Алдағы даму бағыттары белгіленді

1005

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйле­ген сөзінде алдағы уақытта ел дамуына екпін беретін келелі мәселелер кеңінен қамтылды. Онда мемлекеттің өсіп-өркендеуіне ба­ғыт­талған саяси және әлеуметтік-экономикалық бағыттар белгіленді.

Президент сөз басында тәуел­сіздік тарихында алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болғанымызға тоқталды. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік.

Елімізде халықтың жағдайын және азаматтардың өмір сапасын жақсартуда бірқатар жұмыс­тар атқарылды. Дегенмен, әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер баршылық. Қазақстан тұрғындарының өмірін жақсарту бағытында жалақы мен зейнетақыны өсіру жүзеге асты. Алайда, сол уақытта бағаның өсу проблемасы алдымыздан шықты. Жоғары инфляция ел экономикасының негізгі проблемасы ретінде қалып отыр.

Осы орайда Президент аталған түйткілді шешудің нүктесін қою керектігіне назар аударып, бұл бағытта нақты нәтиже қажет екенін атап көрсетті.

Елімізде Қызылорда облысы аграрлық аймақтың қатарында саналады. Сондықтан осы өңірден сайланған депутат ретінде Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ұсыныстарына назар аудардым.

 «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жем-шөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтерілетінін айтты. «Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс» деді Президент.

Шындығын айтқанда, аталған мәселе кейінгі жылдарда түйінді түйткілге айналды. Сондықтан тиянақты жұмыс жүргізу талап етіліп отыр.

Кеше тағайындалған Қазақ­стан Республикасы Үкіметі ал­дына қысқа уақытта ел дамуында маңызды бағыттарды бел­гілеу міндеті қойылды. Сын са­ғатта білікті мамандар халық күт­кендегідей нәтижелі жұмыс атқарады деген сенімдемін.

Ғалым ӘМІРЕЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің

депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<