БҚО-да Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов жол апатынан қаза тапты, – деп хабарлайды «Мой ГОРОД».
БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, жол апаты 23 маусымда сағат 1:50-де Жәнібек-Талов тасжолының 25-шақырымында, Тау ауылының маңында болған.
«Volkswagen Polo жүргізушісі рөлді басқара алмай, көлік шұңқырға құлап кетті. Салонда бір адам болған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді», – деп түсіндірді ведомство өкілі.
Марқұм Тау ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген. 34 жастағы Нұрлыбек Төрешовтің артында әйелі мен төрт баласы қалды.
«Ауылдық округтердің ең үздік әкімдерінің бірі болды. Бұл – орны толмас қаза. Ол кеше ғана мемлекеттік қызмет күніне арналған барлық іс-шараға қатысты», – деді Жәнібек аудандық Ішкі саясат бөлімінің қызметкері.
Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<