БАҚ өкілдері спорт кешендерінің жұмысымен танысты

317

0

Бүгінде облыстың спорт саласы ерекше қарқынмен серпінді дамуда. Әсіресе, облыс орталығындағы заманауи спорт кешендері бұқаралық спортпен айналысушылардың санын арттыруға ықпал етіп, ел намысын қорғайтын спортшыларды қолдауға қызмет етуде. Жалпы қазіргі таңда өңірдегі халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 44 пайызға жетті. Осыған орай, бүгін облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып, қаладағы бірнеше спорт кешендерінің жұмысымен танысу бойынша баспасөз туры өтті.

Атап айтқанда, Тасбөгет кентіндегі «№5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» 2023 жылы ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Бұл нысанның жалпы ауданы – 540 шаршы метр. Онда еркін күрес, таеквандо, қазақ күресі, самбо, каратэ спорт түрлерінен 438 спортшыны дайындайды. Оның ішінде, еркін күрес – 103, таеквандо – 112, қазақ күресі – 94, самбо – 60, каратэ – 69 спортшы бар. Ал, жаттықтырушылар саны – 14. Биыл қазан айында аймақ басшысының қатысуымен құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Үстел теннисі орталығы» спорт сүйер қауымның игілігіне берілген болатын. Бұл спорт кешені күніне 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Жаңа нысан халықаралық стандартқа сай салынған. Тиісінше, онда 16 теннис үстелі мен 350 адамға арналған трибунамен қамтамасыз етілген. Бір мезетте 32 спортшы жаттыға алады.

Жалпы облыстағы үстел теннисі бөлімшесінде 3 жаттықтырушы-оқытушы 200-ге жуық жасөспірімді спортпен тұрақты шұғылдандыруда. Одан кейін БАҚ өкілдері қаладағы «Мұз айдыны» орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық 2013 жылдан бері спорттың түрлі бағыты бойынша қызмет көрсетуде. Спорттық-сауықтыру кешенінде сырғанау мұз айдыны, волейбол, баскетбол-командалық ойындар залы, жекпе-жек үшін оқу-жаттығу залы, сонымен бірге спорттық билерге арналған хореографиялық сынып қарастырылған. Қызылорда қаласындағы «Евразия спорт кешені» облыстағы ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық-сауықтыру және дене шынықтыруды дамытуға ерекше үлес қосуда. 2024 жылдың оқу жылында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, жүзу, дзюдо, шорт-трек және бокс бөлімшелері оқу-жаттығу сабақтарын белсенді жүргізуде. Онда 11 жаттықтырушы және 1 хореограф бар. Қазіргі таңда спорт мектебінде спорттың 6 түрінен 30 топта 402 спортшы шұғылданады.

Келесі спорт кешені «Наман ата» қоғамдық қорына қарасты «Мың бала» спорт кешені 2022 жылы ашылған болатын. Аталмыш спорт кешенінде 12 түрлі спорттық үйірме бар. Олар: грек-рим күресі, бокс, дзюдо, қазақша күрес, кикбоксинг, баскетбол, волейбол, футбол, самбо және ұлттық (халық) би. Бүгінде бұл спорт кешенінде 1000-ға жуық оқушы тәрбиеленуде. Олардың ішінде 22 Қазақтан Республикасының чемпионы, 1 Әлем Чемпионы бар. Жыл басынан бері 21 спорт шеберіне үміткер Сыр елінің намысын қорғау үшін тыңғылықты дайындалуда. Баспасөз турының соңында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов БАҚ өкілдеріне спорт саласында атқарылған жұмыстар мен облыстағы спорт кешендері туралы сұхбат берді.Айта кетейік, өңірде 328 597 адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады немесе ол облыс тұрғындарының 39 пайызын құрайды. Осы жылдың соңына дейін бұл межені 40 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Қызылорда облысының дене шынықтыру,

спорт және туризм басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<