Сыр жастары жаңа әнді жарыққа шығарды (видео)

2917

0

Бүгінде «жастар жеңіл әуенге әуес, сапасыз ән салтанат құрып тұр» деген секілді сын пікір жиі айтылып жатады. Әйтсе де талғам таразысында саралап, сапалы дүниелерін халыққа ұсынып жүрген жастар да баршылық. Солардың бірі ақын Елжас Әбділда мен әнші, сазгер Жарасхан Төлебай. Сырдың талантты ұлдары өнер табыстырған айнымас достар.  Олардың рухани үндес әлемінен тамаша туындылар жарыққа шығуда.

Тілшілік тіршілікте жүрген әріптесіміз Елжас қолы қалт еткенде мәнді мәтін жазуды әдетке айналдырған. Оның Мейірімді Алла, Ертең, Мен Қазақтың ұлымын, Нағыз Қазақ, Оп-оңай т.б әндері өз тыңдарманын тапты. Елжас сөзін жазса, әнін Жарасхан жасады. Екі дос шығармашылық жұмыстары бір-біріне көрсетіп, бірге толықтырады. Қарақат Әбілдинаның орындауындағы «Алғыс» әні де – Елжас пен Жарасханның жұп-жұмыр, жып-жылы дүниелерінің бірі. Елжастың жазған ойлы өлеңдері бүгінде эстрада әншілерінің қоржынына олжа болып қосылған. Мәселен, Қарақат Әбілдина, Қуандық Рахым, Сұлтан Жандос, Арман Туашов, Абылай Берденов және «Сейхун» тобы ақынның асқақ шабытынан туған әсерлі өлеңдерімен репертуарын байытуда. Әсіресе, жабырқаған көңілге рух сыйлайтын өлеңдері көпшіліктің көңіл сарайынан орын алды.«Жарасханмен жұмыс істеймін. Ал, әншілер өздері ұсынса ғана жазып жүрмін. Олардың көбі шетелдік аударма өлеңдер. Қазір Шымкент қаласының жас сазгерлерімен шығармашылық байланыс орнатып жатырмын» дейді Елжас.

Ал Жарасхан Төлебай, сазгерлік сарыны дәстүрлі өнерге қазықталған жігіт. Ол ең әуелі әннің мәтініне мән береді. Бүгінде жас ақындармен қатар, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев секілді ұлтының ұлағатын ұлықтаған арқалы ақындардың өлеңіне ән құрап жүр. Өрелі өнерпаз ізденістің арқасында аз уақыт ішінде 50-ден астам ойлы дүниені жазып шықты. Ол туындылары тасада қалып жатқан жоқ. Қазақ эстрадасында ән шырқап жүрген Қуандық Рахым, Айқын Төлепберген, Ернар Айдардай өнерпаздардың репертуарларына енген бірқатар мазмұнды әндердің авторы.

 «Жарасхан шығармашылық шырағын жағып,елге деген ағеден пейілін дарынымен дәлелдеп жүр. Ол қазақы болмыстан сыр шертетін жаңа әндер жазып жүр. Оның өнері дәстүрлі таныммен тамырлас. Оның әндері сол текті тәлім мен қазіргі заманның талабын ұштастыруымен құнды. Бағыты байыпты жастың өнерін бақылап, баға бере жүріңіз. Бәлки, болашақ Әміренің әнін, Шәмшінің шығармашылық жолын жалғаушы азаматты көріп отқан боларсыз!», − дейді өнердегі досы Елжас Әбділда.

Енді міне жарасым тапқан достар әлемінен тағы бір жаңа ән тыңдарманға жол тартты.

Жастықта күліп ән салайық,

Қарттықты бірге қарсы алайық

Тірліктен кейде шаршасақ та – біз –

Бір-бірімізден шаршамайық!, − деп қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Қарақат пен Қыдырәлі жаңа бейнебаянның тұсауын кесті. Жұлдызды жұп «Бақ таптым сені жолықтырып» деп аталатын әнді орындады. Әннің сөзін ақын Елжас Әбділда жазса, әні – дарынды сазгер Жарасхан Төлебайдікі.  Сөзі салмақты, ойы орамды жазылған. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығын жарасымдылығын әнде, сөзі де жеткізіп тұр. «Әнді келіншегіме арнап жаздым» дейді Елжас. Елжас та, Жарасхан да жас шаңырақ иелері. Содан болар әні мен сөзі үйлесім тауыпты.  

         Елжас пен Жарасхан өз туындыларымен  оқырман мен тыңдарманын жігерлендіре, тебіренте, толқыта алған дарынды жастар. Олардың парасат биігіндегі байланысынан туған шығармалар жүректен жүрекке жетуде. Осылайша Сырдың өнерпаз азаматтары сапалы әннің салтанат құруына атсалысып жүр. Назарларыңызға екі достың жаңа бейнебаянын ұсынып отырмыз.

Гүлбану МАҚАЖАН,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<