Аймақ басшысы БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтады

496

0

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!

Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздер ақпарат дәуірінің қарқынына төтеп беріп, мерзімді басылымдар мен телеарналардағы үздік дәстүрлерді сақтап, жетілдіріп келесіздер. Жаңа заман ағымына ілесіп, интернет басылымдар мен ақпараттық агенттіктер жұмысын игердіңіздер.

Еліміз бен аймағымыздың айнасына айналған телеарналардың редакторлары, «халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» қызметін атқаратын газет-журналдардың, сайттардың тілшілері қоғамның тамыр бүлкілін тап басып, жедел хабарлар, сауатты сараптамалар, қызықты сюжеттер ұсынуда.

Республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында өзекті мәселелерді қозғап, жылт еткен жақсы жаңалықтарды да назардан тыс қалдырмай, қызметтеріңізді адал атқарудасыздар.

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту туралы ойын айтып, «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет» – деген болатын.

Бүгінде заманауи медиаға озық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ету талабы қойылған. Біздің өңірдің бұқаралық ақпарат құралдарының бұл мақсатқа жету жолындағы әлеуеті зор деп ойлаймын.

Бүгінгі мерекеде сіздерге еңбектеріңіз жемісті, отбасыларыңыз аман болсын деп тілек білдіремін. Елдік мүддені ең басты ұстаным етіп, қалам қуатын таныта беріңіздер!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<