Ақыл ажары, сабыр серігі еді

985

0

Өмір, тағдыр дегенің қызық қой, кейде болжамаған, өз ақыл-ойыңмен зерделеп өткізуге қабілетің жетпейтін таңғажайыптарды алдыңа тоса салатыны бар. Нұрекең, Нұрділда Уәлиұлы туралы жазуға қолыма қалам алғанда ол кісімен араласқан, жақын жүрген, көңіл сырын ақтарған ширек ғасыр ішіндегі бір сәйкестік есіме еріксіз орала кеткенін қайтерсіз. Ал, тағдырдың бұл сәйкестігі менің ол кісінің азаматтық, адами болмысына деген сағыныш сезімімді туғызған еді.


Осы бір ақылдың кені, ойдың тереңі болған тұлғаның өмірден өткеніне де он жылдың жүзі болыпты. 1985 жылдың шілде айында Нұрекең зейнетке шыққан Қалқабай Әбеновтің орнына қазіргі «Сыр бойы», сол кездегі «Ленин жолы» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Арада бір-екі ай өткенде сол газетте корректорлық (бұл техникалық қызмет болып саналады) жұмыста жүрген мені жаңа бас редактор газет аппаратына – тілшілік қызметке тағайындау туралы бұйрыққа қол қойған еді. Ол кезде облыстық партия комитетінің органы, облыс түгіл, есімдері республикаға танымал адуынды қаламгерлермен «Ленин жолында» қатар қызметтес болу мен үшін үлкен абырой, сонымен бірге үлкен сын еді.


…2011 жылдың ақпаны. Арада 26 жыл өткенде азды-көпті жетістіктерімді бағалап, тәжі­рибесіздіктен жіберген кем­­ші­ліктерімді кешіре білген, тіпті отбасымен де аралас бол­ған абзал азаматты соңғы са­парға шығарып салу рәсімінде облыстың зиялы қауымы алдында сөз сөйлеу кезегі маған да (сол кездегі қызметіме сәйкес) тиген еді. Бұл енді менің пайымдауымша, әке мен баланың, ұстаз бен шәкірттің, ширек ғасыр ішіндегі қалыптасқан ұрпақтар сабақтастығының сирек кез­десетін тағдырдың жазуымен келген өмір заңдылығының сәйкестігі еді. Абзал азаматпен қимай қоштастық. Ақпанның ызғарлы, өңменіңді тесіп жіберетіндей аязды өкпек желіне қарамастан, қаралы митингіге көп адам жиналды. Бұл елдің, Сырдың белгілі азаматтарының ол кісіге деген үлкен құрметі болатын. Нұрекеңді осылайша соңғы сапарына шығарып салдық. Сол сәттен бері он жыл уақыт өтіпті, сағыныш сезімі бізді өткен ғасырдың 80-жылдарының бел-белестеріне қарай жетектей жөнелген еді…


Өткен ғасырдың 80-жылдары облыстық газетте үлкен өзгерістер кезеңі болды. Жаңа редактор жұмысын редакция аппаратын жаңартудан, жасартудан бас­тады. Зейнетке шыққандар қатары жас толқынмен – Оразбек Мақсұтұлы, Қази Данабаев, Қуаныш Махамбет, Жолтай Әлмашұлы, Несібелі Рахмет, Сәрсенкүл Биқожа секілді оқырмандарға есімдері танымал бола бастаған қаламгерлермен толықты. Сол жылдары «Ленин жолында» үш буын ұрпақтың өкілдері қатар қызмет істеді.


Нұрекең қаталдау келді. Обкомның темірдей тәртібіне әбден қалыптасып кеткендіктен бе, әлде табиғи жаратылысынан ба, әйтеуір Нұрекеңнің тәртібіне бағыну дегеніңіздің уақыт өте келе, жалпы дұрыс жүру, орнымен сөйлеу, орнықтылық, ұстамдылық сияқты ұғымдармен сабақтас екенін біз санамызбен түсініп, қабылдай бастаған едік. Себебі осылардың барлығы Нұрекеңнің бойына жаратылысынан сіңісті болған қасиеттер еді.


Нұрекеңнің бас редак­тор­лық қызметі Кеңес жүйе­сіндегі қайта құру кезеңімен тұспа-тұс келді. Жетпіс жыл­дың ішінде қатып-се­міп қал­ған идеологияның маз­мұны мен сипаты өзгеріп жатқан осынау алмағайып тұста насихаттың бағыт-бағдарын ай­қындап алудың өзі қиынға түсті. Көпшілігі ненің не екенін түсін­бей дағдарды.


Қайта құру мемлекеттік кәсіп­орын­дарда, мекемелерде басшыларды балама кандидатуралар ұсынып, ұжым мүшелерінің сайлауына ұласты. Демократия шарпуымен өтетін жиындар кейде даурықпаға айналды. Мекемелер мен кәсіпорындарда Компартия қатарынан өз еркімен шығу үрдіске айнала бастады. Әрине, осылардың барлығы газетте көрініс табуы қажет еді. Себебі, газет – өмірдің айнасы, елде, қоғамда жүргізіліп жатқан, қалың жұртшылықтың санасы әлі қабылдай қоймаған өзгерістерді оқырман Нұрекеңнің өзі бас­шылық жасап, сол жылдары таралымын 60 мың данаға жеткізген облыстың жалғыз газетінен күтуші еді.


Бас редактор бұл тұрғыда байыпты көзқарас ұстанды, демок­ратияның буы­мен жел­пін­гендердің үстірт ойларына сақтықпен қарады. Шындығын айту керек, ұзақ жыл партия номенклатурасының үлкен сатыларында лауазымды қыз­меттер атқарған Нұре­кеңнің сол жылдары қоғамдық пі­кірде орныға бастаған «бюрократтық» дейтіннен болмысы таза еді. Ол адамның ішкі жан дүниесін танып, ақ пен қараны, жанашырлықтан туған ізгі ниет пен дау-дамайға үйірсектердің өз басын күйттейтін іс-әрекеттерінің аражігін ажырата білді. Сонымен бірге дұрыс жерінде бас редактор ретінде өзінің принципті көзқарасын білдіріп, газетке өткір-өткір сын материалдардың жариялануына ықпал жасады.


Бас редактордың облыс өңіріндегі үлкен беделі біздің – жастардың еркін жазып, еркін тыныс алуымызға едәуір септігін тигізді. Ол тәжірибесіздіктен жаңсақ басқан журналистерді «азуы алты қарыс» лауазым иелерінің алдына жығып бер­мейтін, сонымен бірге оңашада әлгі журналисті сыпайы ғана «сыбап» алатын еді. Нұрекең қаламгерлер арасындағы өзіндік ой-пікірі, ұстанымы барларға іштей, сырт көзге сездірмей құрметпен қараса, бірлі-жарым болса да кездесіп қалатын жағымпаздардан бойын аулақ ұстады. Сондықтан болар, бас редактордың кабинетіне ша­қырусыз ешкім кіре бермейтін. Кіре қалғанның өзінде көпшілігі ол кісінің қас-қабағынан қай­мығатын, әңгіме тыңдауға құлық­сыз редактор мұндайларды үнсіз қалып сілесін қатыратын еді.

Ол редактор ретінде алдымен газеттің қам-қаракетін, абыр­ойын ойлады, одан соң ұжым мүшелерінің жай-күйіне назар аударды, лауазымының жеткен жеріне дейін, сөзінің өткен жеріне дейін барып айтып, көмегін, қамқорлығын аяп қалған емес. Осынысымен ол өзі басшылық еткен ұжымда беделді болды, абыройын асырды. Ойы таза, ісі таза, қолы таза басшы жалпақтамай, жалтақтамай тура жүреді, турасын айтады. Біз білетін Нұрекең осындай басшы, осындай редактор болды. Өзі әділ болған соң, кейбіреулердің ретсіз жалбақтағанын, жарамсақ­танғанын ұнатпайтын, жирене қарайтын.


Әрине, әлгі айтқан 80-жылдары «Ленин жолында» сол жылдардың сипатына, мазмұ­нына тән интригалар да болмай қалған жоқ. Билік жүрген жерде орын алатын сөз тасу, көреалмаушылық, жеке басты күйттеушілік дегендер Нұрекеңді де кәдімгідей төзімділікке сынап баққан еді. Сол жылдардағы обкомның бірінші хатшысы Еркін Әуелбековке Нұрекеңді жамандап, аузынан шықпаған сөзін «айтты» дегіздірген келеңсіздеу, кісінің жүйкесін тоздыратындай қолайсыз әңгімелер де болды. Ақыры мұның соңы редакция алқа мүлшелерін обкомның бі­рін­ші хатшысының қабыл­дау сәтінде Еркін Нұржанұлы көпшілік алдында ескертпе жасауымен аяқталған еді. Бірінші хатшы бас редакторға: «Вы, осторожнее на поворотах… – дегенде, Нұрекең жүріс-тұрысы, болмысы сағат тіліндей сарт-сұрт еткен мінезінен таймай табан астында: «Еркин Нуржанович, я и на прямом пути осторожен», – деп мүлгіген тыныштықты өзінің таза, шын пейілден шыққан сөзімен бұзып жіберген еді. Осы жолы бірінші хатшы бас редактордың шынайы болмысын танып білді. Обком хатшысы мен бас редактордың ара қатынасына сына қаққысы келгендердің пиғылы іске аспай қалды.


Жалпы, Еркін Нұржанұлы кейін Нұре­кеңнің азаматты­ғына тәнті болды. Мәскеуге Жо­ғарғы Кеңес депутаты болып кетіп, елге келгенде редакция қаламгерлерімен кездесіп, еркін сұхбат құр­ғанының өз басым тікелей куәсі болған едім.

Бұл енді Ерекеңнің Нұрекеңе деген сыйластығының бір белгісі еді.
Нұрекең шынында түзу жол­дың өзінде де әрбір қадамын абайлап басатын, кез келген шешімді мың ойланып, тол­ғанып барып қабылдайтын басшы еді. Сол қасиеті үшін де ол Қызылорда облысының Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов сияқты бірінші хатшылары билік құрған кезде обкомның үш бірдей бөлімін басқарды. Ұқыптылығы, тиянақтылығы, та­залығы, азаматтығы ол кісіні осындай биліктің жоғары сатысында ұзақ отыруға негіз қалады.

Ал облыстық «Ленин жолы» газетінде бас редактор болуы обкомның бірінші хатшылары – Еркін Әуелбеков пен Сейілбек Шаухамановтың билік тұсына сәйкес келді. Олармен де қызметі түсіністік, сыйластық деңгейінде болғанын атап өткіміз келеді.


Нұрекеңнің жылдық асында өзіміз куә болған мына жайтты аттап өткім келмейді. Сейілбек Шаухаманов сол ас рәсімінде төгілте, тебірене сөйледі.
– Республикада аузына берік, сыр сақтай білетін екі адам болса, соның бірі – Нұрділда Уәлиев. Әділдікке жүгінді, кадр тағайындауда әділ төреші болды. Бірақ базбіреулер секілді «сен туралы жақсы лебіз білдірдім» деп өз беделін саудаға салудан бо­йын аулақ ұстады, – деген еді. Бұл айтылғандар ол кісінің обкомның партиялық ұйымдастыру бөліміне басшылық жасаған кезеңіне қатысты болатын.


Асылы, Нұрекең туралы айт­қанда бірқатар қаламдас­тары­мыздың қаламына өзек болған мына оқиғаны оқырмандар есіне тағы сала кетудің артықтығы жоқ шығар. 1989 жылдың 2 ақпанында Қызылордада Арал проблемасы жөнінде республикалық кеңес өтетін болып, оған экология мәселелеріне қалам тартатын республиканың журналистері, сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин, басқа да ресми адамдар ұшып келді. Үлкен алқалы жиында көрнекті ақын, Арал мен Балқаш және Қазақстан экологиясы жөніндегі қоғамдық комитет төрағасы Мұхтар Шаханов көпшілікті дүрліктірген сенсациялық мәлімдеме жасап:


– Жуырда Арал проблемалары жө­нін­дегі қоғамдық комитетке бұрынғы КГБ полковнигі, Ұлы Отан соғысының мүгедегі, тоғыз орденнің кавалері, Қызылорда облысының тұрғыны ­Байдырахман Сады­қовтан Арал қорына өз еңбегімен жиналған қаржыдан 100 мың сом аудару жөнінде өтініш келіп түсті. Оның тілегіне байланысты бұл ақшаға Арал қаласында пионерлер үйі салынатын болады. Біз жерлестеріміздің тамаша патриоттық ісін жоғары бағалаймыз, – деді.


Мәжіліске қатысушылар дүр­кіретіп қол соқты. 100000 сом! Бұл ақшаға сол кездегі нарықпен 20 «Жигули» сатып алуға болатын еді. Бірақ, қуанышты хабарды неге екені белгісіз Нұрекең газетке жариялауға асықпады.

Бұл оқиғаның одан әрі өрбуі Остап Бендердің қулық-сұмдығынан да асып түсетін еді. Обком облыстық газетті, дәлірек айтсақ, «Ленин жолының» редакторына қысым жасай бастады. Бірақ Нұрекең барлық газеттер, оның ішінде облыстық «Путь Ленина» газеті ­Байдырахман ақсақалдың «ерлігін» жамырап жазып жат­қанда міз бақпай сіресіп отырып алды. Сенсация дүмпуі алғашқы кезде сон­ша­лықты қыспаққа алса да, Нұрекеңнің тартыншақтай бергенінің сыры неде? Демек, қолында бір дерек болғаны ғой.


Әріптесім Оразбек Мақсұт­ұлына (марқұм) бұл туралы Нұрекең:
– Менде екіұдай мәлімет болған емес, – дейді. – 100000 сомның хабарын естігеннен санамда сенім мен күдік күресі арпалысып жатты. Ол кісімен сырттай ғана таныстығым бар. Мақтангерлік әңгімелерін естіп, ішімді тартып қалатынмын. СОКП Орталық Комитетінің хатшысы Кириленконың күйеу баласымын (әйелі орыс екені рас) дейді екен. Біреулерді ықтыру үшін Мәскеу жақты жағалап қайтатын… Қаншама ұсыныс болса да неге екенін білмеймін, жарқыратып жарнамалауға бүйрегім бұрмады. Ақыры алаяқтығы әшкереленді ғой… – деген еді.


Енді мәселенің мән-жайына келейік. Алғаш дабыл қаққан КГБ-ның запастағы полковнигі Серғара Ізтілеуов болды. Зия­лы зейнеткер Шиеліде тұрады екен. Ол обкомға, КГБ-ға жолдаған хатында ­Байдырахман Садықовтың қауіпсіздік ор­ганы қызметкері екендігіне күмән кел­тіреді, қалтасында соқыр тиыны жоғын жазыпты. Осыған орай тексеру жүргізіледі. Нәтижеде «кәсіби барлаушы» кәдуілгі көз­бояушы болып шығады. КГБ «полковнигін», «миллионерді» әшкерелеуге сол кездегі Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің пол­ковнигі Әмірхан Бәкірұлы ынта-шынтасымен кірісіп, оның құжаттары жалған екенін анық­тады. Қысқасы, жай ғана алаяқ болып шықты.


Біздің ­пайымдауымызша, Нұр­е­кеңді жаңылыс, жаң­сақ бастырмаған интуиция. ­Қазақ­ша ұғымға салғанда, нәзік сезім­талдық. Ал бұл дегеніңіз – кәнігі барлаушыға тән қасиет. Осыған қарап ол кісінің бойында біз білмейтін небір ғажайыптардың өз кезегін күтіп, сыртқа шыға алмай бұлқынып жатқанын байқаған болар едік.


Нұрекең – досқа, жолдасқа берік адам. Әлдекімдердей тайқып шығу, бұрылып кетуге жоқ. Жастық шақта бірге өскен, қызметі қатарлас Дәуірхан Айдаров, Ұзақ Еспанов, Хамит Ембергенов, Нұрмақ Тоқмырзаев, Абдолла Дәулетов, Бекен Мұсаев, Шәкірат Дәрмағамбетов, тағы басқалармен көп жыл сырлас болды. Ол кісі Абдолла, Ұзекеңдерді жолдас болуға жарайтын, уәдеге берік жандар екенін жиі айтып отырушы еді. Алматыдағы ғалым Тотай Тұрлұғұлов, Сәпиолла Абдулпаттаев бірге оқыған, институтта бір түйір нанды бөліп жеген сырластары еді.


Н.Уәлиев өзі 60-жылдары бас редактордың орынбасары, кейін бас редактор болған «Сыр бойы» тарихын зерттеп, Мәскеу, Ленинград мұрағаттарында тынымсыз еңбек етті. Одақ тарағаннан кейін газеттің бұрынғы атауының қайта оралуына атсалысты.


Нұрекең туралы көп жазылды, әлі де жазыла беретініне күмәніміз жоқ. Ол кісімен бірге біздің қайтып оралмайтын мұңсыз, бақытты жастық шағымыз, ешкімге ұқсамайтын текті болмысы, қайталанбайтын азаматтық тұлғасы келмеске кетті. Біз жастық шағымызды, Нұрекеңді сағынамыз…


Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<