«Балалар жылы» салтанатты түрде ашылды

859

0

Шиелі кентіндегі  Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен «Балалар жылының» ашылу салтанатына арналған «Жұлдыздар, өнерлі ұл-қыздар» атты концерті өтті. Шараға қоғамдық ұйымдар жетекшілері, ұстаздар мен балалар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында биыл «Балалар жылы» болып белгіленгенін айтып, балақайларды  құттықтады.

  •  Абай атамыз «Адамның бір қызығы бала деген» десе, баланы әркез отбасының ұйытқысына, ұрпақ жалғастығына санаған халқымыз «ана – үйдің берекесі, бала – үйдің мерекесі» деп бағалаған. Ата – ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу.Біз қай заманда да білімге құштар, жақсылыққа ұмтылған халық ұрпағымыз. Балаларымызға сапалы білім бере отырып, өз Отанын жүрегімен сүйіп, қастерлей білетін азамат ретінде тәрбиелеу–келешегіміздің кемел болуының айғағы.Бүгінде ел бірлігі мен берекесінің нәтижесінде ауданымыздың демографиясы артып келеді. Ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы. Былтыр ауданда  2420 нәресте дүниеге келіп, әрбір шаңыраққа қуаныш сыйлады. Мектепке дейінгі 103 ұйымда 5694 бала тәрбиеленіп, білім беру ұйымдарында 18833 оқушы сапалы білім мен саналы тәрбие алуда.Әлеуметтік қамтылған отбасы балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша мектеп формасы және балаларға қажетті мектеп құралдары және кітаптармен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар жүргізілуде. Талабы мен таланты бар балалардың өнерін шыңдау үшін мәдениет саласында  134 үйірме жұмыс істеп, қатысушы балалар саны жыл санап артып келеді, – деді аудан басшысы.

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт — ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі гүлдей жайнаған бүлдіршін – еліміздің ертеңгі  тірегі, ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жердің иесі. Шара өнерлі балғындардың концертіне ұласты.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<