Тәуелсіздік жылдары елдегі құрылыс саласы қарқын алып, жаңа даму кезеңіне аяқ басқаны көпке мәлім. Осы аралықта шығыс пен батыстық үлгі үйлескен қаншама нысан бой көтеріп, экономикалық ілгерілеуге жол ашты. Оның үстіне Қазақстанның әр аймағында бизнес орталықтар тұрғызу, мектеп пен ауруханалар санын арттыру арқылы мемлекет теңдессіз тәжірибе жинап, ел аумағын зәулім ғимараттармен толтыруға мүмкіндік алды. Ал соның бәрі жаңа Қазақстанның сәулеттік бейнесін қалыптастыруға негіз болды. Қазір елдің барлық аумағында құрылыс қарқыны күшейе түсті. Осы орайда, Қызылорда облысының құрылыс саласында қол жеткізген жетістігін саралап көрейік.
Әріге бармай-ақ, кейінгі бірнеше жылға шегініс жасайық. Аймақтың әр тарапында бой көтерген әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды қоспағанда, қаламыздың сол жағалауын игеру идеясының өзі сала әлеуетінің артқанын көрсетіп-ақ тұр. Оның үстіне тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру нысандары бой көтеріп, облыстың даму динамикасына оң өзгеріс әкелді. Әсіресе, ауыл-аймақты жалғайтын көпір құрылысы шалғайдағы елді мекен тұрғындарын қуанышқа бөлеп, ауылдардың қайта жандануына сеп болды.
Отыз жылға жуық үзілмеген үрдіс тек пандемияның кезінде ғана баяулап қалды, құрылыс қарқыны біршама бәсеңдеді. 2021 жылы құрылыс қайта жанданды. Бір ғана мысал, 2020 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 609 мың шаршы метрді құрап, 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға төмендеген еді. Халықтың тұрмыс деңгейімен тың күш алған құрылыс саласы былтырдан бастап өз тиімділігін арттыра түсті. Тұрғындар да экономиканың оңалғанын тілеп, жаңа бастамалар күтті.
Құрылыс – экономикалық әлеуеттің көрсеткіші
Кейінгі бірнеше жылда облыста маңызды әлеуметтік және экономикалық нысандар тұрғызылуда. Облыс орталығының өзінде ғана осы бағытта аса ауқымды жұмыстар атқарылды. Әсіресе, былтырдан бастап құрылыс қарқыны өзгеше. Олардың арасында «Неке сарайы», «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» орталығы мен «Қан орталығы» сияқты ірі нысандар бар. Айта кетерлігі, әр нысан өзінің ерекше сәулетімен айшықталады. Бұл жайлы соңыра айтамыз.
Жалпы былтыр әлеуметтік нысандар құрылысына мемлекеттік бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 25 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде білім саласында 12, денсаулық сақтау саласында 6, мәдениет және спорт саласында 5 нысан, мемлекеттік органдар мен бизнестің жол картасы бойынша бір-бір нысаннан бар. Жыл соңына дейін соның 12-сі аяқталып, ел игілігіне берілді. Олардың қатарында Әйтеке би кентіндегі 250 орындық емхана, 2 медициналық бекет, 140 орындық «Өрімтал» балабақшасы, Сексеуіл ауылдық округінің Жалғызағым елді мекеніндегі медициналық бекет, Жалағаштағы Оқушылар үйі мен Өнер мектебі, Таң ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Арал қаласындағы 200 орындық мектеп пен 100 орындық интернат бар. Бұған қоса, шыны зауытының теміржол тұйығы, Қармақшы ауданы Қуаңдария ауылындағы 100 орындық ауылдық клуб құрылысы сәтті жүзеге асты. Өзге аудандардың да аяқалысы жаман емес. Мәселен, Жаңақорған ауданының Бірлік елді мекеніндегі 90 орындық балабақша, Жаңақорған кентіндегі 600 орындық және 300 орындық мектеп құрылысы сәулеті жарасқан әлеуметтік нысандардың қатарын толықтырды. Қалған 13 өтпелі нысан биыл пайдалануға берілмек.
Құрылыс саласында атқарылған ауқымды жұмыстарды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиевтен сұрап білдік.
– Былтыр 12 айда басқарма арқылы 53 нысанның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алдық. Жобаға сәйкес құрылыс жұмыстарының жалпы құны 71,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде білім саласында 6, денсаулық саласында 24, спорт және мәдениет саласында 7, ауыл шаруашылығында 4 және қоғамдық тәртіп нысаны 1, жұмылдыру дайындығы нысаны бойынша 3 жоба бар. Қалған бөлігін демеушілердің қолдауымен өз қаражаты есебінен жүзеге асыру межеленген. Бұл 8 нысанның жалпы сметалық құны 9,4 млрд теңгеге шықты, – деді Ерлан Кәрімбекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, оған қаламыздағы «Неке сарайы» мен ғимараттың сыртқы инженерлік желілер құрылысы, көпфунционалды кешен, Түркістан және Бейбарыс сұлтан көшесіндегі 550 орындық, Н.Назарбаев даңғылы мен Жанқожа батыр көшесіндегі 375 орындық бастауыш оқу ғимараттарының құрылысы кіреді. Бұл қатарда Арал ауданының Ақшатау ауылындағы 50 орындық мектеп құрылысы да бар.
Осы орайда облыс әкімінің қолдауымен аймақ тұрғындарының өміріне әсері мол ең ауқымды жобаларды айта кеткен жөн болар. Былтыр аз уақыттың ішінде өңірге қомақты инвестиция тартылып, демеушілер есебінен жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік туды.
«Біз әрдайым жерлестеріміздің талап-тілектерін, ұсыныстарын ескеруге дайынбыз. Шыны керек, халықпен кездескен әр сәтте аймақта заманауи сәулеттік үлгідегі жаңа нысандарды салуға уәде еттік. Туған жердің дамуына шынайы жанашырлықпен қарайтын меценат азаматтарды ортақ іске жұмылдырып, құны 45 млрд теңгені құрайтын, 391 нысанға жоба әзірледік. Келесі жылдан бастап бұл жобалар іске аса бастайды» деді облыс басшысы.
Осыдан соң аймақта әлеуметтік көрсеткішті ілгерілетуге бағытталған ірі жобалар бастау алды. Солардың қатарында өткен жылы іргетасы қаланған «Неке сарайы» бар. Жобалық құны 1,5 млрд теңге болатын нысанның уақытылы әрі сапалы бітуіне жауапты «Авангард-ПГС» ЖШС. Бастапқыда 8 айға жоспарланған құрылыс жұмысы күзге дейін созылуы мүмкін. Күн жылығалы мұндағы жұмыс қызып жатыр. Сыр елінің сәулетіне сән беретін үлкен сыйымдылықтағы «Өнер орталығының» да құрылысы былтыр басталған. Соңғы үлгідегі жетістіктерге сай жобаланған екі қабатты болып салынатын нысан барлық қажетті талаптарға сай жабдықталмақ. Құрылыс жұмыстарын жүргізу «СМП Қызылорда» ЖШС мердігер мекемесіне міндеттелген. Мәдениет орталығының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен облыс орталығында бой көтеріп жатқан «Анаға тағзым» орталығының құрылысы да бар. Бұл нысан маусым айында пайдалануға беріледі.
Тағы бір айта кетерлік жайт, денсаулық сақтау саласындағы құрылыс әлеуеті де жаңа деңгейге көтерілді. Кейінгі бесжылдықта медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының 63 пайызы жаңарған. Енді бұған қаланың сол жағалауында орналасқан «Қан орталығын» қосыңыз. Жобалық құны 2,7 млрд теңгені құрайтын нысан жылына 5000-10000 адамды қабылдауға қауқарлы. Үш қабатты нысанның жұмыстарымен қазір «СК Дәнекер» ЖШС айналысуда. Еске салайық, бұл нысан қолданысқа 2024 жылы беріледі.
Айтпақшы, былтыр демеуші есебінен өңірдің Түркістан облысымен шектесетін тұсынан құны 200 млн теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы салынды. Сырбойылықтарды қуантқан жайт жалғыз бұл емес. Бүгінде «ҚазГермұнай» ұлттық компаниясы Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» және 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуде.
Тұрғын үй – тұрғындар ахуалының айнасы
Негізі өңірдегі құрылыс қарқынын тұрғын үй санынан аңғаруға болады. Бүгінде Қызылорда облысы тұрғын үй құрылысы жөнінен республикадағы жетекші өңір қатарында. Облыс орталығында 2013-2020 жылдар аралығында 15 жаңа шағын аудан бой көтергенінің өзі үлкен жетістік. Құрылыс қарқыны биыл да бәсеңдемейді. Олай дейтініміз былтыр өңірде 1764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, соның бір бөлігі биыл да жалғасып отыр. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 10 тұрғын үй бар. Қызылорда қаласында 1 тұрғын үй былтыр пайдалануға берілді. Ал Шиелі ауданындағы 4, Байқоңыр қаласындағы 5 үйдің құрылысы әлі жалғасуда.
– Былтыр қалада 22 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның 10-ы биыл да жалғасып жатыр. Үй салумен «Дәнекер» ЖШС, «Асар» ЖШС, «Аман-құрылыс» ЖШС, «Ареон» ЖШС, «Авангард-ПГС» ЖШС, «Астана-Сервис» ЖШС және «Абу-Сер» ЖШС сияқты ірі мердігер мекемелер айналысуда. Бұл құрылыс нысандары биыл ел игілігіне берілмек. Бұдан бөлек, инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту бойынша 8 жоба пайдалануға беріліп, 53,8 шақырым инженерлік желі тартылды, – деді басқарма басшысы.
Орайы келгенде айта кеткен жөн болар, былтыр қаржыландырудың барлық көздері есебінен 683,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,3 % құрап отыр.
Осы орайда Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру бастамасын айта кеткен жөн секілді. Себебі кейінгі жылдары шаһардағы жаңа тұрғын үй мен түрлі нысандардың басым бөлігі сол жағалауда бой көтеруде. Мамандар алдағы он жылда бұл аумақ маңызды экономикалық-әлеуметтік орталық болады деген пікірде.
Негізі сол жағалаудағы құрылыс жұмысы 2017 жылы басталды. Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының даму жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту үшін көлемі 1 мың 532 гектар аумаққа заманауи үлгіде жаңа қала салу жобасы қолға алынған еді. Бүгінде көріп отырғанымыздай, жобаның бастапқы кезеңі сәтті жүзеге асып, тұрғын үй қатары молайды.
Биыл…
Өңірінің өркендеуіне серпін беретін ауқымды жобалар биыл да жалғасады. Оның басым бөлігі облыс орталығында. Соның бірі – 300 орындық көпбейінді аурухана. Бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар нысанның құрылысы басталды. Ол үшін биыл бюджеттен 820 млн теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге. Сонымен қатар, алда 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда.
– Биыл әлеуметтік нысандар құрылысына мемлекеттік бюджеттен 14,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 37 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілмек. Мысалы, жақында қаламызда жаңа заманауи автовокзал кешенінің құрылысы басталып, жыл аяғына дейін ел игілігіне беру жоспары тұр. Сондай-ақ, 1905 жылы салынған теміржол вокзалының ғимаратын күрделі жөндеуге «Қазақстан теміржолы» компаниясы қаражат бөлді. Оны кейін коммуналдық меншікке беру туралы келісімге қол жетті, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, алда атқарылар жұмыстар да аз емес. Мәселен, 2023-2024 жылдары «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда аймақта 15100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ, жуырда қаламызда жобалық құны 8 млрд теңгеге жуықтайтын дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
Бұдан бөлек, биыл 23 тұрғын үй халық игілігіне беріліп, барлығы 982 отбасы баспаналы болмақ. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 130-дан астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн теңге барлығы 1,7 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл жас отбасылардың баспаналы болуына қолдау болары сөзсіз.
Иә, Сырдағы құрылыс бәсеңдемей, осынау жілікті жобалар жүзеге асса, ел дамуына ерекше мүмкіндік туары анық. Ал қала мен даладағы сәулетті нысандар санын арттыру тұрғындар қажеттілігін еңсеріп қана қоймай, өңір әлеуетін арттыруда маңызды рөл ойнайтыны белгілі.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<