Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.
Жеке қабылдау өткізу әрбір келушінің көкейіндегі түйткілдерге құлақ түруге, жергілікті жердегі мәселеге тереңнен үңілуге мүмкіндік береді. Қабылдаудың өтетіні туралы алдын-ала хабардар болған жұртшылық ой-пікірін, ұсыныстарын дайындайды. Облыс әкімі мен құқық қорғау органдары басшыларына мәселені бүкпесіз жеткізудің бұл әдісі көп өзгеріске жол ашты. Жеке қабылдауларға келу арқылы мәселесінің оңтайлы шешілетініне халықтың сенімі артқан.
Жаңақорғандағы қабылдауға келген 50-ден астам адам өз өтініш-тілектерін, ұсыныстарын жеткізді. Мұнда да баспана, денсаулық, білім, жұмысқа орналасуға байланысты мәселелер қозғалды.
Қабылдауға келушілерді тыңдаған аймақ басшысы қойылған әр сауалдың жауабы болатынын айтты. Мамандарға тапсырма беріп, ой-пікірлерді, көтерілген мәселелерді жан-жақты зерттеуді міндеттеді. Нәтижесінде әрбір тұрғынға жеке-жеке жауап беріледі.
«Аймақ басшысы құқық қорғау органдары басшыларымен бірге келiп, тұрғындардың сауалдарына ден қойды. Мен ауданымыздан оңалту орталығы мен емхана салу мәселесін айта келдім. Мұнда 81 мың халық тұрады, сапалы медициналық қызметке қажеттілік бар» дейді аудан тұрғыны Әйгерiм Қарабаева.
Құқық қорғау органдары басшылары да тұрғындар көтерген мәселелер бойынша заңдық кеңес берді. Әдетте басшылардың қабылдау күндеріне, белгіленген кестеге сәйкес келу аудан мен ауыл халқы үшін қиындық туғызады. Құқық қорғау органдары басшыларының жергілікті жерге келіп, жеке қабылдау өткізуі тұрғындар үшін тиімді. Қабылдауға келушілер заңға қатысты ережелер мен талаптарды қарапайым әрі ұғынықты етіп түсіндіріп берген мамандардан мәселелерінің шешілу жолын білді.
Қызылорда облысы
әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<