«Әр қиындықтың артында жетістіктің баспалдағы тұрады»

861

0

Бір жылдан асып барады, төрткіл дүниеге тараған қауіпті індетке әлі тосқауыл қойылмай тұр. COVID-19 әлемнің әр тарабына тарап, дүниежүзілік пандемия жарияланғалы мемлекеттер онымен әл-қадірінше күресіп келеді.


Халық денсаулығы жолында жауапкершілік жүгін арқалаған ат үстіндегі азаматтар да тынбай еңбек етіп жүр. Сол бір сын сағатта облыс әкімінің орынбасары ретінде осы салаға жетекшілік жасаған, бүгінде облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовпен сұхбат көпке кесірін тигізген кесел және онымен күрестегі мәселелер турасында өрбіді.


Наурызбай Сейітқалиұлы, коронавирус туралы хабар шығып, оған қарсы күрес басталғаннан бір жыл бойы осы жұмыспен тікелей айналыстыңыз. Қазір дерттен туындаған тағылымдарды қағазға түсіріп жүрген көрінесіз. Жалпы, індеттер жайлы адамзат тарихына шолу жасай аласыз ба? Біз бұл вирусқа неге дайын болмадық?


– Меніңше, әртүрлі жұқпалы дерт адамдармен бірге жасасып келеді. Ал­ғаш­қыда өзара байла­ныстың ба­рын­ша азды­ғынан олар кең тарамаған болуы мүмкін. Ке­йін халықтар арасын­дағы сауда, со­ғыс жорықтары сияқты қаты­настар арқылы ауруың таралу ау­қымы кеңейе түсті.

Мысалы, ХІV ға­сырдың басында «қара өлім» атанған оба ауруы бүрге, егеу­құйрық, тағы басқа әртүрлі вирус тасымалдағыш жәндіктер, жануарлар арқылы бүкіл Азия­ға тарады. Әрі қарай бірнеше жылдан кейін Батыс Еуропаны қам­тыды. Соның нәти­жесінде Еуразия құр­лығы халқының төрттен бірі ажал құш­ты деген мәлімет айтылып жүр.


Одан кейін жаңа материктер мен арал­дарды, жерлерді игеру кезінде мұндай ін­дет түрлері дүние жүзіне жайылды. Жа­ңа жерлерге қоныс ау­дарушылар ба­йыр­ғы халықтардың им­мунитеті қарсы тұра ал­майтын ви­рустарды таратқанын бай­қа­маған да болар. Зерттеушілер көз жұмған або­ригендердің 90 про­цент­ке жуығының ажалы әртүрлі ин­фекциядан келгенін бол­жап отыр. Оның зардабын жұрт ХХ ға­сыр­да да көп тартты.


Бірінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде «испан тұмауы» тез тарады. Әскери сұ­ра­нысты орындау мақ­сатында әлем­нің әр түкпірінен зат­тар әкелінді. Зат жет­кізген адамдар өздерімен бір­ге тұмау вирусын ілестіре кетті. Ауру кесірінен көз жұмғандар саны төрт­жылдық со­ғыста қаза тапқан­дардан екі еседей көп еді.


Айта берсек, мұндай мысал көп. Бұ­дан түйетін тағылым қан­дай? Жауап ре­тінде бактерияға қар­сы зерттеу жүргізіп, Нобель сый­лығының лауреаты атанған Джошуа Ледербергтің «Адам ба­ласының ғаламшардағы үстем­ді­гіне ең үлкен жалғыз қауіп – вирус» деген тұжырымын келтірсек жет­кілікті. Үнемі назарда ұстайтын сә­уе­гейлік.


Экологиялық жағдайдың өзге­руі, жап­пай шоғырлану, ғаламдық жылы­ну, тағы басқа негізінде жа­һандану ар­қылы біз күтпеген басқа да індет­тердің шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Қа­зіргі ғылым қауіп­ті дертке қар­сы күрестің тиімді жолда­рын іздес­тіріп табуда. Дегенмен, та­биғи жолмен шыққан вирустарды ау­ыз­­дықтауда тәжірибе баршылық. ХХ ға­сыр мен ХХІ ғасырдың алғаш­қы жыл­дарындағы вирусты ауыздық­таудағы же­тістіктерімізбен біз ір­­кіліп қалған­даймыз. Ондаған жыл бойы белгілі мамандардың пан­­де­мияға қатысты болжамын ес­кер­­мей келдік. Бәлкім, оны осы коро­навирус өзгертер.

Бұрынғы ін­дет­тердің тара­лу жолдары осын­дай еске­рулерді талап етеді. Ға­ламдық экономи­ка­ның дамуы, ха­­лықаралық әуе сая­ха­тының же­­ңілдеуі, аштық пен соғысқа бай­­ланысты жер-жерге бас сау­ғалаған босқындар себе­бінен қа­уіпті па­тогендердің әлемнің әрбір бұ­рышына оп-оңай лезде тарау мүм­­кіндігін ескергіміз келмегені таң­ғал­дырады.


Нәтижесінде жаппай індеттің та­ралуымен бетпе-бет келгенде ғана кешік­кенімізді сезінудеміз. Ал адам­ның өзі ойлап шығаруы ықтимал жа­санды вирустарының қауіптілігі қаншалықты екенін ой­лаудың өзі денеңді тітір­кен­діреді. Сондықтан бұл мәселеге адами паңдықпен қа­ра­мауымыз қа­жет, яғни жаһандық өнеркәсіптік ре­во­люциялармен бір­ге пандемия да жаңа әлемдік тәр­тіпті енгізуде. Оған біздің халық, мемлекет дайын ба?

Ол – өзінше бір тақырып. Ке­зінде ма­ған «бұған неге дайын болмадық», тіпті «дайын­дық жұ­мыстарын неге дұ­рыс жос­пар­ламадың» деген кінәрат тағылып, сұрақтар қойылды.

Бұл ауру белгілі бір өңірге ғана тиесілі емес екені белгілі. Жергілікті мамандардың әртүрлі індетпен күресте тәжірибесі мол, басқа жұқпалы ауруларды да осы мамандар тіз­гіндеп ұстап тұр. Ал короновирусқа жалпы адамзат, әлем дайын болды ма? Ешкімнен нақты жауап тапқаным жоқ.


Мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар жеткілікті деп ойлайсыз ба? Өйткені халық арасындағы үгіт-насихат әлі де санаға толық жетпеген сияқты. Мысалы, адамдардың сақтық шараларына салғырт қарауы, той жасап, ас беруі тыйылмай отыр…


– Әлемдік қауымдастық мүшесі ретінде еліміз індетке қарсы іс-ша­раларды қолға алды. Рас, ал­ғашқы дүр­белең кезінде ор­тақ тәжірибенің жоқтығынан нақтылық болмағанын мо­йындауымыз ке­рек. Кем­шілік кетті. Дәрі-дәрмекті айтпағанда, эко­но­­мика­мыздың күн­делікті өзімізге қа­жетті бет­перде, антисептик, қорғаныш киім­­­дер сияқты қарапайым заттар­мен де толық қамтамасыз ете алмай­тын жағ­да­йын білдік.

Деген­мен, Мемлекет бас­шысы осы жұ­мыстарды бақылауға алып, ти­істі шаралар қабылдады. Ол өз нә­ти­жесін бе­руде. Бүгінде дәрі-дәрмек, қорғаныш құ­ралдары, медициналық нысандар мен құ­рал-жабдықтар, ау­ру­ханадағы төсек-орын­дарымен қамту мәселелері шешімін табуда. Осы зат­тарды өзімізде өндіруге бет бұрдық. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Жан-жақты түсіндірме, ескерту, ұйым­дастыру жұмыстары жүргізілуде, яғни билік өз тарапынан қажетті жұмыс­тарды атқаруда.

Алайда со­ның бәрін бірдей қо­ға­мымыз қолдап тұр ма? Осы бізді ойлан­дыруы тиіс.
Осы ретте өзіміз сенім артқан мем­лекет туралы шегініс жасап өтсем. Саяси жүйеде мемлекет адамның кез келген іс-әрекетіне тікелей немесе жанама ықпал етеді.

Соның ішінде денсаулық сақтау, аурулардан қор­ғану сияқты салаға да мемлекет негізгі қағиданы бекітіп береді және оның сақ­талуын қадағалайды. Егер орындалмай жатса, реттеу, тексеру, рұқсат ету немесе тыйым салу шараларын қолданады.

Бұдан бұрынғы кезеңде қа­уіп­сіздік мемлекеттік немесе ұлт­тық қауіпсіздік мағынасында мем­лекеттің атрибуты ре­тінде са­на­латын. Ал енді ол «адам қауіп­сіздігі» идеясы бойынша жеке адамға қа­тысты мәселе ретінде қа­рас­тырыла бас­тады. XXI ғасырда адам қауіпсіздігі идея­сы қауіпсіздік кон­­цепциясын өзгертті.

Мем­лекет жұ­­мысының тиімділігінің бір жолы – қоғам­ның қолдау мәдениетіне ие бо­луында. Мұндай дәстүр рухы биік, ой-өресі жоғары ортаны қалыптастырудан көрінеді. Біз әлі «мемлекет маған жұ­мыс істеуі керек пе әлде мен мем­лекетке жұ­мыс істеуім керек пе?» деген сұ­рақтың түп мәнін түсіне алмай жүрген сияқтымыз.

Бұрынғы ұлтты же­тілдіру жөніндегі шаралар қазір әрбір адамның жағдайын күшейтуі тиіс деп түсінетіндер көбеюде.

«Мемлекет бізге қызмет етуі үшін құрылған» деген тұжырымды жиі ес­тиміз. Мемлекеттің реттеу қызметін құ­қықты шектеу деп қа­былдайтындар көп. Бұл сұрақ­тар­дың жауабы өзара сенім болғанда ғана табылады. Егер ортақ талап­тарды бәрі бірдей қолда­май жат­са, онда қоғамда өзара түсі­ністік толық қалыптаспағаны. Әрине, бір­ауыздан қолдау табуы мүмкін емес.

Мемлекетіміздің менеджерлік қа­бі­леті жеткіліксіз екеніне көзіміз жетуде. Бізге мемлекет тек бас­қару үшін емес, алға бастаушы, көш­басшы ретінде керек.

Өзара келісімнің, үйле­сімнің болмауы бо­лашаққа сенімді әлсіретеді. Қа­лай болғанда да біз ортақ үйі­мізде тәртіп болуы үшін өзіміз сенім артқан билікті қолдауға тиіс­піз.

Ін­дет сияқты мәселелерді шешу үшін ор­тақ ережелерге құр­метпен қарағанда та­бы­сымыз арта түседі. Тек айыппұл са­лумен жеңе ал­масымызды байқадық. Бір жағынан, кәсіпкерлікті түгел тұралатудың өзі үлкен зиян әкеледі. Екінші жағынан, «көлеңкелі экономиканың» әсерін жоққа шығара алмаймыз. Олар айыппұлдан сес­кене бермейді. Сондықтан індетпен кү­рес­те өзара адами тұрғыдан сенім болуы тиіс.

Өңірімізде былтыр індетке қарсы күнді-түні жүргізілген ұйым­дас­тыру жұ­мыстары нәтижесінде да­йындық, тә­жірибе бар. Ен­ді әрбір адамның өз ден­саулығы үшін жа­уап­кершілігін көтер­генде ғана та­бысқа жетеміз.


Пандемия қиындығы жөнінде өткен щақта сөйлеушілер жеткілікті. Дегенмен, соңғы кездегі мәлімет етек-жеңімізді кеңге жіберуге болмайтынына көзімізді жеткізді. Ендігі қарекетіміз қандай болуы тиіс?

– Коронавирус індеті бір жыл бұ­рын тарай бастағанда-ақ мұның бүгін-ертең ауыздықталатын ау­ру емес екені белгілі болған. Қай­та-қайта рефор­маланған отан­дық денсаулық сақтау саласына ауыр салмақ түсті. Медицина жү­йе­сінің кемші­ліктері судың бе­тіне шығып, тұрғындар көп­теп зардап шекті.

Алғашқы кезде аб­дырап, бір-бірімізге қарап қалған жағдай болды. Енді бірі «билік бізді алдап, үйден шығармай бақылауда ұстап отыр, вирус жоқ» деп байбалам салды, сәуегейлік айтты.

Мамырдың ортасына таман төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін карантин талаптары барынша бұзыла бастады. Індет аз уақытта күш алып, ауруханалардан орын, дәріханалардан дәрі таппай қинал­ғанда ғана есімізді қайта жинадық.

Бірақ кейбіреулеріміз үшін кеш еді. Ауру меңдеп, ауа жетпей, өкпесі қысылып қаншама адам жан қина­лысына ұшырады, қайтыс болды. Та­лаптарды қайтадан барынша кү­шейт­тік, экономикаға, тұрмыс-тірші­лігімізге ке­дергі келтіретін шараларға амалсыз бар­дық. Бұл – біз үшін сабақ.


Осы сабақтан кейін тиімді әре­кеттерге барып, қалыпты өмірге түсу – уақыт та­лабы. «Пандемияға дейінгі жағдайға те­зірек оралудың бірден-бір жолы – ұжым­дық им­мунитет» дейді мамандар.

Ұжым­дық иммунитет деп белгілі бір топ­­тың басым бөлігі ауырып бол­ған немесе тиісті вакцина сал­дыр­ған жағдайды айта­мыз. Жал­пы тәжірибеге сүйенсек, оның екі жолы бар. Біріншісі – ұжымдық имму­нитет қалыптасқанша адам­дарды «қа­мап ұстап», вирустың күндердің күнінде барлық жерге таралуын күту.

Бірақ мына індеттің беталысы ауыр бол­ғандықтан бұл – өте күмәнді жол.

Екін­шісі – сақтану шараларын барынша ұстанып, вакцинаға қол жеткізу.

Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаға зор сенім ар­туға бола­тынын дәлелдеді. Ұйым­ның бас ди­ректоры Тедрос Геб­ре­йесустің өзі ол болмайынша, әлем­нің ешбір елі эпи­демияны тоқ­тата алмайтынын алға тартып отыр. Вакцинадан қорқудың жөні жоқ.


Ал біздегі вакцина салу ісіне қа­тысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Нау­рызбен салыстырғанда сәуір айында аурушаңдық 2 есе өсті. Израиль, Ұлы­британия, Сло­вакия, Словения, Сер­бия, Сингапур және басқа бірне­ше елде халықтың жартысынан бастап 90 процентіне дейін екпе қабыл­дады. Ал Қа­зақстанда вакцина егу жұ­мысы өте баяу деп ойлаймын.

Себебі, Дү­­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы­­ның ақпаратынша, әлемдегі коро­навирустың таралу қарқы­нын тоқтату үшін халықтың – 50, вирусты жеңу үшін 70-75 проценті вакциналануы тиіс.

Вирусты жеңудің басқа тиім­ді жо­лын көріп тұрған жоқпын. Елдегі вак­циналауды қанша­лық­ты жылдам­дат­сақ, отандық эконо­ми­каның қал­пы­на келу қарқыны сон­­шалық жо­ға­ры болмақ.

Пан­демия зар­дабынан туын­­дайтын эко­но­микалық дағ­дарыс ұзаққа со­зылуы ықтимал және қоғам­ның әлсіз әлеуметтік топтарына қатты соққы болмақ. Бүгінгі күні өзі­мізді қорғауға бәріміздің бірдей мүм­кіндігіміз бар.

Енді талапқа ұйып, ортақ істе біріге түсуіміз керек. Әйтпесе, кезінде ви­рустың барына, енді вакцинаға күмән келтіру жұрт арасында түсінбеушілік тудыруда. Өзің салмасаң салма, бірақ басқаға теріс ақпарат таратпаса екен.


Әрине, індеттен сақтанудың бес ал­тын ережесін үнемі ұстануымыз керек. Осындай қарекеттер арқылы карантиндік шектеулер азаяды, жұмыс істеу мүмкіндігі артады.


Бір сөзіңізде кез келген жағдайдың, оның ішінде пандемияның да пайдалы жағын ескеруді айтып едіңіз. Ол қалай сонда?


– Енді індеттен туындаған қиын­дық­тан қашып құтыла алмай, «Құдай салды, мен көндім» деген­нен басқа ша­рамыз қал­мады. Әлем­ге төнген індет Қазақ елін айна­лып өткен жоқ. Бірақ салымыз суға кетіп, күйзеле бергеннен еш­теңе ұтпа­сы­мыз белгілі. Әр мем­лекет өзін қорғауға көшіп, ел­ара­лық бай­ланыстарды шектеді. Біз де хал­қымызды вирусқа қарсы кү­­рес­ке біріктірдік.

Әлем елдері­мен тә­жірибе алмастық. Өз вакци­намызды шығару­да­мыз. Өз мәсе­лемізді өзіміз шеше алатын ел екенімізді тағы бір рет сезінуге қол жеткіздік.


Енді отбасылық қасиеттерімізге кел­сек. Әлемді індет қысқанда ме­­йірімділік ортасы ретінде от­басы қуаты күшейе түсті. Айлап оқшаулану кезінде үйіміз жайлы­лық пен жақындасудан да кеңірек қызмет атқарды. Үйіміз мектепке, балабақшаға, кеңсеге, көңіл көтеру орталығына, кейде өкінішке қарай шиеленістің де ортасына ай­налды.

Дегенмен, үй, отбасы мүше­лерінің әрқайсысының орны туралы түсіні­гіміз тереңдей түскенін бай­қадық.

Әсіресе, ата-анасының жа­нында жүргеніне балалар қуанды. «Оқ­шаулану, карантин нормаларын сақтау мемлекет тарапынан қойыл­ған талап па әлде ұсыныс па?» деген сұраққа әркім өзінше жауап береді. Талапты орындау бар да, ұсынысты қабылдау бар. Ол енді әр азаматтың жауапкершілігі мен біліктілігіне бай­ланысты. Дегенмен, оқ­шау­лануда бір-бірімізден ажырасақ та, рухымыз ажы­раған жоқ. Рухтана түс­кендей болдық.

Бір-бірімізді жақыннан да, алыстан да қолдадық. Індет маған ортақ қи­ын­дықтарды жеңуіміз ортақ іске бе­йімделу қабілетімізге байланысты еке­­нін дәлелдей түсті.

Ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлыққа жол бер­меуге бой үйретудеміз. Басқа түс­кен қиындық ұстамдылыққа, са­быр­­лылыққа, қана­ғат­шылдық пен қа­рапа­­йымдылыққа, үнем­шілдікке тәр­­биелеуде.


Осындай қоғамдық сананы қозғай­тын уақытта өзгелерден қа­лып қой­май, жетіс­тікке жетер жол­ды таң­дауға жасалған мүм­кіндікті дұрыс пай­да­ланайық. Әр қиын­дықтың артында жетістіктің баспал­дағы тұрады. Біз де біртұтас мемлекет пен ұлт ретінде бетбұрыс уақытына келіп тұрмыз.


Осы жерде бір сұрақ туындайды. Наурызбай Сейітқалиұлы, білім саласында көп жыл қызмет атқардыңыз. Қазір де үнемі байланыстасыз. Пандемия уақыты білім саясатына қалай әсер етті, қандай жаңалықтарды енгізуді талап етті?


– Облыс әкімінің орынбасары ре­тіндегі қызметімнің кейінгі бір жы­лында білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау сала­ла­рына же­текшілік еттім. Екінші дүниежүзілік со­ғысқа дейін ұлттық мемлекеттер осы салалардың пәрменді жүйелері арқылы дамыған мемлекеттер қатарына қо­сылды.

Одан кейін де алдыңғы қатарда келеді. Бұл – үш саланың ұлттық дең­­гейдегі маңыздылығының көрі­нісі.


Пандемия енгізген әлемдік жаңа тәртіп білім саласына жаңаша көзқа­расты енгізуді кейінге қалды­руға бол­­майтынын дәлелдеді. Ең қара­пайым түсініктермен айт­сақ, бәріміз қашықтан оқумен бетпе-бет келдік.

Нәтижесінде білім дең­гейі 20 про­цент­ке дейін төмен­деді. Қашықтан оқыту бұрынан бар. Ол көбіне жоғары оқу орын­дарында қолданылатын. Бірақ ол формальды түрде болып, толық іске аспай келетін. 2020-2021 оқу жылында бұл үрдіс әрбір білім алушымен қатар әрбір отбасын, ата-ананы қамтыды. Білім берудегі ескі пайымдардың ор­нына, жаңасы бірден келе қойған жоқ. Мемлекет басшысы Жолдауында білім беру платформаларына көңілі тол­май­тынын ашық айтып, нақты тап­сырма берді. Білім саласындағы кемшіліктер тұтас бір ұлтымыздың бә­секелестігіне қауіп төндіреді.


Жақында өңірге келген Ұлт­тық ау­дарма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлының «Қоғам­дағы әлеу­меттік теңсіздіктің негізі – білім са­­ла­сындағы теңсіз­дік» деген сөзі бі­­разымызды ойлан­дырды. Мектеп­терде, орта және жоғары оқу орындарындағы бір залға 20-25 баладан отырғызып, бірдей білім материалын ұсыну за­маны өтіп барады. Оған мұғалімнің уақыты жетпейді. Әрбір бала өзін­ше қабілетті. Оның үстіне, кітап оқып, дәріс тыңдаумен ғана жүрген адамның өмірге икемділігі жете бермейді. Қазір әр баланың қабілетіне қарай жекелеген сабақ беру технологиясын пайдалану керек. Қазір білім алушылардың көбі тиісті ақпаратты жаттауға дағдыланған.

Бұрыннан бұған көп қарсылық болған жоқ. Өйткені ақпарат көздері шектеулі еді. Ал бүгінде ақпарат ағынын ешкім бөгей алмауда. Ақпаратты шектей ал­мағандықтан кейбір цензорлар жал­ған мәлімет таратып, жұрттың көңілін басқа жаққа аударуға мәжбүр.


Білім іздеушілердің алдында мың­даған мүмкіндік бар.

Ендігі мәселе – олардың дұрыс жолды таң­дауына көмектесу. Ұстаздар қа­уымының мін­деті – оқушының ақ­паратты қорытып, дұрысын, маңыздысын таңдап, олардан оң тұжырым жасай білу дағдысын қалыптастыру. Ал олардың деңгейі дайын ба?

Бұл – өте күрделі сұрақ. Бұған індет кезінде тағы бір көзіміз жетті. Бүгінгі білім саласындағы бәсекелестік білім алудың жолын оңтайландыруда. Үйде отырып әлем­нің үздік оқу ордаларының плат­­формалары арқылы терең білімге қол жеткізуге болады.

Англия­дағы әлемге танымал мек­теп­тердің бірі, жылына мың бала ғана оқытса, қашықтан оқыту технологиясы арқылы бала санын 70 мыңға жеткізген. Бала санының артуы негізінде оқу ақысы да азайған. Терең, озық білім алған ба­ланың көзқарасы мен төмен білімді баланың көзқарасының айырмасы едәуір ал­шақ.

Өмірде де табысты болуында осындай алшақтық болуы ықтимал. Осыған қарап «бай байға, сай сайға құяды» сөзінің мағынасын түсінгендей боламыз. Тәрбие саласында заман тала­бына сай балалардың сыни ойлауға, көппен жұмыс істей алу, шығар­ма­шылық дағдыларға көп көңіл бөл­генін жөн санаймын. Баланы өмірге машықтандыруда өзгерістерге бе­йім­деле білу, жаңалықты тез қа­былдау, төтенше жағдайларда сабыр­лықпен ойланып әрекет ету дағды­ларының маңызы зор.

Алда не күтіп тұрғанын тек болжауға болады. Бірақ нақтылық жоқ. Ең бастысы – әрбір адамның өзін-өзі үздіксіз жаңартып, дамуға да­йын­дығын жетілдіру қажеттілігі.

Бізге керегі – тек бай адамдарға ғана емес, ауылдық жерлерге бірдей енгізуге болатын білім берудің тиімді, икемді жаңа жүйесі.

Оқыту жүйесі тәжірибе өткізетін сынақ алаңына айналмауы тиіс. Әйтпесе, басталуы бар да нәтижесі күмәнді реформалармен ұзаққа шаба ал­маймыз.


Оқырманға арналған ұсыныс-тілегіңіз болса…


– Облыс жұртшылығы үшін «Сыр бойы» басылымының орны бөлек. Сон­дықтан әрбір оқыр­ман­ның қоғамда ор­нықты рөлі бар. Бүгінгі тақырыбымыз – ко­ро­навирус індеті болғандықтан, ұсы­ныс-тілек те осы бағытта.


Ел басына күн туғанда халық бір пәтуаға келетін еді ғой. Бүгінгі пәтуа – бірлесіп, ұжымдасып, қиын­дыққа бір адамдай қарсы тұру. Бізге өз па­йымының таяздығынан білетіннің ке­мелдігіне қарсы тұрып, ортақ іске кедергі келтіретіндер керек емес. Қай­та қысылтаяң кезде жақынына пана, қиядағы жұртына тірек бола білген азамат атанайық. Дәстүрдің тозығынан қашып, озы­ғынан үлгі алайық.

Елге ақыл айтар ағаларымыздың өзін көр­сететін кезі бұл. Әйтпесе, кейбір аға-апаларымыз «қой» деудің ор­нына тойдың, астың басында жү­реді.

Қазіргі уақытта көзі ашық, көкірегі ояу, бас­қаға үлгі болар аға-апаларымыздың сақтанбай ауырып жатқанына қынжы­ламын.

Елдің алдындағы бедел тек лауазымымен немесе ақшасымен емес, ағайынды дұрыс жолға бастаумен өлшенсе керек.


Кезінде жазушы Әбіш Кекіл­баев: «Өмір деген – кексе қу. Оның сыры мен сиқырын түсіну ешкімнің қолынан келе қоймас. Түсінбек түгілі, оның алдында нәресте сияқтымыз.

Тәттіні үсті-үстіне асатады да кенет ап-ащы бір­деңені аузыңа тоса қояды», – деген екен.

Уақытша қиындықтарға мо­йын­сұнбай, алға ұмтылыс қана жетістікке жеткізеді. Жетістікке бас­тар жақсы жаңалықтарға баста­машы бо­лайық. Ұлттық тари­хы­мыздың небір ал­мағайып кезең­де­рінде халқымыз бірігудің жо­­лын таба білген. Әлем күнде өз­ге­руде: алға бассақ, озамыз, ор­ны­мызда қалсақ, тозамыз. Атам қа­зақ «Бетегең кетсе, бел қалар, бе­рекең кетсе, нең қалар» деп бекер айтпаған.

Бір-біріміздің жаға­мыз­дан алып, берекемізді кетір­мей, бір-бірі­мізге құр­метпен, сый­лас­тықпен қара­ғанымыздан тек ұтарымыз көп.


Оразаларыңыз қабыл, мұратта­ры­ңыз асыл болсын!


Сүбелі әңгімеңіз үшін алғыс айтамын. Аурудан аман болайық!

Сұхбаттасқан


Назерке САНИЯЗОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<