Қызылорда облысындағы автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау бағытында қажетті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстауға тиісті қаражат бөлініп, жауапты мердігер мекемелермен 96 техника дайындыққа келтірілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерқыран Жалғасбаев айтты.
– Жергілікті маңызы бар жолдардың бойында қар басу қаупі бар 4 учаске анықталды. Оның жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайды. Бүгінде жолдағы тайғаққа қарсы себілетін қоспалар бойынша тиісті мердігермен келісім шарт жасалды. Сонымен қатар, қыс мезгілінде жергілікті жолдарға 422 дана жол белгілері әзірленіп орнатылды, – деді Ерқыран Ертілеуұлы.
Айта кету керек, облыс көлемінен өтетін республикалық маңыздағы автожолдардың ұзындығы 1 014,5 шақырым.
– 2022-2023 жылдары қысқы кезенде көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін жол-құрылыс техникалары мен автокөлік құралдары, өндірістік базалар мен жылыту пункттері де жөнделіп, дайын тұр. Қыс мезгіліне 9 дана өндірістік база, 9 дана химреагенттерді сақтау қоймасы, 9 дана жылыну пункті жұмысын бастады. Сондай-ақ, жолдың бойына 354 дана уақытша ескерту жол белгілері қойылған. Қыс мезгілінде филиалда тәулік бойы кезекшілік орнатылып, арнайы операторлар жұмыс істеуде, – деді «ҚазАвтожол» АҚ ҰҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<