Абай әлемі айқындала түсуде

1731

0

Абайды, оның теңдесі жоқ рухани байлығын  өскелең ұрпаққа насихаттаудың орны ерекше. Өткен жылы журналист-жазушы Болат Жүнісбековтің Абай Құнанбаев туралы «Ғайып»  новеллалары мен әңгімелері, «Абай сәулесі» зерттеулері мен эсселері, «Абайдың ақын ұлдары» атты жинағы жарық көрді. Әрине, бұл баспасөз саласы мен идеологияда ұзақ жыл еңбек еткен автордың  бірнеше жылғы жұмысының  жемісі екені рас. 

Бірақ оның бәрін бір жылда шығару өте қиын. Бір ғана  «Абайдың ақын ұлдары» 63 баспа табақ, түсінікті тілмен айтсақ, 1000 бет. Кейін білгенімдей, бұл кітаптар меценат Ғани Смаханұлының  демеушілігімен шығыпты. Бұл жерде ең басты мәселе кітаптың құндылығында десек, осынау тұшымды шығармашылық пен зерттеу еңбектерінің  Абай туралы білімді тереңдетуге,  өлеңдері мен қара сөздерінің  мазмұнын ашуға ықпалы ерекше. Сол арқылы қазақ халқының өткен тарихын, бүгінгі болмысын, болашақ бағдарын айқындауда алтын сандықтың кілті болары сөзсіз.

Жазушы «Абай сәулесінде» ақын мен оның жолын қуушы қазақтың талантты қаламгерлері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов шығармашылығы жайлы жазған. Ерекшелігі сонда, зерттеулер мен эсселер бір-бірін толықтырып, оқырманды қызықтырып отырады. Автор өмір шындығын Абайдың ізімен зерттейді. Ұлы ақыннан қалаған мұратымен қауышады. 

«…Абай – іздегенде керегіңді тауып ала салатын, сөйтіп кәдеге жарататын, қақпағы ашық жатқан алтын сандық емес», – дейді Болат Жүнісбеков. Абай дүниеге келген Қасқабұлақ ауылынан бастап оның тегін, өскен ортасын, өмір жолын білу керектігін айтады. Абай сәулесі адамның көкірек көзін ашса, оның аманаты тура жолға бағыттайтынын жеткізеді.

Бұл кітапта М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына басқа қырынан қарап, көркем туындының мазмұнын тереңірек тарқатса, Шәкәрім мұрасына да оқырманның қызығушылығын арттырады.

«Ғайып» кітабында жазушы әңгімелері мен новеллалары арқылы қазақ қоғамына ұлы Абай салған сәулелі сүрлеумен жүре отырып, адам атты саналы ақыл иесінің тіршілігіне үңіледі. Өмір мен өлім, жазмыш пен озмыш ешкімді айналып өтпегенін меңзейді.

Абай айтқан:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы  жаннан тәтті» деп келетін өлеңінің астарын зерделей түседі.

Ал «Абайдың ақын ұлдары»  атты үшінші кітап көлемі жағынан ғана емес, ақынның өмірін, шығармашылығын жалғастырған ұрпағы Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Әубәкірдің шығармашылығы жайлы еңбектердің тереңдігімен де ерекшеленеді. «Жидебай-Бөрілі»  мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық Абай музейіндегі материалдардан жинақталған бұл дүние сол музейдің іргетасын қалаған  Қайым Мұхамедханұлының «Абайдың  ақын шәкірттерімен» үндес және мазмұндас. Жинақта  Мұхтар Әуезовтің «Ақылбай шығармалары туралы», «Мағауияның шығармалары»,  Қажым Жұмалиевтің «Ақылбай Абайұлы», Мұхтар Мағауиннің  «Жоғалған поэма тарихынан», Қайым Мұхамедханұлының «Әубәкір ақын», «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев»,  Мұздыбай Бейсенбаевтың «Тұрағұл Ибрагимов немесе ұлы ақынның үміт артқан перзентінің  ғұмыр жолынан дерек» зерттеу  еңбектері Құнанбай ұрпағына қатысты құнды деректерді барынша қамтыған. Осы орайда жоғарыда айтып өткен сүбелі еңбектердің жарыққа шығуына қолдау көрсеткен меценат Ғани Смаханұлының руханиятқа деген жанашырлығын аңғару қиын емес.

Өзім ұстаз ретінде бүкіл саналы ғұмырымды қазақтың ұлы ағартушысы, ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ақын мұрасын жас ұрпаққа жеткізуге арнадым. Осы орайда менің «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай бейнесіне жаңаша көзқарас»,  «Абайтану» орталығының  жоспары, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай бейнесі, «Ұлылықты ұлықтау» – үш бөлім, «Атадан тағылым,  аруағына тағзым» роман-эссе, «Абай шәкірттерінің тағылымы» атты еңбектерімнің басылып шығуына меценат Ғани Смаханұлы демеушілік жасады. Бұл қазақ руханиятына қосылған үлес деп білемін.

Абат-(Тоқташ) Жолдасқызы,

филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қайраткері, «Абай» төсбелгісінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<