Қытайлық kazakcnr.com сайтында ҚХР фольклор қоғамының және Шынжаң жазушылар қоғамының мүшесі, журналист, жазушы Қапас Әсейінұлының сиыр жылымен қоштасқан, барыс жылын қарсы алған, қазақ халқының жыл санауындағы дәстүрлі таным-түсініктерді қаузаған мақаласы жарық көрген.Біз төменде осы мақаланың өзекті деген тұстарын қысқартып оқырманға ұсынамыз. Барыс – аңның айбарлысы.
Барыстың бір аты – айбар. «Айбарлы адам», «айбарынан адам шошиды» дейді. Айбарлы адам дегенімізде сұсты, десі басым, салауатты, құрметті деген сияқты ұнамды мағыналарда қолданысқа түседі. Жонын көрсететін адамдарға «айбарланба, айбарыңды көрсетпе» деп жатады. «Барыстай болсын айбатың!» дейтін бата жолдары, «Барыстайын байқатпай, бассалатын мінез бар» дейтін өлең жолдары бар.
Барыс жаз айларында теңіз деңгейінен 5500 метр айналасындағы биік шалғынды жерлерде жортады. Қыста 1800 метр айналасындағы жерлерден азық аулайды. Асқар тауға арқасын төсеп, ақбас таулардың басын мекендейді. Барыс жыртқыш, епті, шапшаң, тауға шығуға дағдыланған. Барыстың ұрғашысын таутан, баласын алан дейді.Бұрында балаларды «Таутан келіп қалады» деп қорқытатын әдетіміз болған, олай болатыны аланы өлген таутан жас төлдің қайсысы болса да ұрлап әкетіп емізеді екен деседі. Көне көздердің айтуынша аланынан айырылған таутан көбінесе жас баланы ұрлайтын көрінеді. «Алма апаннан аланды, таутан ұрлар балаңды», «Таутанын тастап барыс ат, жаға болар ішікке» дейтін мақал-мателдер бар.«Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы болып саналады. Барыс жылы жанға жайлы болады, сонан «Барыс жылы барыңды ек, тым болмаса тарыңды ек» дейді халқымыз…Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады. Барыс жылы барыстың айбарын берсін, барыс жылы болса екен табыс жылы, ел мерейі үстем болсын, отбасымызға амандық берсін!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<