Арал ауданында Сырдария өзені тәулік бойы бақылауға алынған

497

0

Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 1 340 текше метр су түсуіне байланысты, сәуір айының төртінен бастап Аманөткел ауылдық округі тұсында Сырдария өзені арнасында су деңгейі көтерілді.


Қалыптасқан жағдайға сәйкес аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмысшы тобы құрылып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылып, жұмыс жасауда.

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов Аманөткел елді мекенінде болып, мол суды қауіпсіз өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен Сырдария өзені бойындағы су деңгейін бақылады.


Алдымен елді мекенге кіре беріс маңдағы облыстық маңызы бар «Қамыстыбас-Бөген» автожолының жиегін нығайту жұмыстарын көрді. Осы тұста жауапты мамандарға су деңгейі көтерілген жағдайда автокөлік жолдарын шайып кету қаупін болдырмас үшін жол жиектерін мұқият қарап, алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, дария бойындағы қорғаныс бөгеттерінің жағдайын назарда ұстап, әлсіз тұстарын бөгеу қажеттігін айтты.

Одан соң «Аспай» су ағытқысы мен «Бұрмақұлақ» бөгетінің жағдайын көріп шықты.


Бүгінгі күнге «Басықара» су тоспасынан төмен қарай секундына 318 текше метр су түсуде. Аталған судың 140 текше метрі «Бұрмақұлақ» учаскесінен жоғары орналасқан каналдар арқылы шабындық, жайылымдық жерлермен ұлтаны құрғаған көлдерді суландыруға бағытталса, қалған 178 текше метрі «Аспай» суағытқысы, «Ырысты» және «Ералы» арналары арқылы төменге қарай, яғни «Ақлақ» су тоспасына жіберілуде. Сонымен бірге Бөген, Қарашалаң және Қаратерең ауылдарында орналасқан көлдер мен жайылымдарға су беріліп, артылған 80 текше метр су Арал теңізіне қарай жіберілуде.

Дария бойында атқарылатын алдын алу шаралары бойынша «Бұрмақұлақ» бөгетінің алдындағы су қысымын азайту мақсатында, «Аспай» су ағытқысынан жоғары орналасқан 5 каналдың (Нұрбай, Балықшы, Көне Арданажарма, Ералы,) сағаларын ашу және «Ералы» каналының орта тұсынан дарияның ескі арнасын қазып қосу жұмыстары жүргізілді.


Сонымен қатар «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі екі көзді су тоспасының ұзындығы 505 метр қорғаныс бөгетін нығайту, таспен қалау жұмыстарының 70 пайызы аяқталды.


Мұнымен бірге «Суықкөл» көліндегі жиналған судың тікелей Сырдария өзені арнасына түсіп кетуін болдырмау мақсатында көлдің дария жақ бетіндегі жағалауының осал тұстарын топырақпен қомдап, күшейту жұмыстары атқарылуда. Аталған жұмыстарға барлығы 8 бірлік арнайы техника және 50 адам жұмылдырылған.
Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су деңгейі бірқалыпты, жұмысшы топ тарапынан күнделікті тәулік бойы бақылауға алынған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<