Бір үзік
Жазба Күлтөлеу Мұқаштың парақшасынан алынды.
Әйгілі артист, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың әлеуметтік істерге қашаннан бері белсене қатысып жүретінін мен ертеден білуші едім. Үй ішілік аралас-құраласымыз да көп сиремейтін. Бір күні Москвада Сері-ағаң мені бір қиын жұмысқа салды. Әрі қиын, әрі қисынсыздау да көрінді. Дегенмен, Сері-ағаң босатар емес.
– Құрылыс жұмысы келер жылы бастала ма деп жүрген жаңа театрымыздың үйін одақтық Госплан алдағы жылдың тізімінен шығарып тастапты. Мені сол Госпланның бастығына жолықтыр! – деді.
Мен СССР Жазушылар одағының хатшысы ретінде кезекті дежурствода Москвада едім. Амал жоқ, Госпланның бастығына жай-күйімізді айтып қабылдауын өтіндім.
Ұмытпасам, Лившиц деген адам болу керек, қолма-қол қабылдады. Мен Сері-ағаңды таныстырдым. Содан кейін мен – тілмаш, сөйлеуші – Сері-ағаң болды. Сері-ағаң 1936 жылы Москвада қазақ көркемөнерінің онкүндігі болғанын, онда бізге опера театры, артистер үйі, жатақханалар, мектептер берілгенін айтты. Лившиц қазақ тілінде орыс және дүниежүзілік классиктерден нелер қойылатынын сұрады.
– «Отелло», «Асауға тұсау», «Ревизор», «Мылтықты адам», «Шыңырау түбінде», «Таланттар мен табынушылар»… – деп, Сері-ағаң шұбырта жөнелді.
Лившиц тізімді аяқтатқан жоқ.
– Тоқтаңыз, қадірлі Серке Кожамкулович, мұның ар жағын мен білмей қалып жүрермін. Тоқтаңыз, рақмет… Қазақ академиялық драма театрының үйі тізімнен шығарып тасталмайды. Алдағы жылы салына бастайды. Қазақстанның басшыларына менен сәлем айта барыңыз, – деді.
Сол салына бастаған театр үйі – бүгінгі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Театрдың салына бастауына республика басшыларының еңбектері бірінші орын алатыны даусыз ғой, мен тек Сері-ағаңның әлеуметтік жұмыстарға, әсіресе өз театрының мұқтажына қатынасқан бір кезеңін атай кеткім келді.
Актер және азамат. С.Қожамқұлов туралы мақалалар мен естеліктер кітабы. – Алматы: «Өнер», 1982. 9-10 б.б.
Суретте: Серке Қожамқұлов пен Шыңғыс Айтматов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<