Әлем дәстүрлі энергиядан бас тартуға әзір ме?

1274

0

Бұл – бүкіл әлемдік көлемде көтеріліп жатқан мәселе. Оның саяси астары да жоқ емес. Осыдан біршама уақыт бұрын Шотландияда әлемнің көптеген елдері басшылары бас қосып, дәстүрлі энергиядан бас тарту, оның орнына жел, күн, тағы басқа баламалы энергия көздерін дамыту, жай ғана дамыту емес, шұғыл түрде өрістету мәселесін қойды.

Әлем жұртшылығының алаң­дауының негізі бар. Ғалымдар дабыл қағуда. Жыл сайын температура 2-3 градусқа өсуде. Әлемнің мұзды аймақтары еріп, келешекте көптеген елдерді топан су басып кету қаупі бар. Қазірден бастап шара қолданбаса болмайды. Бұл – мәселенің бірінші, маңызды қыры.

Екінші жағы бар. Ол – саясат. 2021 жылдың күз айынан бүкіл Еуропа Ресейдің «Газпром» компания­сымен қырғиқабақ соғыс жүргізіп жатыр. Баға мың текше метрге ә дегеннен 1500 доллардан асып түсті. Қазірдің өзінде баға төмендеген жоқ. Баға неге қымбаттайды? Себебі баламалы отын түрі жоқ. Тіпті оның үлесі алдағы жылдары көбейеді дегенге үміт арту қиын. Сонда жоқ энергияны өндіру қажеттігін  алға тартып, өзеуреудің қажеті қанша? Бірақ бір мәселе айқын. Таяу болашақта, яғни, 30-40 жыл шамасында дәстүрлі отынның орнына баламалы энергия көздерінің пайда болатынына ешқандай күмән келтіруге болмайды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Жолдауында елімізде 2030 жылға қарай электр қуатының тапшы болатынын мәлімдеді. Президент әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, оның оңтайлы шешімі – бейбіт атом деді. Бұл орайда бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экология­лық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігі зерттелуі тиіс. Сонымен бірге Президент «жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы болашақта үлкен бағыттар екенін атап көрсетті.

Қазақстан әлемдік үдеріс­тен қалмайды. Көршіміз Ресейде үлкен серпілістер жүзеге асып жатыр. Үйреншікті Батыс Ресейдің табиғи шикізат бо­йынша әлемде алдыңғы қатарда келе жатқанын қаламайды. Қазақстанның бай шикізат қоры бар екенін білетіндер бізді де ұната қоймайды. Бұл әлемдік саясатта орнықты ұстанымның біріне айналды. Не істеу керек?

Президент кейінгі Жолдауда бұл мәселеде айқындық танытты. Біздің дүниежүзілік үдеріске бұрыннан да­йындығымыз бөтен емес. Әзірге дәс­түрлі ресурс­тармен бірге отынның табиғи түрлерін пайдалану тәсілдерін қатар жүргізуіміз керек. Бүгінгі өмір заңдылығы осындай.

Халықаралық энергетика агенттігі, Дүниежүзілік энергетикалық кеңес, МАГАТЭ тәрізді ұйымдардың сараптамасына назар салсақ, 2050 жылға дейін әлем бойынша энергияға деген сұраныс көлемі ұлғаймақ. Бұл саладан 90%-ке дейінгі өсімді Үндістан, Таяу Шығыс елдері мен Қытай қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бүгінде жеріндегі табиғи кен орындарын игеруде үнемшілдік танытып отырған АҚШ болашақта мұнай мен газды экспорттаушы мемлекетке айналуы мүмкін. АҚШ мұнай өндірісінен Сауд Арабия­сынан да озып кетеді деп болжануда. Әлемдік мұнай өндірісі көлемінің ұлғаюы дәстүрлі емес қорларды игеру арқылы жүзеге аспақ. Өндірістің келешегі көлік индус­триясымен де байланысты.

Мұнайды пайдалану көрсеткіші тұрғысынан Үндістан, Қытай және Таяу Шығыс елдері алдыңғы орыннан көрінеді. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 29 мемлекетте мұнай өндірісі азаймақ. Сондай-ақ, Қытай, Үндістан және Таяу Шығыс елдерінің үлесінен газ өндірісінің көлемі де ұлғаяды. Экономикалық даму жөнінен алдыңғы орында тұрған АҚШ-та газ өндірісіне басымдық беріледі. Еуропаны газбен Каспий аймағы қамтамасыз ететін көрінеді. Қазір дүниежүзі бойынша сығылған газ өндірісінің көлемі де біршама ұлғайып келеді. Тиімділігі жоғары технологияларға адамзат толығымен көшу үшін 15 жылдай уақыт керек. Осы уақыт ішінде мұнай мен газ ең қажетті ресурс болып қалады.

Дәстүрлі емес ресурстардың негізгі бөлігі Қытай, АҚШ және Австралияға тиесілі. Бірақ әлем бойынша ресурс­тардың бұл түрі әлі толық игерілмеген. Қазіргі техникалық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларда кеңінен қолданысқа ие болмаған минералды шикізат көздері болашақта дәстүрлі минералды ресурстар таусылғанда қолданысқа енбек. Дәстүрлі емес ресурстар жаңа технологиялар енгізілгенде кеңінен игерілетін болады. Қазіргі таңда ғалымдар ресурс­тың бұл түрін тиімді пайдалану жағын зерттеу үстінде.

Негізгі энергия көзінің бірі көмір екені белгілі. Дүние­жүзілік энергия айналымында көмірдің үлесі өседі деп күтілуде. Германия көмір электр­станция­ларын іске қосуға да­йындалуда. Көмір өндірісіне қатысты таза технологиялар іске қосылғанда оның әлем бо­йынша өндірістік үлесі артады екен. Әзірше көмірдің зиянды әсерін төмендететін технологиялар жасыл технологияларды пайдаланып жатқан бірнеше мемлекетте ғана енгізілген. 2011 жылдың наурызында Жапониядағы «Фукусима-дайичи» апатынан кейін атом генерациясынан бас тарту жөнінде көп айтыла бастады. Алайда мамандар атом энергетикасы өндірісі тұрақты болып қалатынын айтуда.

Радиоактивті қалдықтарды көму мәселесі толық шешілмейінше атом энергетикасы мәселесі де күрделі күйін­де қала бермек. Бүгінгі таңда халық­аралық мамандар энергия өндірісінің тиімділігін арттыру мәселесін кеңінен талқылауда. Энергия үнемдеуді  барлық мемлекеттер мақсат етіп қойғанмен, бұл саладағы тиімділікті арттыру өз деңгейінде жүзеге асты деуге болмайды. Энергия тиімділігіне инвестиция салынса энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық өсімге және экологиялық мәселелерді шешуге септігі тиер еді. 20 жылдан кейін энергияның жаңартылған түрлері бүкіл электр энергиясының үштен бірін алатын болады. Қазіргі кезде өндірілетін энергияның тек төрттен бірі ғана жаңартылған түрі болып отыр.

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметіне сү­йенсек, 2035 жылға дейін дүниежүзінде қазба байлықтың үлесі мұнай 27, газ 25, көмір 24% деңгейінде болады деп күтілуде. Ал атом энергетикасының орнын энергияның жаңартылған түрлері басады.

Сондай-ақ, 30 жылдан соң нанотехнология негізінде отынның жаңа түрлері пайда болады. Оған қоса сутекті энергетика өндірісі өспек. Сутекті отынмен жүретін көлік түрлерін пайдалану мақсатында энергетиканың осы түрі кеңінен қолданысқа енеді. Энергияның жаңа түрлерінің дамуымен қатар адамзат технологиялық дамудың шыңына жетеді. Бұл тұрғыда, «әлемді энергетикамен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кірмейтін мемлекеттер қамтамасыз етеді» деген болжам бар.

Былтырғы Жолдауында Президент «Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз» деді. «Kazenergy» агенттігінің «Ұлттық энергетикалық баян­дамасында» Қазақстанның энер­гетикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, энергияны үнем­деу арқылы бәсекелестік деңгейін көтеру, ғылыми потенциалды, энергия тиімділігін арттыру, экология және су-энергетикалық мәселелер сөз болды. Қазіргі таңда Қазақстан энергия ресурс­тары өндірісінен алдыңғы 20 мемлекеттің тізіміне кіреді.

Дүниежүзі бойынша табиғи энергия ресурстарының 46% көмір, 30%-і уранға тиесілі. Табиғи ресурс­тардың қоры жөнінен Қазақстан әлемде 6 орында тұр. АҚШ мамандарының есебіне сүйенсек, Қазақстанның барлау­ға түскен кен орындарындағы қазына 10 триллион АҚШ долларына жетеді екен. Массачусетс технологиялық институтының табиғи ресурстар және энергетика жөніндегі маманы, доктор Даниел Фаинның сараптамасы бойынша 1991 жылдың өзінде СССР иеленген хром кенінің 90, мыстың 26, қорғасын мен цинктың 33, вольфрамның 38%-і Қазақстан жерінен алынған. Кеңес­тер Одағының кезінде барит қорының 82, фосфориттің 65, молибденнің 29, бокситтің 22, асбесттің 20, марганецтің 13, көмірдің 12%-і Қазақстан территориясында болған.

Бүгінде Қазақстан мұнай мен газдан басқа магний, уран, алтын, т.б. қоры жөнінен әлемдегі ең бай мемлекеттердің қатарына кіреді. Қазірдің өзінде  вольфрам өндіретін ең ірі мемлекет саналады. Вольфрам қоры жөнінен еліміз әлем бо­йынша бірінші орында. Хром мен фосфор кендерінің қоры жөнінен екінші, қорғасын, молибден қорынан төртінші орында тұр. Еліміздің кен байлығына АҚШ, Батыс Еуропа елдері, Түркия, Иран, Пәкістан, Қытай, Жапония зор қызығушылық танытып отыр.

Космостан түсірілген суреттер және халықаралық мамандардың зерттеуіне мән берсек, тек Каспийдің солтүстік бөлігінде ғана 3,5 миллиард тонна мұнай мен 2,5 триллион текше метр газ қоры бар екен. Қазіргі кезде республика бойынша құрлықтағы мұнайдың 6,1 миллиард тоннасы, газдың 6 триллион текше метрі сақтаулы. Ел аумағындағы 300 алтын кенінің 173-і игерілген. Олардың арасында алмаз беретін кен орындары да бар. Қазіргі кезде алтын қорының тек 1 пайызы ғана өндірілуде. Қазақстан көмірі 250 жылға жетеді екен. Ал Қарағанды көмір бассейнінде 50 миллиард тонна көмір жатыр.

Бірақ, әр нәрсенің сұрауы, шегі бар екені белгілі. Кен орындарын шектен тыс қарқынды игеру қазба байлықтың сарқылуына әкелуі ғажап емес. Осы орайда мамандар 2025 жылдан кейін мұнай өндірісінің көлемі азаяды деп болжап отыр. «Kazenergy» агенттігінің сараптамасы бойынша Қазақстанның энергетикалық көмір экспорты қазіргі деңгейінде сақталады. Қазақстан көмірінің негізгі сатып алушысы болып отырған Ресейдің көмірге деген сұранысы кемитін көрінеді. Еліміз уран қоры жөнінен дүниежүзінде екінші орында тұр. 2013 жылы республикадағы уран өндірісі 22,5 мың тонна болған. Бұл әлемдік уран өндірісінің 38%-і. Болашақта уранға деген сұраныс арта түс­пек.

Әлемдегі жетекші елдер табиғи кен орындарына сенуді қойып, энергияның жаңа түрлерін өндіруге көше бастағаны да байқалады. Мәселен, Германия энергетикалық бетбұрысқа арналған жаңа бағдарлама қабылдап, әрі арзан, әрі тиімді жасыл энергетика көздерін игере бастады. Соның арқасында он жыл ішінде Германиядағы жаңартылған энергияның үлесі 25%-ке жеткен.

Алдағы бес жыл ішінде Германия жаңартылған энергияның есебінен 40% артық энергия алмақ. Жаңартылған энергия көздерін игерудің арқасында шағын және орта бизнес дамып, салық түсімі артып отыр.

Бұл елдің жаңартылған энер­гетика секторында 380 мың адам жұмыс істейді. Неміс технологиясы бойынша әр ғимарат өзіне қажет энергияны өзі өндіріп алатын шағын электростанция қызметін атқаруы қажет. Энергия көзі ретінде негізінен күн мен жел қуаты пайдаланылады. Бұл елде арнайы жасалған көлік инфрақұрылымына сәйкес бүкіл көліктер электрдвигательдермен жұмыс істеуге көшуде.

Қазақстан жел, күн энергия­сын пайдалану, биотермалды, геотермалды стансалар салу, электромобилдерді пайдалану, отынның жаңа түрлерін ойлап табу, т.б. жоспарлар арқылы энергетика жүйесін жаңартуды мақсат етуде. Дамудың энергетикалық моделінің айқын үлгісі «EXPO-2017» көрмесінде жұртшылық назарына ұсынылған отандық технологиялар болатынына сенейік. Қазіргі таңда Қазақстанда электр энергиясының 70%-і мен жылу энергиясының 50%-і өндіріс­те пайдаланылса, тұрғындарға 25 және 30%-і тиесілі.

Ресей ғылым академиясының энергетикалық зерттеулер институтының болжамы бойынша 2010-2035 жылдар аралығында әлемде өндіріс ошақтарының көбеюімен бірге электр энергиясы, жылу өндіру көлемі мейлінше ұлғаяды. Табиғи ресурстарды игеруді қысқартудың ең төте жолы энергия үнемдеу мен энергия­лық тиімді технологияларды енгізу болғандықтан бұл мәселе еліміз үшін өзекті болып отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметі бо­йынша, Қазақстанның ішкі жалпы өнімдегі энергия сыйымдылық көрсеткіші жоғары. Экономиканы қалыптастыру жылдарында республиканың ішкі жалпы өнімдегі энергия сы­йымдылығы 20%-ке көтерілген. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 25% болады деп болжануда.

Бір шындық бар. Дәстүрлі энергия ресурстары адамзатқа әлі 50-60 жыл қыз­мет көрсетеді.

Жолдасбек Aқсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<