Мәртебелі МЕНЕДЖЕР

295

0

 (Эссе)

Қорқыт пен құндылық

Бастайтұғын белеске,

Баспайтұғын егеске.

Баба Қорқыт әулеттің,

Бойтұмары емес пе?!

(Тақырыптың тұздығы)

Бүкіл ауданының орталықтары теміржолдың бойында тізілген Сыр елінде жұрт аялдамай өтпейтін бір қастерлі орын бар. Жүрдек пойызбен жарыса жүйткіген жеңіл көлікпен келе жатқан адамның қай-қайсысы да бұл жерден аттап кете қоймайды. Жосалының төбесі көрінгеннен-ақ Қорқыт атаның ескерткіші алыстан менмұндалап тұрады. Бұл – жай ескерткіш емес, ауқымды мемориалдық кешен. Әйгілі сәулетші Бек Ыбыраевтың үздік туындыларының бірі. Мұнда алғаш келген адам ғаламат әсерге бөленеді. Талай ғасырдың қойнауына сүңгіп, ескі әлемге еркін еніп кеткендей болады. Бір сәт түркі дүниесіне армансыз сапарлап, тарихқа терең бойлап, тұлғалармен тілдескендей күй кешесің.

Осының бәрі кешеннің қақ ортасында негізгі ұстын боп тұрған иін тірескен төрт қобыз бейнесіндегі биік тұғырларға жетелеп апарады. Тура алдына келгенде құлағыңызда әлдеқайдан қобыз сарыны естіледі. Дәлірек айтқанда, жоғарыдан жел үрлегенде ғажайып аспап түріндегі құрылғыға тіл бітеді. Қобыздың үніне ілесіп, арғы дәуірді аралап кетесің. Қобыз болып тебіренесің. Қорқыт болып күңіренесің. Сол сәтте жыр жампозы Жарасқан ақын: «Өлмес күйлер қобызда шалар ма еді, Қорқыт атаң өлімнен қорықпаса», – деп құлағыңа сыбырлап тұрғандай сезінесің.

Ілгеріректе бұл ескерткіш оңашалау һәм оқшаулау тұратын еді. Қазір айналасы абаттандырылып, мазмұны толықтырылып, қосымша ғимараттар салынды. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, көркейтіле түсті. Мұнда танымыңды арттыратын музей де, жұрт аялдайтын жатақ табар.

Бір кезде арқалы ақынымыз Серік Тұрғынбеков осынау қасиетті мекенді былайша жырға қосты:

Есту үшін таңғажайып сол үнді,

Оны бүгін еске алуым орынды.

Көрем десең, Қорқыт ата қабірін,

Бұр, жолаушы, Жосалыға жолыңды.

Мінәжатты мақсат тұтқан бар жақсы,

Меккеге емес, енді саған бармақшы.

Ескерткіштей өр еңсеңді көтеріп,

Ен далаға қарашы бір, Қармақшы.

Бұл – бүгінгі ахуал. Ал бір кезде Қорқыттың осы кесенесін қолға алғаны үшін солақай сынның нысанасына айналып, жалаға ұшыраған Елеу ағамыз қапалы күй кешіп еді. Көне дәуір ғұламасына, аңызбен астасқан ақылманға ескерткіш орнатып, жұрттың бәрін соның басына иіріп қойған Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың бұл тәуекелшілдігі жазалауға жаны құмар жүйеге ұнай қойған жоқ. Ұнамайтындай реті бар еді. Жалғыз Қорқыт емес, есімі ел жүрегінде қалған басқа да тұғырлы тұлғаларды қадірлеуге талпынғандар талай кедергілерге тап келді. Батыстағы Бекет ата, Арқадағы Мәшһүр Жүсіп, шығыстағы Шәкәрім сынды арыстарды ардақтаған адамдардың жолы оңай болмады. Әйтеуір, бәрінің де ақыры жақсылықпен біткені көңіл қуантады.

Бұл тақырыпқа басқа емес, әлемнің Әбесі атанған атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов те қалам тербеді. Әулеттің үлкендерін жақсы білетін, біразымен аралас-құралас болған қайталанбас қаламгердің түйін-тұжы­рымының жөні бөлек. Ол бұл турасында «Көшербайдың Елеуі Қармақшыда қазақ ұлты тарихының ұлы күмбезі деуге татырлық Қорқыт атаға ескерткіш орнатты. Айтпасыңа қоймайды, осындайда іргеңде отырған қаны қандас деп жүрген кейбір көрші ағайындар халқыңның қасиетті деп жүрген қастерлісін қазақтыкі деуге қимай ма, әлде қызғана ма, өзіне тартады да, ортаға тастаған көкпар лағындай жармаса кетеді. Елеу Тереңөзекте жүргенде ел-жұртқа тағы бір ұлағатты іс істеді. Бұл жолы аз ғана ғұмырында қазақ­тың қара өлеңіне кезінде күміс шалып, таспа тілген Тұрмағамбет ақынның туып-өскен мекені Ақжарға жан-жақтан ел-жұртты жинап, мазар-ескерткіш көтерген», – деп жазды. Елеу ағаның ұлттық құнды­лықтарды ұлықтау мақсатындағы берекелі бастамалары мұнымен шектелмейді.

Сыр бойында қызмет істеп жүргенімізде Елеу ағамыздың әулетіндегі ұлағатты ұрпақтардың бәрімен дерлік араласып тұрдық. Айтбай ағамен әкімдік жүйесінде бірге жұмыс істедік. Мұнай саласының маманы Болат Елеуұлымен түрлі жиындарда бас қосып, өндіріс мәселелерін бірге талқылайтынбыз. Жомарт Елеуұлы өңірді электр жарығымен қамтамасыз ететін мекеменің басшысы ретінде қала әкімдігіне де, облыс әкімдігіне де жиі кеп тұратын. Жобаларымыз да, жолдастарымыз да ортақ болды.

Ал енді солардың ішінде Қырымбек Елеуұлының жөні бөлек. Ең ертерек және ең жақынырақ араласқаным да осы Қырымбек ағам екен. Елеу ағаның ұғымтал ұлдарының бәрі де оның жақсы атын шығарды. Ардақты әкенің елеулі есімі перзенттерінің еңселі кабинеттеріне кіреберісте жазулы тұрады. Ресми этикет бойынша басшыларға қайырылған сайын өз есіміне қоса әкесінің атын да атайтының рас. Демек, бұл – жақсы әкенің бейнесі саналы перзенттерінің өнегелі істері арқылы тұлғаланған үстіне тұлғаланып жатыр деген сөз.

Қазір Елеу ағамыздың есімі Қорқыт кесенесімен қатар аталады. Кейін Қырымбек ағамыз Қызылорда облысын басқарған кезде мемориал кешеннің көркеюі мен күтіміне айрықша көңіл бөлді. Жалпы, Қорқыт бейнесі бұл әулеттің символы саналады. Қорқыттың өмірге құштарлық философиясы осы шаңырақтың парасатты перзенттерінің қай-қайсысының да санасына сіңген.

Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Қобызбен Қорқыт сарнаған, Болмады жері бармаған», – деп жырлаған, Мағжан Жұмабаев: «Өмірде арманым жоқ, Қорқытқа ерсем, Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем», – деп егілген, Жұмекен Нәжімеденов: «Қашты Қорқыт күн қызарып батқанда, Аңдары үркіп, құсы оянған ақ таңда», – деп толғаған, Серік Тұрғынбеков: «Қорқыт.., Қорқыт қорыққан жоқ ажалдан, Қайта ажалдың өзі одан қорықты», – деп топшылаған, Шөмішбай Сариев: «Құдіретті қобыз үні ғасырлық, Жаратқан ғой тәңір баста асыл ғып», – деп сүйсінген ежелгі дәуір елшісінен тамыр тартатын қастерлі құндылықтар Көшербаев­тардың көшелі көшін адастырмай алға бастайтын бағдаршамның мәртебелі міндетін атқарып келеді.

Алдағы уақытта да солай бола бермек.

Жігер мен жастық

Тектіге жол табылар,

Тексізге жол жабылар.

Тұлпар болар тастүлек,

Тай күнінен танылар!

(Тақырыптың тұздығы)

Қырымбек Елеуұлының есіміне жас кезімізден-ақ қанық болдық. Алдымен оны жігерлі жастар жетекшісі ретінде таныдық. Әрине, ол тұста өзімізден жеті жастай үлкендігі бар ағамызбен етене араласа қойған жоқпыз. Кейінірек оқу бітіріп, республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакциясына қызметке келгенімізде жақынырақ байланысып тұруға мүмкіндік туды. Өйткені талай талантты түлеткен бұл газет Қазақстан комсомолының басты басылымы еді. Қызық болғанда, мен сол «Лениншіл жастың» комсомол тұрмысы бөлімінің тілшісі боп бекітілдім. Ол сол мезгілде Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінен жастар ұйымының Алматыдағы бас кеңсесіне ауысып келіп жатты. Орталық комитеттің комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымына тағайындалып, жұмысқа қызу кірісті. Бұл – бүкіл елдегі жастар ұйымдарының мәселелеріне тікелей жауапты бөлім. Ұйымдастыруға қатысты шаруаның бәрі осы бөлім арқылы жүзеге асады. Қырымбек аға бұрын да бұл құрылымда жұмыс істеп кеткен екен. Жастар ісінің жай-жапсарын жақсы біледі. Сондықтан өте беделді. Елдің бәріне сөзі өтеді.

Бұл қайта құру, бетбұрыс, жариялылық деген ұғым­дардың дәуірлеп тұрған жылдары еді. Жастар басы­лымында «Қайта құру қаһармандары», «Бетбұрыс баспал­дақтары» деген секілді айдарлардың абыройы аспандай түскен кезең. Жұртшылық одақтың іргесі сөгіле бастағанын сезсе де, алдағы күннен үміт күтті. Пі­кір­­лерін ашық айтып, ой-сананың еркіндігіне бейім­деле бастады. Міне, осы кезеңде Қырымбек аға­мыз да жарқырай көрінді. Сөйлегенде елді үйіріп әке­теді. Жұртты соңына ерте алады. Білімді әрі білікті екені бірден байқалып тұрады. Осындай ерекше қасиет­тері арқылы өз ортасынан дараланып, көшбасшылығымен көзге түсті. Бір күні ол комсомолдың Орталық комите­тінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып та­ға­йындалды.

Төлеби (бұрынғы Комсомол) мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан комсомолдың бас кеңсесінде жиын өте көп өтеді. Салынғанына он бес жыл болған, бөлмелері мен залдары жеткілікті, мәжіліс пен мәслихат құруға таптырмайтын ғимарат. Сыртқы маңдайшасында комсомолдың төске тағатын белгісінің адам бойындай салақұлаш бейнесі жарқырап тұрады. Осындай басқосуларға журналист ретінде қатысуға барған кезімізде Қырымбек ағамызды көріп қаламыз. Бірте-бірте жақынырақ таныстық. Осыдан бастап ол біздің қамқорымызға айналды.

Жастар ұйымы дегенде Сыр елінен, оның ішінде Қазалы топырағынан шыққан жалынды жетекші Ғани Мұратбаев бірден ойға оралады. Ол кеңестік дәуірдегі жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынатын тәлімді тұлғаның бірі болды. Сол Қазалыда туған Қырымбек Елеуұлының жігерлі жастардың озық ойлы өкілі ретінде көш­басшылық қызметте жүруі белгілі бір заңдылық секілді көрінетін. Екі тілде еркін сөйлейтін, екі тілде көсіліп жаза білетін, ауызекі тілге шешен, нағыз билингвал жастар жетекшісінің іскерлігі мен ширақтығынан оның келешекте қандай азамат болатыны анық аңғарылып тұрар еді. Жалпы, комсомол ұйымы жас буынды шыңдап шығаратын, басқару қызметіне дайындайтын құрылым саналғаны белгілі. Осы санаттан іріктеліп шыққандар кейін биліктің жоғарғы буындарына дейін өрлейтіні жасырын емес-ті.

Қырымбек ағамыздың бұл жолдағы ұстанымы өзге әріптестерінен сәл бөлектеу болды. Ол кешке дейін жанығып жүретін комсомол жұмысының өзін елдік мәселелермен сабақтастырды. «Біздің бұл ісімізден ұлт пен жұртқа не пайда болмақ?», – деген сауал тұрғысынан қарап, ақыл-ой биігінен әрекет етті. Олай болатын жөні бар еді. Бұл жағынан алғанда, Әбдіжәміл ағамыз: «Көшербай тарамыс денесіне ет жимаған, сақаға лайық құдды киіктің асығындай, сыптиған шымыр да ширақ кісі-тұғын», – деп сипаттаған атасының елшілдігі де, «Елеу сол бір кездерде де әйтеуір ығытын тауып, елінің рухани да, материалдық та байлығын ең алдымен туған ұлтының игілігіне жұмсауды мақсұт еткен жан еді. Қашанда жайдары, қашанда мінезді, әзіл-оспаққа бейімдеу Елеу мұндай ұлттық мәселеге келгенде заңғар зерделі, саңлақ сапалы нар тұлғаның өзі болатын», – деп асқақтатқан әкесінің дарабоздығы да парасатты перзентке дарығаны анық-ты.

Осындай тағылымды тәрбие алған ол ұлт абыройын арттырған атпал азаматтарға жақын жүрді. Ком­сомол­дың Орталық комитетінен қазақылықтың иісін іздеген ұлт зиялылары Қырымбек Көшербаев пен Иманғали Тасмағамбетовке арнайы келетін. Жастар ұйымының орталық кеңсесінде еңселі кабинеттері бар, бірақ тамы­рынан едәуір ажыраңқырап қалған жас шенеуніктердің арасында осы қос саңлақтың болмыс-бітімі ерекше көрінетін. Келген адамның тілін табады. Оларға қазақы қалжың айтады. Әйтеуір, сол екеуімен шешіле сөй­лескен адам риза боп кетеді. Солар арқылы жастар ұйы­мында ұлттық дәстүр мен салт-сананы жақсы білетін көшелі кадрлар бар екен ғой деген қоғамдық пікір қалыптасады.

Ол жастар ұйымының ұлттық үлгідегі жігерлі же­текшілерінің бірі болды. Жұртшылыққа пайдасы мо­лынан тиді. Бір кезде Ғани Мұратбаевтың мұқтаж жан­дар­ға қамқорлық көрсеткені секілді, сол өңірде өсіп-өнген Қырымбек аға да айналасынан көмегін аяған жоқ.

Біздің газеттің қызметкерлері Қырымбек Елеуұлына үйір еді. Комсомолдың пленумдары, онда қаралатын ұйым­дық мәселелер туралы жедел мәлімет алғымыз ке­лсе, сол кісіні жағалаймыз. Барған шаруаңды дереу ше­шіп береді. Тиісті адамдармен қолма-қол байла­ныс­ты­рады. Газет жұмысының күйіп тұрған нәрсе екенін айт­­қызбай-ақ ұғады. Ұғады да септігін тигізуге ұмтылады.

Мен сол кезде Қырымбек аға әйтеуір бір облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болатын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ олай болмады. Оның ком­сомолдағы карьерасы Қызылорда қаласы жастарының жетекшілігімен және орталық кеңсенің бөлім мең­геру­шілігімен шектелді де, басқа қызметке ауысып кетті.

Бәлкім, тумысынан сұңғыла ағамыз жұмысы күндіз-түні қайнап жататын комсомолдың көп ұзамай тарап кететінін ертерек сезген шығар…

Білік пен билік

Өзгертеді өңірді,

Өсіреді көңілді.

Өзге арнаға бұрады,

Өңірдегі өмірді.

(Тақырыптың тұздығы)

Сонымен, ол жастар ұйымы саласынан мойны босаған соң, Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар акаде­миясында білім алып қайтты. Президент аппаратында қызмет істеді. Премьер-министр орынбасарының көмекшісі, Алматы қаласындағы Калинин ауданының әкімі, Үкімет аппараты басшысының орынбасары, Президенттің баспасөз хатшысы, бірнеше саланың басын қосқан ауқымды министрліктің басшысы болды. Бұл жылдарда біз оқу орнында немесе ғылыми ортада жүргендіктен Қырымбек ағамен көп араласа алмадық. Анығырақ айтсақ, жауапты қызметіне кедергі келтірмеуге тырыстық. Тек астананың аумағындағы ауқымды ауданның әкімі боп тағайындалғанда құттықтап кіргенім бар. Қасымдағы серіктеріммен бірге емін-еркін әңгімелестік. Сол баяғы қалпы. Ағамыздың әсерлі әңгімеге есік ашқанына разы болдық.

Мәртебелі МЕНЕДЖЕР

Содан соң ол Президенттің баспасөз хатшылығына тағайындалғанда Қызылордаға қызметке келіп жаттық. Сол жақта жүріп тілеулестік таныттық. Себебі баспасөз біздің өмір бойы айналысып келе жатқан саламыз еді. Бас кеңседегі осы жұмысқа жауапты құрылымға Қырымбек Елеуұлының басшы боп келгеніне қуанғанымыз рас.

Екі ғасырдың тоғысында мектеп оқушыларының пәндік олимпиадасына қатысушыларды бағалайтын комиссияның мүшесі ретінде Орал қаласына бардық. Бұл тұста Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысын басқаратын-ды. Қаланы асықпай араладық. Тарихи ғимараттар толық жөндеуден өткізіліп, қайта жаңартылыпты. Байырғы бейнесі сақталып, архитектуралық келбеті қалпына келтірілген. Соны көрген соң әсерленіп, ілгерідегі кезеңге өтіп кетіп, көне құндылықтардың арасында жүргендей ерекше бір күйге бөленесің. Батыс өңірден шыққан тұлғаларға қойылған ескерткіштер де еріксіз назарыңды аударады. Талғаммен жасалған туындылар алыстан көз тартады, тіпті орналасқан жеріндегі үйлесімділік пен үндестікке дейін бірден байқайсың. Бұрын өзге өңірлерде көп үрдіс бола қоймаған мұз сарайын да қатырып салып тастапты. Бұл Қырымбек ағаның алғаш басқарған өңірі еді. Бұған дейінгі қаншама тәжірибесі кәдеге асып, аймақтың тізгінін мықтап қолға алғанына куә болдық. Ең бастысы, жергілікті жұрт оны жақсы көреді екен. Оралда жүрген бір аптада бұған анық көзіміз жетті. Өзіміз секілді сырттан келгендердің ой-пікірі де жоғары екенін байқадық.

Бұдан соң Қырымбек аға Қазақстанның Ресейдегі елшісі, кейінірек Маңғыстау облысының әкімі болды. Сол Маңғыстауды басқарып тұрған кезде Қызылордаға келді. Арнайы ұшақпен жеткен оны қарсы алып, облыстық ауруханаға бастап әкелдім. Ауруханада бір апта бұрын қызметтестерімен бірге тікұшақ апатына ұшыраған Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед емделіп жатыр еді. Қырымбек Елеуұлы Мұхаңның көңілін сұрай келіп, палатада бір сағатқа жуық отырды. Қазақ руханиятында өзіндік орны бар екі әкім ұзақ әңгімелесті. Ол шығып кеткеннен кейін де Мұхтар Абрарұлы жанына батқан дертіне қарамастан көңілді жүрді. Мен болсам, ардақты ағаларымның, сырлас саңлақтардың жарасымды сыйластығынан әдемі әсер алып, осынау жылы жүздесудің әрбір сәтін ой елегінен өткіздім. Кешке Қырымбек ағаны Ақтауға шығарып салдым. Ол ұшар алдында қаладағы Елеу ағаның бейітіне барып, Құран оқытып қайтты.

Бұл кезде Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы едім. Күндіз жұмыстамын, кешке қарай Мұхаңа бір соғып кетемін. Кезекті тапсырмасын береді, алдағы жоспарымызды белгілейді. Ахуалын сұрауға арнайы келген Қырымбек ағасына риза екенін аңғартады. Адами құндылықтың үлгісін танытатын осы бір сәтті әлі күнге дейін жадымыздан шығара қойған жоқпыз.

Қырымбек Елеуұлы Маңғыстаудан кейін Прези­денттің кеңесшісі болып тағайындалып, Ақордаға қызметке келді. Бір қабатта отырдық. Әйгілі «М» этаж. Яғни, аралық қабат. Кабинеті таяқ тастам жерде. Мен Мемлекет басшысының баспасөз хатшысының орынбасарымын. Енді жиірек араласып тұруға жол ашылды. Қарамағында екі-үш адам ғана бар. Баспасөз қызметіндегі ақын Нұрлан Қалқа да оған көмектеседі. Қырымбек Елеуұлының кезекті тапсырмасын қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз Құралай арқылы алған Нұрлан шайыр: «Тапсырады Қырекең, Жеткізеді Құрекең, Қолына алып қағазын, Кіріседі Нұрекең!» – деп өлеңдетіп, компьютердің пернетақтасын зырылдата жөнеледі. Сол күндер енді сағынышқа айналды.

Көп ұзамай Қырымбек аға бұл жұмысынан да ауысып, Премьер-министрдің орынбасары лауа­зымында төрт айға жуық қызмет істеді де, Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл – өзінің туып-өскен өңірі. Сол аймақты қайта түлетуге мол мүмкіндіктің көзі ашылды. Біз де – сол өлкенің перзентіміз. Сондықтан, түрлі себеппен ел жаққа ат басын бұрып тұрамыз. Барған сайын Қырымбек ағамызға соқпай кетпейміз. Мемлекеттік қызметте жүрген соң ақыл-кеңес аламыз. Кейбір шаруаларды безбенге саламыз. Сондай сәттерде мен әбден кемеліне келген беделді әкімді қызметтегі карьерасын жастар ұйымынан бастаған баяғы жігерлі жігітпен салыстырып отыратынмын. Осы жылдар ішінде ол шарболаттай шыңдалған мемлекетшіл менеджерге, биліктің барлық сатысынан өткен білікті басшыға айналды.

Осы күні Маңғыстауға барған сайын «Мынау – Қырымбектің салып берген жолы. Анау – Қырымбектің тұрғызған ғимараты. Сонау жылы ол ана бір күрделі мәселені шешіп еді. Осы өңірге тастай батып, судай сіңіп кетті ғой», – деген сипаттағы әңгімелерді жиі естиміз. Барды бар, жоқты жоқ деп, бүкпесіз бағалайтын батысқазақстандықтардың байлам-байыптамасы да осыған саяды. Ал енді өзінің туып-өскен өлкесі – Сыр елінің оған деген ықыласы тіпті бөлек.

Әбдіжәміл ағаның жоғарыда аталған жазбасында: «Иісі түркіге мақтаныш болған бұл екі тұлғаның (Қорқыт пен Тұрмағамбет) екеуі де кезінде Елеудің өзі мүше болған сол коммунистік партияның идеологиясы­на қайшы келетін, бітім-болмысы мен мақсаты мүлде жат тұлғалар еді. Әрине, Елеуге де оңай болмаған шығар. Олардың аруағын аспандатып, жер бетіне шығаруға, қарқарадай қақитып ескерткіш қоюға елден ерекше жүрек жұтқан біреу болмаса, әлдебір басын баққан біреулердің батылы жетпес еді», – деген жолдар бар. Ал енді дәл осы сипаттама сол Елеудің елге елеулі перзенті – Қырымбек ағаның болмыс-бітімін де толық танытатынына дауыңыз бар ма?

Ұлт мұратымен үндестік қашанда биікке бастайды екен ғой…

Ақыл мен Қайрат

Басына бақ қонды шын,

Бақтың өзі болды сын.

Биіктігі биліктің,

Бұза алмады болмысын!

(Тақырыптың тұздығы)

Ол Қызылорда облысының әкімі болып қызмет істеп жүргенде Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми конференция өткізді. Бұл кезде Әбіш ағаның дүние салғанына жыл толған еді. Қырымбек аға бізді осы жиынға арнайы шақырды. Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясы жөнінде баяндама жасадым. Конференция өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қорқыт ата атындағы университетте Әбіш Кекілбаев аудиториясы ашылды. Қалған іс-шаралар қаладағы «Болашақ» университетінде жалғасты. Сол арқылы қалың елге танымал әйгілі жазушының қазақтың қай өңіріне де жаттығы жоқ екені айқын көрінді.

Ертеңіне Қырымбек ағаның Қазалы ауданына сапары жоспарланған екен. Өзімен бірге бізді де ерте кеткелі отырғанын айтты. Бұл ұсынысты қуана құп алдық. Бір көлікке қатар жайғасып, Қазалыға жеткенше еркін әңгімелестік. Бұрыннан білетін ағамды жол үстінде одан да жақынырақ таныдым.

Аудан орталығына келген соң бірнеше ескерткішті орнату рәсіміне қатыстық. Бегім анаға, Асан көтерілісіне арналған ескерткіштер бой көтерді. Жалаңтөс баһадүр кесенесінің көшірмесі де осы қатарға қойылды. Сол күні Тәуелсіздік монументі жамылғысын сыпырды. Қысқасы, Қырымбек ағамен бірге осынау ескерткіштердің лентасын қиып, рәсімдердің бәріне де бастан-аяқ атсалыстық.

Қайтарда Қырымбек ағаның қасындағы азғантай топ шағын тікұшақпен ұштық. Дария жағасындағы қалаға жеткенше құлаққап арқылы ауық-ауық сөйлесіп отырдық. Қызылордаға табан іліктірген соң бірден стадионға тарттық. Бүгін ойын алаңында Қызылорданың «Қайсары» мен Шығыс Қазақстанның «Алтайы» футболдан бақ сынасатын көрінеді. Бас жанкүйер қасымызда. Жүйтки жөнелетін жеңіл мәшинеден қалт-құлт етсе де, көктің апшысын қуырып, құлашын кең жазатын тікұшаққа ауысып мініп, асығып тез аттанғанымыз да содан екен. Лезде жетіп келдік. Соның өзінде бірінші тайм басталып кетіпті. Қазақстан футбол федерациясының өкілдері де осында жүр. Абырой болғанда, сол күні «Қайсар» «Алтайды» 1:0 есебімен жеңді. Сірә, облыс әкімінің арнайы қатысқаны біздің футболшыларды жігерлендірсе керек. «Қайсар» премьер-лигаға қайта оралды. Қырымбек Елеуұлы осыған орай стадионның қақ ортасында тұрып, жеңімпаздарды марапаттады. Бұдан соң тарайтын болармыз деп ойлағанбыз. Жоқ, бірлескен шаруамыз мұнымен де біткен жоқ. Кешке қарай ол өңірдің спортшыларына арнап қонақасы берді. Даңқты ауыр атлеттер Илья Ильин мен Александр Зайчиков сынды саңлақтарға және басқа жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетілді.

Осылайша Қырымбек ағаның қасында жүрген екі күн ішінде біраз нәрсеге көз жеткіздік. Біріншіден, ол қай жұмысты да зор ықыласпен атқарады. Қолға алған шаруасына жан-дүниесімен беріледі. Екіншіден, істің көзін таба біледі. Қарамағындағы қызметкерлеріне мәсе­лені шешудің жоба-жоралғысын айқындап бер­генде, бәрі де оп-оңай секілденіп кетеді. Шындығында олай емес, оны оңайлатып тұрған білікті басшының ұтымды ұйғарымы екені анық. Үшіншіден, шешімді жедел қабылдайды. Талай жылғы мемлекеттік қызмет пен басқару мектебі оны жұмысты сағыздай созып, ырғалып-жырғалудан аулақ болуға дағдыландырған тәрізді. Төртіншіден, кез келген істі ақылдың безбеніне салады. Ойланбай қадам жасамайды. Сондай-ақ көп ойлануға да уақыт қалдырмайды. Бесіншіден, шаршап-шалдығу дегенді білмейді. Мезгілдің қай сәтінде де жұмыс режімінде отырады. Маған әкімдік аппаратының қызметкерлері оның күнделікті ырғағына әзер ілесіп жүргендей көрінді. Осылайша өзім де оның өмірлік өнегесіне, тәлімді тәжірибесіне қанығып қайттым.

Сол кездесудің әрбір сәті үнемі жадымда тұрды. Жақсы ағаның жанына ілескен аз ғана уақыттың қадірін ұғып, сөзінің салмағын сезінгендеймін. Бірақ бұл кезде Қырымбек Елеуұлымен бірге кейінірек еліміздің бас кеңсесінде екі жарым жыл бойы қанаттас қызмет істейміз деген ой қаперімізге де кірмепті. Сөйтіп, жолымыз Ақордада тоғысты. Жаңа дәуір, жаңа кезең. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент Әкімшілігінің басшысы боп тағайындалды. Бұл менің Президент кеңесшісі ретіндегі міндетіме жаңа ғана кіріскен кезім еді. Көп ұзамай Қырымбек аға Мемле­кеттік хатшы қызметіне ауысты. Енді біздің біраз уақытқа созылған бірлескен жұмысымыз басталды. Оның қамқорлығын сәт сайын сезіне білдік.

Қырымбек Елеуұлының тапсырмасы бойынша Алматыда барған екі сапарым ұмытылмастай боп есімде қалды. 2019 жылы атақты архитектор, Қорқыт ата мемориалды кешенінің авторы Бек Ыбыраев қайтыс болды. Қырымбек ағаның ұйғарымы бойынша оның жерлеу рәсіміне мен бардым. Қорқыт атына байланысты нәрсенің бәрі бұл әулет үшін аса қадірлі екенін жоғарыда айттық. Мен мұны Қырымбек ағамның бізге қапысыз сенгені деп ұқтым. Сондықтан оның бұл тапсырмасын мүлтіксіз орындадым. Бек ағаны ақ жауып, арулап аттандырып, ағайын-туыстарымен бірге бүкіл рәсімінің басы-қасында болып, елордаға қайтып оралдым.

Екінші рет Алматыға өзімен бірге ертіп кетті. Бұл жолы қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдығы тойланды. Абай атындағы опера және балет театрында өтетін жиынды ұйым­дастыру жұмыстарына жегілдік. Осы сапарда Қырымбек ағамен бірге Әбенің үйінде болдық. Қырымбек Елеуұлы онымен құрдасындай қал­жыңдасады. Ақсақалды көрген бетте белінен қапсыра құшақтап, тік көтеріп алды. Маңайдағы әйелдер «Ойбай, қарт адамға зақым кеп жүрмесін», – деп қауіп ойлап, шуласып жатыр. Бірақ бұған қыңа қоятын Әбең бе?! Әзілі інісінің қалжыңынан да асып түседі. Ол да ешкімді оңдырып жатқан жоқ. Шынында да, Әбдіжәміл аға жүзге жақындап қалса да, әлі тың еді. Жүріс-тұрысы ширақ, есте сақтау қабілеті таңдай қақтыратын. Сол жолы Қырымбек Елеуұлы мен Смағұл Елубай ағаларға қосылып, Әбені ортаға алып, ұзақ әңгімелестік.

Біз әлемге даңқы жеткен әйгілі жазушымен бір топырақта тусақ та, етене араласудың сәті түспеген-ді. Бұл кездесу сол олқылықтың орнын толтырғандай болды. Қырымбек ағам мені оған жақсылап таныстырды. Алайда бұл таныстық мұнан кейін жалғаса қоймайды. Себебі, Әбе көп ұзамай дүние салды. Бәрібір Қырымбек Көшербаев осылайша тағы бір тағылымды қадамды бастап берген-ді…

*

Қырымбек Елеуұлының мектебі – менеджерлік мектеп. Мемлекетшіл менеджерлік. Мәртебелі менеджерлік. Маңызды менеджерлік. Маңызды болатын себебі, өнегенің өлшемімен, тектіліктің тәрбиесімен дәйектелген. Бұл менеджерлік мектептен көп нәрсе үйрендік. Үйреніп үлгермегенімізді ардақты ағаның «Құндылықтарымыз құлдырамасын», «Айналайын, Азаттық!», «Зұлмат» атты кітаптарынан оқимыз. Оқимыз да түсінеміз. Түсінеміз де түйсінеміз. Түйсінеміз де сүйсінеміз.

Ақыл мен қайратты қатар ұстап, жетпістің жотасына шығып, жалауын тіккен Қырымбек Елеуұлының тартымды һәм тағылымды тұлғасы бізге сонысымен де қымбат!

Бауыржан ОМАРОВ,

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі