Көтеріңкі көңіл, студенттік өмір

897

0

Студенттер, аяулы ақ мамандар,
Жыл сайын жасарғандар, жаңарғандар.
Қыз қуып терезеге қарағандар
Білім қуып бөлмеге қамалғандар.
Студенттер, аптыққан пәк көңілдер,
Өкініштер, шаттықтар, тәтті өмірлер,
Ауылға жиі айтатын сәлемдері:
“Ақша сал”, “Жетпей жатыр”, “Ап жетіңдер!”, – деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бүгін 17- қараша Халықаралық студенттер күні. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін студенттік шақтың бүгінгі өкілдерімен пікірлескен едік. 

Арыстанбек Сақтағанов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті:

Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түстім. Өзім Арал ауданы, Жақсықылыш аулынан келдім. Бұрын қалаға қыдырып келетінім болмаса, көшелерін білмеймін. Сабақтың алғашқы күні болған соң, 5 жатақханадан таксиге міндім. Мен 7 оқу ғимаратына баруым керек. Жүргізуші 1 оқу ғимаратына апарып тастады. Осылай оқитын жерімді таппай, адасып кеткенім бар. Абырой болғанда сабаққа үлгеріп бардым.

Көтеріңкі көңіл, студенттік өмір

Нұрсұлу МЫРЗАШ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінің I-курс студенті:

Жалағаш ауданынан Алматыға алғаш рет бардым. Қызылордада тау жоқ болған соң, Алматыда тауды алғаш рет көріп қуандым. Үлкен қала болған соң қорқыныш та болды. Алғашқы күні университетке барғанда жан-жағыма таңқалып қарап жүрдім. Қазір математика және статистика мамандығында оқимын. Сабақ өте қиын. Үйді сағынып, ауылды сағынып жылап аламыз. Қайда барсақта тобымызбен бәріміз шұбырып барамыз. Аудиторияларды таппай адассақта бірге адасамыз. Студенттік өмір осылай бсталды. Барлық студенттерді құттықтаймын!

Көтеріңкі көңіл, студенттік өмір

***

Нұртілеу ЖОРАБЕК, «Q» құрамасының капитаны:
Былтыр университеттің намысын облыстық жайдарманның ақтық мәресінде қорғайтын болдық. Алдын-ала жазылған сценарий бойынша басты рөл маған берілген. Қойылымның ұзақтығы 3 минут. Дайындықта командамен жақсы жұмыс істедік. Содан сахнаға шыққаным сол еді, бүкіл сөзімді ұмытып қалдым. Өзім құраманың жетекшісімін, жауапкершілік деген бар. Алайда команданың тапқырлығының, ауызбіршілігінің арқасында ойынды алып шықтық. Сөзін ұмытып, сабаққа кешігіп, шәкіртақыға байып жүрген студенттер, мереке құтты болсын!

Көтеріңкі көңіл, студенттік өмір

Айжан Орынбасар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті:

Университетте тек мамандығым бойынша білім алып ғана қоймай, көшбасшылық қасиеттерімді дамытуға мүмкіндік болды. Бүгін де мен «Ақиқат» саяси пікірсайыс клубының төрағасымын. Сонымен қатар түрлі студенттік конференциялармен, байқаулардың жеңімпазымын. Үшінші курстан бастап Президенттік шәкірт ақының иегері болдым. Тек бұл ғана емес, өзім секілді әрдайым даму үстін де болуды қолдайтын жастардың ортасындамын. Университетіміз де белсенді студенттерден құрылған 20 дан астам жастар ұйымдары бар, олармен бірге өткізген әрбір уақытым ерекше есте… 2021 жылы басшылықтың қолдауымен белсенді студенттер «студенттік лагерьге» жолдама алдық, 3 күнге жалғасқан лагерь түрлі қызықты сәттерімен есте қалды. Оқу орнында белсенді студенттердің әрбір күні ерекше өтеді. Түрлі, іс-шаралар ұйымдастырылып, ал сахна артындағы сәттердің ең үздік естелік болып қалары сөзсіз.

Көтеріңкі көңіл, студенттік өмір

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<