85 жыл толуын салтанатты түрде атап өтпек

861

0

         Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойына орай 2-3 желтоқсан күндері ауқымды шаралар өтеді. Бұл туралы университеттің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.  

         Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Сыр өңірінде жоғары білім мен ғылымның, мәдениетінің дамуына өзінің өлшеусіз үлесін қосты.  Білім ордасы 3 желтоқсанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрылғанына 85 жыл толуын салтанатты түрде атап өтпек. Биыл мерейтой аясында түрлі бағыттағы форумдар, кездесулер, ғылыми конференциялар т.б. іс-шаралар ұйымдастыруда.     

  − Университет ауқымды 4 бағытта жұмыс істейді. Олар – білім беру, ғылым және инновацияны нығайту, әлеуметтік-мәдени бағытты дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Жоғарғы оқу орны еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша білім беруді басты назарда ұстайды. Университетте 115 білім беру бағдарламасы бар. Оның ішінде бакалавриат бойынша – 66, магистратура бойынша – 36, докторантура бойынша – 13 бағдарлама арқылы мамандар даярланады. Сондай-ақ, 5 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.  

         Оқу орнының басшысы жетістіктерімен де бөлісті. Айтуынша, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін таңдаушылардың қатары жыл сайын артып келеді екен. Мысалы 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда биыл білім алушылар саны 70%-ға  артып, 9014 адамды құраған. Бүгінде білім ордасында 5 институт, 24 кафедра, 5 ғылыми орталық қызмет етеді. Профессор-оқытушылар құрамы 560 адамды құрайды. Оның ішінде 22 ғылым докторы, 176 ғылым кандидаты, 37 философия докторы (PhD) бар.

         3 желтоқсан күні университеттің 85 жылдығы қарсаңында өтетін салтанатты жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ЖОО-ның басшылары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысады деп жоспарлануда. Атап айту керек, білім ордасының мерейтойы аясында І Түлектер форумы, «Ардагерлерді ардақтайық» атты І облыстық форум, «Мамандығым – болашағым» атты І облыстық форум,«Қазіргі заманғы математика: проблемалары және қолданыстары» атты III халықаралық «Тайманов оқулары» өтті.  Мерейтойға орай «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті: дамудың жаңа кезеңінде» және «Қалдырған ізің мәңгілік…» кітаптары жарық көреді. Сондай-ақ, «Университет ақпарат айдынында», «Біздің түлектер» кітаптары электронды түрде жарияланбақ.

         2 желтоқсан күні ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Күлбарам Сәдуақасқызы атындағы химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы,  екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Саданов атындағы микробиологиялық ғылыми зерттеу орталығы ашылады.

         3 желтоқсан күні №5 оқу ғимаратында  «Жоғары білімге қол жетімділікті кеңейту: болашағы мен мүмкіндіктері» форсайт-сессиясы, «Өңірлік университеттер – 2032: адами капитал және ғылым» форсайт-сессиясы өтеді. Ал, сол күні Студенттер сарайында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойына орай «Ұлттық руханияттың ұлы ордасы» атты салтанатты жиын өтеді.

Брифинг соңында университет ректоры журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Гүлбану МАҚАЖАН,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<