Әскери бөлімдерде мамандық бойынша дайындық сабақтары жалғасуда

376

0

Қызылорда гарнизонының әскери бөлімдерінде жазғы оқу кезеңінің жауынгерлік әзірлік жоспарына сәйкес барлық санаттағы әскери қызметшілермен мамандық бойынша даярлық сабақтары өтуде.

Аталған дайындық сабақтары биылғы маусым айының соңына дейін жалғасады. Әскери бөлімдерде оқу топтары құрылып, тәжірибесі жоғары аға-нұсқаушылар жұмылдырылды. Дәрістердің жоғары дәрежеде өтуі үшін оқу орындары қажетті оқу-материалдық базамен қамтамасыз етілді.

Дайындық сабақтарының басты мақсаты – әскери қызметшілердің өз мамандықтары бойынша білім деңгейлерін, функционалдық міндеттерін арттыру және штаттық қару-жарақтан атуға, штаттық байланыс құралдарымен жұмыс істеуге машықтандыру.

–Қарулы Күштерімізде өз жұмысын толық білетін, тәжірибелі әскери мамандарымыз жетерлік. Мамандық бойынша сабақтар жоспарға сай, әрі сапалы өткізілуде. Осы аралықта әскери қызметшілерге қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін жоғары дәрежеде игеру, оқу-жаттығулар кезінде оларды пайдалану тапсырмалары қойылды, – деді әскери бөлім командирінің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Нұрлан Шегебаев.

Атап айтсақ, дайындық кезінде оқу-жаттығу алаңдарында өткізілетін тәжірибелік сабақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Дайындық сабақтарының соңғы бөлігінде мамандық бойынша алған білімдерін анықтау мақсатында жеке құраммен оқу пәндері бойынша бақылау сабақтары мен сынақтар өткізілетін болады. 

Мұхит Қонаров, Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы,

лейтенант .

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<