Жүрек жұтқан жігіт

807

0

Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында елді елең еткізген оқиға болды. Тұрғын үйдің 8-қабатынан құлағалы тұрған кішкентай қызды құтқарып қалған жігіттің ерлігі әп-сәтте желі арқылы шартарапқа тарады.

Оқиға елордадағы Ұлы Дала көшесі 27/1 мекен-жайында болған. Өз өмірін қатерге тігіп, бүлдіршінді құтқарған Сәбит Шонтақбаев – Жалағаш ауданы Аққұм ауылының тумасы. 36 жастағы азамат 4 баланың әкесі. Оның Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс іздеп келгеніне 15 күн ғана болған. Отбасы Қызылордада жалдамалы пәтерде тұрады.

– Баланы құтқарудан басқа ой болған жоқ, – дейді ол.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов:

– Бүгін өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айттым!

Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар.

Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады.

Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын, – деп жазды.

Сәбит төрт ағайынды. Өзі егіздің сыңары. Ата-анасы Серік пен Гүлбаршын Аққұм ауылында тұрады.

Айта кету керек, Төтенше жағдай бірінші вице-министрі, генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев Сәбит Шонтақбаевты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың Алғыс хаты Аққұм ауылындағы Сәбиттің ата-анасына табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<