Агросалада оң динамика қалыптасты

151

0

Биыл өңірде аграрлық саланы қолдауға 28,4 млрд теңге қаржы, оның ішінде, субсидиялауға 17,3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев айтып берді.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде осы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,8%-ға (147,5 млрд теңге), қайта өңдеу өнімдерінің көлемі 3,3%-ға (76,6 млрд теңге), ауыл шаруашылығы негізгі қорына салынған инвестиция  19,7%-ға (11,9 млрд теңге) артқан.

Облыс бойынша 189,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, агротехникалық талаптарға сай мерзімінде толық жинап алынды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрап, әр гектардан 58 центнерден өнім алып, қамбаға жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды.

Су мәселесіне келсек, Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан көрші мемлекеттермен дер кезінде келіссөздер жүргізіліп, нақты қолдау жасалды. Нәтижесінде еккен егісіміз сумен толық қамтамасыз етілді. Бұған қоса, өндірісте суды үнемдейтін технологияларды қолдану қарқынды дамуда.

Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 4400 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық.

– Биыл өңірде 3 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Атап айтар болсақ, тамшылатып суару әдісімен 800 гектар жерге жүгері, жаңбырлатып суару әдісімен 184 гектарға сүрлемдік жүгері егілсе, 800 гектарға жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа егілді.

Соңғы жылдары диқандар күріш егістіктерінің 55 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізді. Нәтижесінде суды үнемдей отырып, өнімділікті 30 пайызға арттырды.

4400 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары науқандық жұмысқа қатысты. Сондай-ақ жаңадан 250 техника агропаркке қосылып, парк 5%-ға жаңаланды. Биыл аймақтың күзгі егін жинау науқанын жүргізуге 8,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, таратылды.

Мал басы және оның негізгі түрлерін өсіру бойынша да тұрақты өсу бар. Бүгінгі таңда облыста 420,2 мың бас МІҚ, 673,3 мың бас қой мен ешкі, 253,5 мың бас жылқы, 65,4 мың бас түйе және 120,4 мың бас құс тіркелген. Есепті кезеңде 25,5 мың тонна ет (тірі салмақта), 33,9 мың тонна сүт және 5,5 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Экспорттық әлеуетті арттыру және өткізу нарықтарын кеңейту жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Мәселен, бүгінде 28,7 млн долларды құрайтын 52,9 мың тонна өнім (күріш, балық өнімдері, қамыс, күріш қалдығы, бақша-көкөніс, қой мен ешкі) әлемнің 17 мемлекетіне экспортталыпты. Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инвестжобалардың жол картасы жасақталып, аймақта алдағы жылдары 51,9 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске аспақ.

Биыл сала бойынша 7 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба қолға алынды. Бүгінгі күні жалпы құны 6,4 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске асқан.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жылы 4,6 млрд теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Нақты кезеңде 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<