Бастауыш сыныпқа баланы дайындаудағы ата-ана рөлі

53

0

Бастауыш мектептегі бала – отбасының айнасы. Бала үйде көргендерін бейнелейді. Ата-аналар балаларымен не туралы сөйлеседі, олармен және басқа отбасы мүшелерімен қалай байланысады бәрін бала арқылы анық байқауға болады.
Бала үшін бірінші кезекте ана-ана жауапты. Олар көз алдында болып жатқанның бәрін айналасына таратып айтқанды жақсы көреді. Сондықтан ”Баланы тәрбиелегің келсе, өзіңді тәрбиеле” дегендей бала алдындағы үлкендердің сөйлеуі, жүріс-тұрысы бәрі маңызды. Бүлдіршіндер бір-бірімен дос болуы үшін де отбасындағы тәрбиенің рөлі зор.

Мектепке дайындыққа келетін болсақ, оны тамыз айында емес, баланың туылған сәтінен бастау керек деп есептеймін. Егер сіз бес жыл бойы балаға қызықты ақпарат айтып, бірге оқып, бірге ойын ойнайтын болсаңыз және көшеде әткеншекке мініп, ағаштарға өрмелеуге рұқсат етсеңіз, онда сіз бірінші сыныпқа баратын сенімді және сабырлы адам қалыптастырасыз.

Өкінішке орай, бүгінде балалар далада таза ауада ойнағаннан гөрі телефондағы ойындарға құмар. Тіпті кейбірі смартфоннан бас алмайды. Жаз айы — демалыс уақыты. Оқуға, әңгімелесіп, жаңа достар тауып, баланың өзін әлемнің бір бөлігі ретінде сезінетін уақыты.

Мұғалімдер балалардың сұраныстарына бейімделуге тырысады. Бірақ біз тек балалармен ғана емес, ата-аналармен де тығыз байланыстамыз. Баланың оқу үлгерімі жақсарып, қоғамға тез орнығуы үшін ата-ананың пікірі маңызды. Кейде өкінішке орай, «Біз үйде баламызбен жақсы жұмыс істеп жатырмыз, бұл сіз үйрете алмай жатқан» деген қатал ұстанымына тап боламыз. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді кейбір ата-ананың оқу процесін басқаруға деген ұмтылысы өте күшті. Бірақ бұл тіс дәрігеріне бару және оның кеңсесінде процесті басқаруға тырысу сияқты. Мектептің нақты ережелері бар. Мұны ата-аналарға ең басында жеткізу өте маңызды. Олардың мектепке, тәрбиешілерге және бағдарламаға деген сенімсіздігі туындамас үшін.

Баланың жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп өсуі, бойындағы адамгершіліктің орнығуы, туған үйдің жылуы – оның көкірегінде жылдар бойы сақталып, әр кез есінде жүреді. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуі берекелі отбасының еншісінде. Отбасының әрбір мүшесі береке-бірлікке ұйып, әр іске сүйіспеншілікпен араласса, ол шаңырақта өскен бала да зейінді, еңбекқор болары сөзсіз.

Дана Бөлекбай,
№277 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі,

Қармақшы ауданы,

Байқоңыр қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<