мәміленің отбасы ішінде де болуы! Сыйластық бар үйде бақ-береке де болады. Бұл – көнекөздеріміз айтқан тамаша тәмсіл.
Ертеде бір жас жігіт отбасы ішінде қалай бақыт пен тыныштық орнатуға болатынын іздейді. Адамдар оған «Пәлен ауылда бір шал мен кемпір бар, білсе солар біледі бақытты тұрмыстың сырын, өйткені олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін әлі ешкім көрген емес» дейді. Жас жігіт әлгі айтылған үйге барып, амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі дастарқан басына қонақты жайғастырып отырғызады. Кемпірі дастарқанға бір қауын әкеледі. Қарт кісі қауынға бір қарайды да, кемпіріне: «Бұл қауын онша піспегенге ұқсайды, ауыстырып әкелесің бе» дейді. Әйелі жарайды деп қауынды кері әкетіп, тағы бір қауын әкеледі. Күйеуі «Бұл да болмады, тағы басқасын көрші» дейді. Әйелі жарайды деп, тағы алып кетеді. Қарт кісі келген қонаққа: «Әйелім онша таңдай алмаса керек, кеттік бірге барып таңдап келейік», деп екеуі бірге ас үйге кіреді. Ас үйге кіргенде бір ғана қауын тұрғанын көреді. Қарт кісі қонаққа қарап: «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе?» деп сұрайды. Жас жігіт «түсінбедім» деп жауап береді. «Балам, үйде бір ғана қауын бар еді. Мен білетінмін біреу ғана екенін, менің білетінімді әйелім де біледі. Мен қауынды алып кетіп басқасын әкел дегенімде, жарайды деп әкетіп дәл соны қайта әкелді. «Ей, шал, сен алжығанбысың, үйде бір ғана қауын бар, не айтып тұрсың» демеді. Мен бір нәрсе айтқанда әйелім қарсы шықпайды, дереу айтқанымды орындайды. Ол да бір нәрсе айтқанда мен де оның көңілін қалдырмаймын. Сол себепті ұрыс-керіс те болмайды. Отбасы бақытының сыры осы» депті.
Иә, «жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме» деп ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, отбасында жұбайлардың әңгімесі таусылмай, балалардың бақытты жүздерін мұң шалмағанға не жетсін?!
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»






