Жылына 90 миллион дана кірпіш заманауи зауыттың мүмкіндігі мол

214

0

Жақында Қызылордада «Қызылорда Саз-М» ЖШС-ның заманауи кірпіш зауыты іске қосылған болатын. Былтыр құрылысы басталған зауыт қысқа мерзімде алғашқы өнімін шығарды. Бұл жобаға 5 млрд теңге инвестиция тартылып, 7 гектар жер телімі берілді. Зауыттың басты ерекшелігі – өндіріс процесі толық автоматтандырылған және экологиялық таза өнім көмірсіз күйдіріледі. Жылдық қуаттылығы – 90 миллион кірпіш. Қазір 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Біз өңірдегі ірі өндіріс орнының бі­ріне айналған зауытқа арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайт­тық. Зауыттың бас механик-маманы Ға­лым­­жан Бекмұрзаев күтіп алды. Алдымен әкімшілік ғимаратты таныстырды. Бі­рінші қабатта қызметкерлерге ар­налған кеңселер, акт зал және асхана болса, екінші қабаты жатақхана. Қазір онда алыс елді мекеннен қатынайтын 20-дан астам жұмысшы орналасқан. Мұнда жуынатын, киім жуатын, жеке заттарын қоятын орындар қарастырылған. Негізгі сыйымдылығы жоғары. Жұмысшылар 3 мезгіл тамақпен қамтылған. Сондай-ақ қаладан қатынайтындарға арнайы көлік бөлінген.

Әкімшілік ғимараттан соң зауытқа қарай жол тарттық. Дөңгелек пішінді ерекше өндірістік нысан.

– Жалпы зауыттың аумағы 7 гектар болса, ол төрт бөліктен тұрады. Бі­рін­шісі, әкімшілік ғимарат, кірпіш зауыты және шикізатты дайындау орны мен  қос­паны ұстау қоймасы. Жаңа әкімшілік ғимараттың жұмысын көрдіңіздер. Ал басты жұмыс осы жерде. Бұл зауыттың жүрегі десек те болады. Мұнда жартылай дайын болған кірпішті дөңгелек бойымен орналастырып аламыз да, ол жылжымалы пеш арқылы күйдіріледі. Пештің жұмысына байланысты зауыт шеңбер үлгісінде салынған. Шеңбердің диаметрі 560 метр болса, оның 160 мет­рін пеш құрайды. Міне, пештің үл­кен­­дігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Ерек­шелігі де осы. Сондай-ақ ол газбен жы­­лы­тылады. Пеш күйдіріп болған кезде дайын өнімді робот жинап шығады. Орнына күйдірілмегенін қайта қойып кетеді. Мұндағы технологияның бәрі автомат­тандырылған. Мүмкіндігі мол, дегенмен  қол еңбегі де қажет. Техника­ның бәрі де Қытайдан әкелінген, – деді бас механик.

Зауыттың іші мұнтаздай таза. Жұмыс тыңғылықты атқарылуда. Көз көрмеген техникалар. Жартылай дайын болған кір­піштер қаз-қатар жиналып тұр. Біз алып өндіріс орны болған соң шудан құлақ тұнар деп ойлаған едік. Елестетіп барған көрініс мүлде басқаша болды. Жұмыстың 80-90 пайызын техника атқарады екен.

– Пешке кірген кірпіш 1000 градусқа жеткенде дайын болады. Оған 2-3 сағат кетеді. Қазір бір күнде 220 мың кірпіш шығарамыз. Сұранысқа сай жұмыс іс­тейміз. Егер сұраныс артып жатса күн­дігіне 250 мың кірпіш өндіруге болады. Пештің жылдам жұмыс істеуіне мүм­кіндік бар. Бірақ кірпіштің 2-3 са­ғат­та күйдірілетіні сақталады. Саз «Қызылорда-Жезқазған» жолы бо­йын­да арнайы орыннан жеткізіледі. Оған 40 тонналық 15 ауыр жүк көлігі  қарас­ты­рылған. Көмір Қарағанды сынды қа­лалардан тасымалданады. Саздың сапа­сы, көмірдің құрамы бақылауда. Ол үшін арнайы зертханамыз бар. Сонда тек­серіліп, нормаға сай болса ғана кірпішке қолданылады, – деді ол.

Қазір зауыт екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Бір ауысымда 30-40 адам бар. Олардың қатарында инженер, тех­нолог, оператор және жүк көлігін жүргі­зушілер, қарапайым жұмысшылар еңбек етеді. Зауыттың ашылғанына аз уақыт болса да, тіршілік қызу. Жергілікті өнім­ге сұраныс артып келеді. Мәселен қазір ең көп тапсырыс Түркістан облысынан екен. Сондай-ақ өңірдегі құрылысқа пайдалануда. Жеке тұлғалар тарапынан да алушылар бар. Қала ішіне жеткізу және кірпішті бекітілген нормадан көп алса бағасына жеңілдіктер де қарастырылған.

– Қазір шығарып жатқанымыз тесік­тері бар кірпіш. Бастапқы кезде бүтін етіп шығардық. Кейін тапсырыс берушілер тесігі бар кірпішке ұсыныс берді. Өйт­кені оның құрылысқа пайдасы көп. Сал­мағы жеңіл әрі мықты болады. Әзірге осы екі түрі. Бастысы тұтынушының тал­ғамына сай етіп шығарамыз. Бір кір­піште 19 тесік болады. Көлемі стандарт, үлкен. Ені – 11,5, ұзындығы – 25 сан­ти­метр. Белгілі силикаттың көлемі ғой. Бастысы сапа жақсы, құрылыстың барлық түріне қолдана береді. Мұнда дайын кірпіш, жартылай дайын өнім де бар. Жартылай дайын өнім дегеніміз күйдіруге жіберіл­мегенін айтады. Егер жартылай дайын өнімде қайда да бір кемшілік болса, қайта өңделеді. Ал дайын кірпіш өңдеуге келмейді. Мәселен, жартылай өнім пешке кірер алдын 200-300 градуста кептіріліп алынады. Содан кейін барып, күйдіріледі. Өйткені ылғал кезінде пешке салуға болмайды,– деді бас механик таныстыра жүріп.

Кірпіштің көлемін, қалай күйдіріле­тінін бәрін білгеннен кейін келесі ны­санға бардық. Онда дайын қоспаның құ­рамын, дайындалу жолын, кірпіш шы­ғаратын техниканың жұмысын көрдік. Бұл жерде де жұмыс қызу. Байқа­ғаны­мыз, мұнда істің бәрін де техника атқарады. Адамдар оны басқару, бақы­лау арқылы жүзеге асырады. Қол еңбегі жинауға, дұрыс шықпай қалған өнімді анықтауға жұмсалады.

– Сыртта сазды дайындайтын цех бар, – деді Ғалымжан Бекмұрзаев ендігі кезекте. – Онда саз, көмірді арнайы техникамен үгітіп, майдалап сумен араластырады. Қоспа ек-үш күн тұру керек. Себебі құрамы толық жібіп, ісінеді. Келесі бөлік ортаңғы деп аталады. Бұл зауыттың негізгі тірегі. Мұнда бөккен саз  жиналады да арнайы ленталар арқы­лы жылжи отырып бірнеше этаптан өте­ді. Құрамында түйір саз болса, қайта ұсақталады.  Одан әрі қоспа ленталар ар­қылы жылжи отырып, кірпіш шыға­ратын автоматты машинаға жіберіледі. Құрылғы сазды сығып, кірпіш шыға­рады.

Автоматты құрылғыдан шыққан кір­піш жартылай өнім. Себебі бойында ылғал болады. Ол арнайы жылжымалы жүйе арқылы роботтарға жіберіледі. Осы техниканы бақылайтын оператор Нұр­лан Ермаханов зауыт ашылғалы жұ­мыс істеп келеді.

– Аз уақыттың ішінде техника­ның тілін меңгеріп алдық. Кірпіш­тің дұ­рыс шығуын, кесілуін қадағалай­мын. Жұмы­сым өзіме ұнайды. Қызметкер­лер­дің жағ­дайы, қауіпсіздік шаралар бәрі де қа­таң бақылауда, – деді ол.

Кірпішті қалай шығаратынын көрдік. Енді жиналу тәсілін білуге тырыстық. Жоғарыда оны роботтар жинайтынын айттық. Соны көру үшін тиісті орынға келдік. Робот лента арқылы келген кір­пішті жинап тұрады. Бір алғанда 72 кірпішті ұстайды екен.

– Кірпіш жинау тәсілі бар. Бірқалыпты болмаса ауып кетуі мүмкін. Ол кезде кірпіш жарамай қалады. Сондай-ақ арасы ашық болу керек. Себебі пешке кіргенде дұрыс кептіріліп, күйдірілуі маңызды. Кірпішті 3 робот жинайды. Төртіншісі кірпіштің астына төселетін шеге құмды тегістейді. Себебі жер тегіс болмаса, құм төселмесе формасына әсер етеді. Осы жерге жиналғаннан кейін пешке кіріп, дайын өнімге айналады. Күйдірілген кір­піштер одан әрі қапталып, техникалар арқылы жиналады. Бір қаптама 517 кірпіштен тұрады, – дейді бас механик.

Зауытқа жұмысшылар іздеген кезде арнайы қатаң талап болмаған. Мұнай-газ, ірі және шағын өндірісте тәжірибесі бар мамандарды қабылдаған. Ғалымжан Бекмұрзаев та мұнай саласында инженер-механик болып, 22 жыл еңбек еткен. Кейін зауыттың ашылғанын естіп, келіпті. Оның еңбек өтіліне қарап, бірден шақырған. Қазір ол ісін жетік меңгерген.

– Жұмысқа қабылданған азамат­тар­дың біршамасы істей алмай шығып кетті. Енді бірі тез үйреніп алды. Жалпы, маманда ынта, қызығушылық әрі жа­уапкершілік болса кез-келген іске еп­тілік танытады ғой. Көргендеріңіздей техника 100 пайыз Қытайдан келген. Ті­лін меңгеру үшін арнайы маман­дар бізге үйретті. Біз білгенімізді жұмыс­шы­ларға көрсетіп келеміз. Жұмыс автомат­тандырылған дегенімізбен, адамның көмегі арқылы басқарылады. Ал, маман оны игеруде қателеспеу керек. Бірінші жұмыстың сапасы, екінші қауіпсіздігі басты орында. Сондай-ақ техникаларды екі-үш айда міндетті түрде тексеріп, кем-кетігі болса жөндейміз, – дейді ол.

Кірпішті шағын машиналар әп сәт­те жинап үлгеруде. Бір қарағанда оңай дүние секілді. Бірақ оның артында қан­шама еңбек, маңдай тер жатыр. Оған осы  процеспен танысу барысында көз жет­­кіздік. Одан кейін зертханаға барып, кір­­піш құрамы қалай зерттелетініне куә бол­дық. Ондағы маман Ақмарал Ома­рова кірпіштің сапасы жақсы болуы үшін оған қосылатын көмір мен саз­дың құрамы тек­серілетінін айтты. Са­пасы белгілі болған соң цехтағы опера­торларға жібереді.

Мұнан әрі сырттан келетін саз, кө­мірді қабылдап, өңдейтін цехтың жұмы­сын көрдік. Цехқа жеткізілген шикізат­тың құрамы зерттелгеннен кейін оларды ұсақтайды. Қоспа бабына келген кезде кірпіш шығаратын цехқа жөнелтіледі.

Бастысы сапалы өнім өндіруді көз­дейтін зауыттың бәсекеге қабілетті қыз­метін бағамдап қайттық. Қаланың қай аумағында болсын құрылыс қарқынды. Ал оған қажетті өнім өзімізден шығып жатқаны әрине қуантады.

Елімізде ірі өндіріс жобалардың іс­ке асырылуында мемлекет тарапынан қол­дау бар. Оған Президент Қасым-Жо­март Кемелұлының «Жергілікті өнім өндірушілердің құрылыс материал­дары­­ның әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өнді­ру­шілерді қолдайды» деген сөзі дәлел.

Қысқасы іске қосылған автоматтан­дырылған кірпіш зауыты – өңірдің дамуына жаңа серпін беретін жоба. Ол жергілікті халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, экологиялық таза өнім өндіру арқылы құрылыс саласына зор үлес қоспақ. Сондай-ақ зауытта алдағы уақытта қуаттылығын арттырып, өнім түрлерін көбейту көзделіп отыр.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»